04 ақп, 2020 сағат 14:46

Тальгодағы зорлық: Жолсеріктің әкесі жала жапқаны үшін жазаға тартылды

«Тальго» пойызында қызды зорлап, кінәлі деп танылған жолсеріктің әкесі де жалған ақпарат бергені үшін сотталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, азаматша К. С.Құрманизов пен А.Төрәлиеваны жала жапқандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жеке айыптаумен шағым түсірді.

«Тальго» пойызындағы жолсеріктердің зорлау қылмыстық ісі бойынша зардап шегуші азаматша сотталушының әкесі С.Құрманизов пен екінші сотталушының жұбайы А.Төрәлиеваны блогер Т.Бердоңғаровқа берген сұхбаттары барысында оны пойыз жолсеріктерінен ақша бопсалады деп қасақана жалған мәліметтер тарақандары үшін айыптады. Аталған сұхбат Т.Бердоңғаровтың YouTube-арнасында жарияланған.

«Бұған қоса, ол айыпталушылардан жалпы 15 млн теңге сомасында моральдық шығын өндіріп алу, сонымен қатар Т.Бердоңғаровқа YouTube-арнасындағы видеоны өшіруге және ондағы мәліметтерді теріске шығаруға мәжбүрлеу туралы талап қойды. Сот үкімімен С.Құрманизов жеке айыптаушының ар-намысына нұқсан келтіретін қасақана жалған ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария түрде таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы 2-бөлігі бойынша 6 ай мерзімге пробациялық бақылау қоюмен бас бостандығынан шектеуге сотталды. Соттың дәл осы үкімімен А.Төрәлиева ҚР ҚК 130-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасамаған деп танылды және қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды», - делінген таратылған ақаратта.

Істі қарау барысында сот жарияланған видеороликке психологиялық-филологиялық зерттеу нәтижесін назарға алған. Онда С.Құрманиязов зардап шегуші К. өздерінен 2 млн теңгеден ақша талап еткендігін айтады. Ал сотта анықталғандай, Құрманиязов бұл мәліметті шындыққа жанаспайтындығын біле тұра таратқан. Сот жазаны тағайындау барысында сотталушының бұрын қылмыстық жауапкерлікке тартылмағандығын, жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы жеңіл қылмыс санатына жататындығын және зардап шеккен азаматша К.-дан қатаң жаза тағайындау туралы өтініш түспегендігін қаперге алған.

Ал А.Төрәлиева аталған мәліметті өзінің сотталушы жұбайының айтқан сөздері негізінде хабарлағандығы анықталды. Яғни ол берген мәліметтері жалған екендігін білмеген. Сол себепті сот оны ақтады.

«Сот шешімімен С.Құрманиязовтан зардап шегушінің пайдасына 1 млн теңге моральдық залал мен сот шығыстары өндіріп алынды. Зардап шегушінің А.Төрәлиеваға қатысты азаматтық шағымы оның ақталуына байланысты қараусыз қалдырылды. Т.Бердоңғаровқа қатысты интернет-ресурстан видеоны өшіру және ондағы мәліметті теріске шығару туралы талап та қаралған жоқ. Себебі қылмыстық процесте қылмыстық құқық бұзумен тікелей келген шығынды өндіріп алу туралы азаматтық шағымдар ғана қаралады», - деп атап өтеді соттан.

Еске салайық, 2018 жылдың 26 қыркүйегінде «Нұрлы жол – Ақтөбе» бағытындағы «Тальго» пойызымен ғылыми конференциядан қайтып келе жатқан ақтөбелік бойжеткенді екі жолсерік зорлаған. Бұл туралы алғаш «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилованың Facebook-парақшасында жазды.

2019 жылдың 26 шілдесінде жолсеріктерге сот үкімі шықты. Күдіктілер жымысқы әрекетін іске асырған кезде пойыз Қостанай облысының Таран ауданы аумағында болғандықтан, іс Таран аудандық сотында қаралды.

«Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязовқа қатысты істі қарап, олар 120-баптың 1-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылсын және олардың әрбіріне 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілсін. Олар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейді. Сотталушылар сот залында қамауға алынсын», - деді Қостанайдың №2 қалалық сотында судья Сатыбалды Оразбай. Бұдан тыс, сотталушылардың әрқайсысы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл, сондай-ақ процестік шығындар үшін мемлекетке әрқайсысы 717 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Екі күннен кейін Бас көлік прокуроры сот үкімінің заңдылығы тексерілетінін мәлім етті. Себебі соттағы жарыссөз кезінде прокурор айыптауды толығымен қолдаған әрі айыптыларға 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуді сұраған. «Сот басқаша шешім қабылдады. Қазіргі кезде соттың үкімі заңға сай немесе қайшы екендігі және оның негізі тексеріліп жатыр», - деп жазды Бас көлік прокуроры Е. Сыбанқұлов Facebook-тегі парақшасында.

2019 жылдың 22 тамызында Қостанай сотында жолсеріктерге қатысты апелляциялық шағымдар қаралып, бірінші инстанциядағы үкімнің күшін жою туралы шешім қабылданды.

Осы жылдың 25 желтоқсанында Қостанайдың №2 қалалық сотында «Тұлпар-Тальго» пойызының жолсеріктеріне үкім қайта шығарылды.

«Сот үкімімен пойыз жолсеріктері Қолқанат Құрманиязов пен Жетес Үмбетәлиев ҚР ҚК 120-бабымен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейді», - деді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.