28 мам, 2023 сағат 17:21

"Талибан"* Иранға қарсы соғыс жариялады - БАҚ


сурет ашық дереккөздерден алынды

"Талибан" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым - ред.) Иранға соғыс жариялады. Бұл туралы "Талибан" жетекшісі Абдулхамид Хорасани мәлімдегенін халықаралық БАҚ-қа сілтеме жасап korrespondent.net сайты жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Журналистер мәліметінше, Ауғанстан мен Иран шекарасында ұрыс басталған. Талибан содырлары Иран аумағына қарай жылжып жатыр. Әскерилер қаза тапқаны айтылған.

Ауғанстан шекарасында су мәселесіне қатысты жанжал шықты. Гильменд өзені Ауғанстан тауларынан Иранның Систан провинциясына өтіп, үнемі құрғап жататын көлге құяды. Систан провинциясы қазір құрғақшылықпен бетпе-бет келіп отыр, ал Иран тәліптерді өзенге жаңа бөгеттер салып, суды бұрып жіберді деп айыптауда.

Иранның Irna ақпарат агенттігі мәліметінше, тәліп жасақтары тату көршілікті сақтамай, Сасоли шекара бекетін атқылай бастаған. Полиция басшысы орынбасарының айтуынша, тәліптер халықаралық құқық нормаларын мүлде елемей, Иранның оңтүстік-шығысындағы шекара заставасына жойқын шабуыл жасаған, бұл Иран шекарашыларының қатаң реакциясына себеп болған.

Ұлттық полиция қолбасшысының орынбасары, бригада генералы Касем Резаи сенбіде Иранның Ауғанстан шекарасына жақын Забол ауданындағы шекаралық полк бақылауындағы Сасули заставасына жасалған шабуылға қатты алаңдаушылық білдірді.

"Тәліптердің бастап атқылауынан кейін Иран шекарашылары қажетті ескертулер жасады, бірақ, "өкінішке қарай, бірнеше сағат бұрын атыс қайта басталып, қақтығыстар жалғасты", - деді ол.

Шекарадағы қақтығыстардан кейін ұлттық полицияның бас қолбасшысы, бригада генералы Ахмадреза Радан шекарашыларға нұсқау беріп, олардан "шекараны батыл және табанды түрде қорғауды және ешқандай бұзу мен қолсұғуға жол бермеу" туралы нұсқау берген.