21 қар, 2022 сағат 11:16

Тамыздан бері көрінбей кеткен қазақстандық басшы тергеу изоляторында видеоға түсіп қалды

© facebook/Законопослушный гражданин

Бірнеше ай бойы үнсіз кеткен Солтүстік Қазақстан облысы Энергетика басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов тергеу изоляторында болып шықты. Онда оны "Хабар" телеарнасының түсіру тобы байқап қалған. Бұл ретте шенеуніктің ұсталуына қатысты әзірге ешбір ведомство ресми пікір берген жоқ, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Петропавловск.news сайтына сілтеме жасап.

Ілиясов бұған дейін Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары болған, кейін бірнеше жыл Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Былтыр қазанда Солтүстік Қазақстан Энергетика басқармасының басшысы болды.

Басылым мәліметінше, осы уақыт ішінде Ілиясов баспасөзге ашық болған, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық құрылымының әртүрлі мәселелеріне қатысты үнемі пікір білдіріп жүрген. Алайда биыл тамызда шенеунік кенеттен ақпарат кеңістігінен көрінбей кеткен.

Қылмыстық іс туралы қауесет тез тараған, бірақ ешкім ештеңені ресми растаған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет те ешқандай пікір білдірмеген.

"Қазақстандағы президент сайлауында "Хабар" телеарнасының түсіру тобы Петропавлдың тергеу изоляторындағы дауыс беру барысын түсіріп алған. Дауыс берушілердің бірі - Бақыт Ілиясов... Дауыс беру барысы туралы видеоны журналист Төлеген Иманов "Законопослушный гражданин" тобының парақшасында жариялады", - деп жазды басылым.

"Энергетика басқармасының қазіргі басшысы тергеу изоляторына қалай түскенін әлі білмейміз. Тиісті органдар пікір білдіреді деп күтеміз", - делінген жазбада.