23 там, 2019 сағат 15:49

«Тальгодағы» зорлық: Судьялар Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуді сұрады

Қостанай облыстық сотының алқасы «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік қызды зорлаған жолсеріктерге шығарылған үкім бойынша апелляциялық шағымдарды қарағаннан кейін, Бас прокуратураның жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобына арнап жеке қаулы шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық кодекстің 120, 121, 122 және 123-баптарының санкциялары жыныстық қолсұқпаушылыққа қарсы қылмыстарды ауырлық деңгейі орташа қылмыстар санатына жатқызады. Бұл қылмыскерге не береді? Біріншіден, ол қатаң жазадан құтылады. Зорлықшыны сот ең көбі 5 жылға бас бостандығынан айыруы мүмкін, одан артық емес. Егер істі ауырлататын жағдайлар болмаса, жеңілдететін жағдайлар болса, онда сот ҚК-нің 55-бабына сәйкес, одан да аз – 2,5 жылдан артық емес мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын ғана белгілей алады. Екіншіден, қылмыскер ҚК-нің 68-бабына сәйкес, жәбірленушімен ымыраға келу арқылы жазадан құтылып кетуі мүмкін. Үшіншіден, ҚК-нің 72-бабы бойынша, жаза мерзімінің үштен бірін өтеген соң, бас бостандығынан айыру мекемесінен шартты түрде уақытынан бұрын шығуы мүмкін. Төртіншіден, мерзімнің өтелмеген бөлігін айыппұлға немесе жазаның жеңіл түріне  алмастыруға болады. Бесіншіден, қисынсыз жеңіл жаза алуы мүмкін. ҚК-нің 55-бабы егер қылмыскер жәбірленушіге материалдық және моральдық залалдың құнын төлеген болса, соттардың оған бас бостандығынан айыру жазасын белгілеуіне тыйым салады. Айыпты қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде жазасын өтейді. Өйткені ҚК сотқа оған қатаңырақ режім белгілеу құқығын бермейді», - делінген қаулыда.

Апелляциялық алқа Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуді, атап айтқанда, 120, 121 және 122-баптардың бірінші бөлігі бойынша тағайындалатын жаза мерзімін 5 жылдан 7 жылға ұзартуды; 55-баптың қолданылуына шек қоюды ұсынады. Бұл сотты жыныстық қылмыс жасаған адамды бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту міндеттемесінен босатады.

Бұдан бөлек, сот алқасы 91 және 93-баптарға өзгертулер енгізу арқылы міндетті түрде химиялық кастрация жасауды қарастыруды; ҚК-нің 132-бабының екінші бөлігіндегі жазаны қатайтуды, қосымша түрде «жәбірленушінің қызметтік тәуелділігін пайдалану жолымен» атты квалификациялау белгісін енгізуді ұсынып отыр.

Еске салсақ, 26 шілде күні Қостанайда «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік бойжеткенді зорлаған екі жолсерікке үкім шығарылған еді.