27 сәу, 2022 сағат 12:40

Таратылатын сегіз банктегі депозиттер 31 мамырға дейін БЖЗҚ-ға аударылады


Таратылатын сегіз банктегі депозиттер БЖЗҚ-ға 31 мамырға дейін аударылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазақстандықтар әлі күнге дейін өздерінің 2,3 млрд теңге жинақ ақшаларын талап етуге асығар емес. Бүгінде бұл қаражатты үйден шықпай-ақ, онлайн түрінде немесе агент банктердің бөлімшелеріне барып алуға болады.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (Қор) басшылығы лицензиясынан айырылған банктердегі салымдар бойынша кепілдік берілген өтемді қалай және қай мерзімге дейін алуға болатындығын айтып берді. 

Қор Төрағасы Әділ Өтембаев қазіргі уақытта елімізде 9 банкте тарату үдерісі жүргізіліп жатқандығын, олардың салымшыларына өтем сомасының 98%-дан астамы төленіп қойылғандығын, ал мұның 113,1 млрд астам теңге болатындығын жеткізді.

«Таратылатын сегіз банктен төлемдерді соңғы күнін қоса алғанда биылғы жылдың 1 мамырына дейін алуға болады. Ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ басқа банктерге қарағанда лицензиясынан кейінірек айырылғандықтан оның салымшылары үшін соңғы төлем күні – соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесі», - деді Әділ Өтембаев. 

Кепілдік берілген өтемді алуға өтінішті Төлемдердің электрондық порталы (ТЭП)арқылы онлайн түрінде беруге болады. Мұнда өтініштің орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік бар. Салымшылар таратылатын әрбір банк бойынша өтем төлеуге тағайындалған агент банктердің бөлімшелеріне жазбаша өтінішпен жүгіне алады. 

Төлем мерзімі аяқталған соң, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki», «Эксимбанк Қазақcтан» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының талап етпеген өтем сомалары олардың ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алуға арналған жеке зейнетақы шоттарына аударылады. 

Қор аударымды «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» ҚР Заңына сәйкес төлем мерзімі аяқталған күннен бастап, күнтізбелік 30 күн ішінде жүзеге асырады. Демек таратылатын сегіз банктің салымшыларының ақшалары БЖЗҚ-ға 31 мамырға дейін, ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ бойынша ағымдағы жылдың 2 тамызына дейін аударылады. 

БЖЗҚ мамандары өз кезегінде ақшаны жеке зейнетақы шотына аудару үшін салымшының зейнетақы қорына баруы міндетті еместігін жеткізді. 

Салымшы туралы мәлімет БЖЗҚ-ның ақпараттық ресурсындағы деректермен сәйкес келіп, оның қолданыстағы жеке куәлігі бар болған жағдайда кепілдік сомасы аударылады. Бұдан басқа салымшының зейнетақы жинақтары болуы шарт: жинақтар міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) ЕЗЖ есебінен болуы мүмкін. 

Төлем мерзімін дәлелді себептермен (әскери қызметке орналасу, депозитордың шетелде, бас бостандығынан айыру орындарында болуы, мұра қабылдауы және сот анықтаған өзге де мән-жайлар) өткізіп алған салымшы жазбаша өтінішпен және растаушы құжаттармен тікелей Қорға жүгінеді.

Толық ақпаратты салымшылар 1460 телефон нөмірі, сондай-ақ Қордың info@kdif.kzkdif@kdif.kz электрондық пошталарына сауал жіберу немесе @kdif_ask Телеграм-чатына сұрақ қою арқылы алуға болады.