Фото: kris_p_talgar
Алматы облысы Талғар ауданында көкпар ұйымдастырғандар 10 тәулікке қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі мәліметінше, көкпаршылар қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, көліктердің жүруіне кедергі келтіріп, жүргізушілерге қауіп төндірген.
"Қазіргі уақытта полицейлер ат ойынын ұйымдастырушылар мен қатысушылардың бірқатарын анықтады. Олар әкімшілік заңнама нормаларына сәйкес "Ұсақ бұзақылық", "Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау жөніндегі талаптарды сақтамау" және "Көлік құралдарының жүруіне кедергі жасау" баптары бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот ұйымдастырушыға және басқа да қатысушыларға қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуға санкция берді", - деді облыстың Полиция департаменті өкілдері.
Ведомвство халық денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірмеу үшін ұлттық спорт ойындарын жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, ипподромдарда, арнайы бөлінген орындарда өткізу керек екенін және оны ұйымдастырушылар қатаң бақылауда ұстау керегін еске салды.
Еске салайық, Алматы іргесіндегі қала тұрғындары көкпаршылардың әрекетіне наразы болған еді. Куәгерлердің айтуынша, олар Талғар көшелерінде көкпар тартқан.