Фото: Polisia.kz
Талдықорғанда жедел жәрдем көлігінің қатысуымен болған жол апатында ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 30 қазанға қараған түні Талдықорған қаласының орталығында Audi 80 және Hyundai Solati автокөліктерінің қатысуымен болған.
"54 жастағы жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Балпық би көшесімен келе жатып, жол жиегінде тұрған Audi көлігімен соқтығысады.
Соққы кезінде неміс көлігінің 37 жастағы жүргізушісі жолаушысымен бірге көліктің артқы дөңгелегін ауыстырып жатқан.
Жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Сондай-ақ 36 жастағы ер адам түрлі дене жарақатымен аурухананың реанимация бөліміне жатқызылды" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабының 3-бөлімінде көзделген тергеу амалдары басталды. Қылмыстық істі тергеуді облыстық полиция департаменті бақылауға алды.