03 қар, 2020 сағат 16:56

Талғарда 78 жастағы кейуанаға қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды

Алматы облысында жалғызбасты кейуанаға жасалған қарақшылық шабуыл фактісі ашылды, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Талғар АПБ кезекші бөліміне Талғар қаласының 78 жастағы тұрғынының үйіне белгісіз біреудің басып кіріп, пышақпен қорқытып, ақшасын тартып әкеткені туралы хабарлама келіп түскен. Шығын сомасы 100 мың теңгені құрады.

«Оқиға орнына санаулы минуттарда жеткен Талғар АПБ патрулі жәбірленушіден қылмыскердің сыртқы келбеті туралы сұрастырып, іздеуге кіріскен. 30 минуттан кейін патрульдік полиция қызметкерлері мінез-құлқы күдік тудыратын, бұталар арасында жасырынған, жәбірленуші сипаттаған адамға ұқсайтын ер адамды ұстады. Оның қалтасынан бір бума ақша табылды», – деді Талғар АПБ бастығы Ерлан Қасым. 

Өзінің іс-әрекетін мойындаған күдіктіден жауап алу кезінде полицейлер егде әйелге шабуыл жасау дерегінің мән-жайын толық анықтады.

«Жұмыссыз күдікті қаланы мақсатсыз аралап жүріп, жалғызбасты әжейдің ақшасын тартып алуға бел байлаған. Өзін ешкім көрмеуі үшін үйге артқы жақтағы қоршау арқылы кірген. Ас үй пышағымен зейнеткерді қорқытып, одан ақша талап еткен. Қорыққан әжей оған 500 теңге ұсынған. Ұсынылған ақшаға көңілі толмаған күдікті әжейді күш қолданамын деп қорқытып, барлық ақшасын беруді талап еткен. Әжей қорыққаннан әмиянын алып шыққан. Ұсталған адам әмияннан барлық ақшаны алып, ізін суытқан. Жарты сағаттан кейін күдікті ұсталды», – деп толықтырды Ерлан Қасым.

Қазіргі уақытта бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабымен (Қарақшылық) тергеу амалдары жүргізілуде.