Бүгін Тараз қаласы «Бәйтерек» мөлтек ауданында 60 пәтерлі арендалық-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді.
Пәтер кілтіне ие болғандар негізінен тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері. Тұрғын үй 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Құрылысын мердігер «Бином» ЖШС-гі жүргізген. Нысанда 3-бөлмелі - 30, 2-бөлмелі - 15, 1 бөлмелі – 15 пәтер бар. Ондағы 3 бөлмелі пәтердің ауданы -71, 2 бөлмелі - 58, 1 бөлмелі - 40 шаршы метрді құрайды.Бүгін пәтер алғандар қатарында 12 жетім бала, 31 әлеуметтік жағынан қорғалған, 17 мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкері бар.
Айта кетейік, пайдалануға беріліп отырған көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалатын топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз беріледі. Арендалық айлық төлем көрсеткіші – 5500-6000 теңгені құрайды.
Еске салсақ, Жамбыл облысы бойынша 2019 жылға бекітілген тұрғын үй құрылысының жоспары - 465,4 мың шаршы метрді құрайды. (Оның ішінде: көппәтерлі тұрғын үйлер – 140 241 шаршы метр, жеке тұрғын үйлер – 325 153 шаршы метр.)
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына барлығы 16,7 миллирад теңге қаралды. Бұл қаржы есебінен 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен 14 инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыру жоспарланған.
Атап айтар болсақ, 2019 жылы 27 көппәтерлі тұрғын үй тапсырылуы тиіс болса, 3-еуі 2020 жылға өтпелі. Жалпы, үстіміздегі жылы бюджет есебінен 2175 адамды пәтермен қамту көзделген. (Оның ішінде: кредиттік 1460 пәтерлі 21 үй, арендалық 526 пәтерлі 7 үй және 187 пәтер кезектегі көпбалалы отбасыларына сатып алу жоспарланған).
Сонымен қатар, 1704 гектар тұрғын үй алқабы (8272 участок) инженерлік–коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылатын болады.