Талғарда мүгедек баланы азаптап өлтірді деген күдікпен күтуші келіншек изоляторға жабылды, деп хабарлайды КТК.
8 жасар Мұхамеджанның азапты өліміне қатысты істі балалар омбудсмені Зағипа Бәлиева өз бақылауына алыпты.
Жарымжан жеткіншекті азаптап өлтірді деп айыпталған күтуші Мейіргүл Жалымова ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау абақтысында жатыр.
"Бала өлімі туралы естіген бойда жергілікті ішкі істер бөлімінің басшысының өзімен сөйлестім. Әкімдіктен де болған жайтты анықтап сұрадық. Отбасыны көмексіз қалдырмаймыз. Бірақ әрине баланың орнын толтыра алмайды", — дейді балалар омбудсмені Зағипа Бәлиева.
Қайғылы оқиға болған күні кезекшілікке үш бірдей күтуші қалыпты. Бірақ неге екені белгісіз сол түні балалардың жанында әлгі күдікті әйел ғана болған. Қалғандары балалар бөлмесіне болары болған соң бір-ақ жеткен. Яғни, түн ортасында қалған тәрбиешілердің қайда жүргені беймәлім күйде қалып отыр.
Ал баланы тұншықтырып өлтірді деп күдікке іліккен 30 жастағы келіншек Өзбекстан тумасы екен. 3 баласы бар әйел қылмысын мойындап, бала мазасын алып қоймаған соң оны осылайша тыныштандырмақ болғанын айтқан.