13 қаз, 2022 сағат 18:48

Талдықорғанда жатақхана коменданты студенттердің атына кредит рәсімдеген

© Sputnik / Абзал Калиев

Талдықорғанда жатақхана коменданты студенттердің атына 14,7 млн теңге несие рәсімдеген. Алаяқтық фактілерін анықтауға жергілікті блогерлер көмектесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жәбірленушілердің айтуынша, студенттер жатақханасының 41 жастағы коменданты алдымен науқас ұлын желеу етіп көмек сұраған. Соңынан оларды алдап, үлкен сомаға тауарлық несие алуға мәжбүрлеген.

Полиция күдіктінің ұсталғаны туралы ақпаратты растады. Полиция Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

"11 қазанда күдікті ұсталып, қалалық полицияға айғақ беру үшін жеткізілді. Тергеу барысында зардап шеккен 10 студент пен 2 жатақхана қызметкерінің өтініштері бар. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 14,7 млн теңгеден асады", – деп хабарлады облыстық полицияның баспасөз қызметі.

Комендант студенттерге екінші деңгейлі бірнеше банктен алаяқтық жолмен тауарлық кредит алдырған. Ал өз қызметкерлеріне – интернет-қосымшаларды пайдалана отырып, ақшалай кредиттер ресімдеткен.

Күдікті айғақтар беруден бас тартты және денсаулығының күрт нашарлауына байланысты қазір ауруханада жатыр. Істі тергеу облыстық полиция департаментінің бақылауына алынды. Коменданттың басқа да заң бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.