23 қар, 2022 сағат 20:36

«TALQYLAU» партиялық алаңында сарапшылар сайлау қорытындысын талқылады


«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында «TALQYLAU» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы сарапшылар талқылауының тақырыбы президенттік сайлаудың қорытындысы тақырыбы болды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, өткен сайлау қазақстандықтардың саяси мәдениетінің өскенін айғақтайды.


«Биыл елімізде екі ірі саяси оқиға: жалпыхалықтың референдум және президент сайлауы болды. Егер 2021 жылы парламенттік сайлауда 7 миллионнан астам адам дауыс берсе, референдумға да, Президенттік сайлауға да 8 миллионнан астам адам қатысты. Бұл бүгінгі таңда қазақстандықтардың   мемлекетімізде болып жатқан барлық саяси процеске қатысуға және көптеген саяси мәселеде өзінің нақты пікірі бар екенін, елдің болашағына қатысты мәселелерді шешуде өз дауысының маңызды екенін түсінетінін айғақтайды», - деді  Жұлдыз Сүлейменова.

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры, профессор Марат Бәшімов сайлау өткізу кезінде халықаралық стандарттар толығымен сақталғанын атап өтті. 


«Халықтың еркін білдіру үшін барлық жағдай жасалды, түрлі қоғамдық бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларының кедергісіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Тіпті, елордада азаматтар тіркеусіз дауыс бере алатын учаскелер де жұмыс істеді. Алдағы парламенттік сайлауға заңның үстемдігін қамтамасыз етудің негізін қалағанымыз өте маңызды», - деді Марат Бәшімов.

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары басқа кандидаттарға дауыс берген және «барлығына қарсы» бағанын таңдаған сайлаушылардың пікірін ескеруі маңызды деп санайды.


«Жалпы, сол 1,5 миллионға жуық азаматтың пікірі міндетті түрде ескерілуі қажет. Олар ауылдық жерлерді дамыту, әйелдер құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сияқты және т.б. салалар бойынша саясаттағы өзгерістерді көргісі келеді», - деп атап өтті халық қалаулысы.

Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиеваның айтуынша, жуырда өткен сайлау азаматтардың билікке деген көзқарасының өзгергенін айқындап отыр.


«Адамдар билікті қандай да бір қасиетті, қол жетімсіз дүние ретінде қабылдауды қоя бастады. Бұл ең алдымен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нәтижесі. Осы тұжырымдама биліктің халыққа жақын болуын, онымен диалог құруын көздейді», - деді Мәдина Нұрғалиева.

Сонымен қатар, ол биыл Қоғамдық саясат институты алғаш рет exit poll өткізгенін атап өтті. Оның аясында 74 қала мен 242 ауылда 600 сайлау учаскесі қамтылып, 620-дан астам сұхбат алушы мен супервайзер 75 мыңнан астам сайлаушыдан сұхбат алды.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының саяси жұмыс департаментінің директоры Руслан Әлішев сайлаудың ең басты нәтижесі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасы аясында жаңа азаматтық қоғам қалыптастыру екенін атап өтті.


«Үгіт-насихат жұмысы ашықтық, нақтылық, әділдік, адалдық сынды қастерлі қағидаттарға құрылды. Үгіт-насихат науқанына қатысқан барша азамат осы қағидатты басшылыққа алды. Біз ондаған мың кездесу өткізіп, қоғамның диалог пен өзгеріске деген үлкен сұранысын байқадық», - деді Руслан Әлішев.

Белгілі тележүргізуші, «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Мақсат Толықбай диалог алаңының модераторы болғанын айта кетейік.


Еске сала кетейік, «TALQYLAU» пікірталас алаңын құру бастамасы «AMANAT»-тың 1 наурызда өткен кезектен тыс Съезінде партияны трансформациялау бағдарламасының бір тармағы ретінде жарияланған еді. Алаңда азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешетін ұсыныстар әзірлеу үшін сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері тұрақты түрде кездеседі.




Суретті түсірген Әли Ғалым