Ауғанстанда үш айдан астам уақыт бұрын билікті басып алған "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда және басқа да көптеген елдерде тыйым салынған) өкілдерінен жасақталған үкіметтің жетекшісі алғаш рет халыққа мәлімдеме жасап, өзге елдермен қарым-қатынасты жақсартқысы келетінін және елдің экономикалық мәселелерін шешуге күш салатынын айтты, деп хабарлайды Азаттық.
"Талибан" радикалды қозғалысының (Қазақстанда және басқа да көптеген елдерде тыйым салынған) негізін қалаушылардың бірі, үкімет жетекшісі Молла Хасан Ахундтың 27 қарашада халыққа жасаған аудио мәлімдемесі түрлі мәселелерді қамтиды.
"Бірде-бір елдің ішкі ісіне араласпаймыз және олармен экономикалық қарым-қатынасты жақсартқымыз келеді" деді Ахунд 30-минуттық аудио мәлімдемесінде.
"Біз барлық халықаралық қайырымдылық ұйымдарын арып-ашыған ауған халқына көмектерін іркілместен беруге шақырамыз" деді Молла Хасан Ахунд 27 қараша күнгі жолдауында.
Тәліптер үкіметінің жетекшісі егер АҚШ Ауғанстанның орталық банк резервіне шамамен 10 миллиард доллар ақша жіберсе, ел экономикалық дағдарыстан құтылар еді деп санайды. Оның пікірінше, ауған халқы елдің экономикалық тығырыққа тірелуіне "Талибанды" кінәламауы тиіс. Бұл жемқорлыққа батқан алдыңғы үкіметтің әрекетінің "жемісі" деді.