Фото: Polisia.kz
Алматы облысының полицейлері бопсалаушылар тобын ұстады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
9 қыркүйекте Алматы облысы ПД ҰҚҚКБ-ға белгісіз тұлғаларға қатысты жедел ақпарат келіп түскен. Олар Талғар қаласының кәсіпкерінен зорлық-зомбылық қолдану арқылы ақша мен қымбат көлік талап еткен.
"Қылмыстық іс кәсіпкердің арызы негізінде Талғар ауданының полиция бөлімінде ҚР ҚК-ның 194-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (Алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған бопсалау) бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен Алматы облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері ақшалай қаражат алу кезінде Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары – 20-23 жас аралығындағы бес азаматты ұстады" - делінген хабарламада.
Кінәлі тұлғалар Талғар ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.