24 қаз, 2023 сағат 11:48

Тапанша ұстаған бозбала ауруханада дәрігер мен науқасты соққыға жықты

Фото: Петропавловск.kz

Петропавл қаласында 17 жастағы жігіт тапаншамен балалар ауруханасына баса көктеп кіріп, дәрігер мен пациент қызды соққыға жықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл оқиға 23 қазанда сағат 11:30 шамасында болған. 17-18 жастағы үш жігіт аурухана ғимаратына рұқсатсыз кіріп келген. Медицина қызметкерлері мен күзетке де қарамаған. Барлық ескертуге балағат сөзбен жауап берген.

"Одан кейін екінші қабатта жатқан 15 жастағы қызға көтерілді. Оның сүйегі сынған. Соған қарамай, дәлізге шығарып, кушеткаға отырғызып қойды. Ал 17 жастағы жігіт оны қолымен басынан ұра бастады", - дейді аурухананың бас дәрігері Нұрлан Айманов.

Медбикелер де жүгіріп шыққан. Барлығы жанжалды тоқтатуға тырысқан. Сол кезде басбұзар қыздың балдағын алып, үшкір жағымен неврапотолог дәрігердің ішінен бір ұрған.

"Сосын қалтасынан тапаншаны алып шығып, бәрін қорқыта бастады, балағат сөз айтты. Одан кейін бірінші қабатқа түсті. Ал кетіп бара жатқанда есіктің шынысын сындырды, қолы қанап кетті. Төменде отырған балалар мен ата-аналар қорқып кетті", - дейді бас дәрігер.

Жасөспірім дала шығып бара жатқанда тағы бір пластикалық есікті теуіп сындырған. Ауруханаға қызметкерлері полицияны шақырды. Қазіргі кезде тергеу шаралары басталып кетті. Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірім осымен бірнеше рет агрессия танытып жатыр.

"Төртінші рет-ау деймін. Бірақ осы жолы тым қатты кетті, сол себепті біз полицияны шақырдық. Жарақат алған неврапотолог сот-медициналық сараптамадан өтеді", - деді Айманов.

Бірнеше ай бұрын басбұзар дәл сол қызды өзі әкелген. Сонда аяғында жарақаты болған. Жасөспірім кірген бойда балағат сөз айтып, травмотолог дәрігерді бетінен бір ұрған.