05 қаз, 2021 сағат 12:10

"Талибан" тәжік содырларын күшейтіп, ұйғыр жасағын Қытай шекарасынан шеттетті


Кейінгі екі аптада "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) Тәжікстанмен шекарада шоғырланған тәжік содырларын жаңа техника, қару-жарақпен қамтамасыз еткен. Тәжікстан арнайы қызметіндегі құпия дереккөзі 4 қазанда Азат Еуропа/Азаттық радиосына осылай деп хабарлаған.

Дереккөз сонымен бірге "Талибан" Ауғанстанның Қытаймен шекарасына жақын аумақтағы этникалық ұйғыр жасағын сол маңнан шеттеткенін айтты. Ауғанстанның солтүстігіндегі Бадахшан провинциясына шоғырланған тәжік содырларының енді АҚШ-та жасалған қару-жарақтарды асынып, жаңа техникамен тұрғаны байқалған. 

Бадахшандағы бұрынғы әскери қызметкер бұл ақпаратты растады. Тәжікстан ресми орындарының хабарлауынша, бұрын Калашников автоматтары мен ескі жүк көліктерін мініп келген содырлардың қолына кейінгі екі аптада жаңа техника мен жабдықтар тиген. "Талибан" оларды тамыз айының ортасында ауған үкіметін басып алған кезде иемденген. Тәжік және ауған дереккөздерінің айтуынша, шекарада кемінде 200 тәжік содыры бар.