12 сәу, 2022 сағат 12:56

Тамара Дүйсенова министрлікке оралуы туралы айтты


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова министрлікке оралуы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Үкімет отырысынан кейін журналистер Дүйсеноваға бірнеше сұрақ қойды.

"Халықты бір сұрақ мазалайды: Тамара демалды ма? Өйткені Назарбаев сізді осылай деп отставкаға жіберген еді", - деп сұрады БАҚ өкілдері.

"Мен барлық уақытта жұмыс істедім. (...) Бір ай уақыт беруді сұраймын, содан кейін сіздерге шығып, барлық сұраққа жауап беруге дайынмын", - деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысынан кейін тілшілерге.

Айта кетейік, 11 сәуірде Тамара Дүйсенова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.

2018 жылдың ақпанында Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде еңбек министрлігін басқарған Тамара Дүйсенованы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді кейінге қалдырғаны үшін сынға алған еді.

Елбасы Дүйсеноваға: "Тамара, айтшы, сен бұл жұмыстан шаршадың ба?" деген болатын.