Талғарда жуырда ғана жөндеуден өткен №3 мектептегі оқушылардың арасындағы дүрбелең видеоға түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы "Пятый регион" сайтына сілтеме жасап.
Видео Instagram әлеуметтік желісіндегі kris_p_talgar парақшасында жарияланған. Кадрлардан сырткиім ілетін бөлмеден шыққан мектеп оқушылары еденге құлаған оқушыны аттап өтіп жатқаны көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, қыз есінен танып қалған.
"Мектепте жөндеу жұмыстары енді бітті, бірақ дүрбелең! Баланы басатын болды ғой, мектеп әкімшілігі қайда қарап отыр? Бұл балалар ғой. Қыз гардеробта құлап қалды, оны таптап кете жаздады, қарайтын күзетші де, мұғалім де жоқ. Бұны кім қадағалайды?" - дейді ата-ана видеода.
"Бұл оқиғадан кейін мектеп оқушылары сырткиімін сыныпқа апаратын болған. Өйткені штатта сырткиімді ілетін қызметкер жоқ", - делінген жазбада.
Кейін мектеп директоры осы жағдайға байланысты сөгіс алған. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.
"Оқиға кезінде кезекші мұғалім шығаберісте тұрған 6-сынып оқушысы қысылып, құлап қалған. Сыныптастары мен кезекші мұғалім оған тұруға көмектесті, оқушы есінен танған жоқ", - делінген хабарламада.
Қыздың жағдайы жақсы екені, оның денсаулығы мен өміріне қауіп жоқ екені белгілі болды.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 64-бабы 2-тармағына сәйкес мектеп директоры Ж.Құмарова тәрбие жұмысындағы олқылық үшін сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылғаны атап өтілген. Сондай-ақ, оған оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде тапсырма берілген.