Фото: Талдықорған қаласының әкімдігі
Ернат Бәзіл Әсет Масабаевтың орнына Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Жетісу облысы әкімінің өкімімен Ернат Дүйсенбекұлы Бәзіл Талдықорған қаласының әкімі болып тағайындалды" - делінген шаһар әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Бәзіл Ернат Дүйсенбекұлы 1978 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын құрлысшы инженер, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін қаржы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Алматы қаласында «Базис-А корпорациясы» ЖШС-ның учаске шебері болып бастап, осы серіктестікте прораб, учаске бастығы болған. Бірнеше жыл Астана және Алматы қалаларындағы жеке құрылыс компанияларында түрлі қызметтерде істеді.
Әр жылдары Алматы қаласының құрылыс басқармасында жетекші маман, бас маман, бөлім бастығы, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды.
2023 жылдың ақпан айынан Жетісу облысы әкімінің орынбасары болды.
Сондай-ақ Жетісу облысы әкімінің өкімімен Әсет Дүйсебекұлы Масабаев өз еркімен Талдықорған қаласы әкімі лауазымынан босатылған.