20 қыр, 2023 сағат 17:31

Талғардағы оқиға: дәрігерлерді соққыға жыққан күдіктілер қамалды

Фото: Алматы облысы Полиция департаменті

Алматы облысының полициясы Талғар ауруханасының дәрігерлерін соққыға жыққан екі күдіктіні ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"19 қыркүйек сағат 10:35 шамасында Талғар ауданы ПБ-ның кезекші бөліміне қалалық аурухананың 27 жастағы реаниматологы мен 21 жастағы медицина қызметкерін белгісіз біреулер ұрып-соққаны туралы хабарлама келіп түсті.

Бұл дерек ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Талғар ауданының полиция қызметкерлері 1987 жылы туған Ш. есімді және 1994 жылы туған Н. есімді күдікті тұлғаларды анықтап, қолға түсірді.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін сараптамалық тексерулер тағайындалып, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр" - деп жазды Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram парақшасында.

Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабы шеңберінде жария етуге жатпайды.

Ұсталғандар 20 қыркүйекте УҰИ-ға қамалған. Сурет Алматы облысының полиция департаментінен алынды.