25 жел, 2019 сағат 16:03

«Тальгодағы» зорлық ісі: Сот шешімі өзгерді

Бүгін Қостанайдың №2 қалалық сотында «Тұлпар-Тальго» пойызында ақтөбелік бойжеткенді зорлаған екі жолсерікке үкім оқылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сот үкімімен пойыз жолсеріктері Қолқанат Құрманиязов пен Жетес Үмбетәлиев ҚР ҚК 120-бабымен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейді», - дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Айта кетейік, осы жылдың 26 шілдесі күні Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов сот үкімімен ҚР ҚК 120-бабының 1-бөлігіне сәйкес 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Еске салсақ, «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының басшысы Дина Смаилованың Facebook парақшасында жазуынша, 26 қыркүйек күні кешкі сағат 10-дар шамасында бойжеткен «Тальго» пойызының купесіне отырады. Купе ішінде бір ер адам болған. Заттарын қойып, пойыз мейрамханасының асханасынан тамақтанып келген кезінде купе ішінде арнайы форма кимеген жолсерік отырады. Ол әуелгі ер адамды басқа купеге ауыстырып жібергенін айтады. Қыз ұйқысы келгенін түсіндіріп, жолсеріктен купеден шығуын өтінеді. Сыра ішіп отырған жолсерік тек жарты сағаттан соң шығып кеткен. Алайда таңғы сағат 04:00 шамасында жолсерік бойжеткен жатқан купеге өз кілті арқылы ашып кіреді. Мұнан соң арам ойын іске асырады. Ізінше екінші жолсерік те келіп, бойжеткенді зорлаған.