10 мау, 2022 сағат 00:17

Талдықорғанда жас жігіт ерлі-зайыптыға оқ атты


Қару қолданып, ерлі-зайыптыны жаралады деген 24 жастағы күдіктіні Жетісу облысының полиция қызметкерлері ұстады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға сегізінші маусым күні Ескелді ауданының Қоңыр ауылында болды. Жас жігіт 34 жастағы жергілікті тұрғын және оның әйелімен жанжалдасып, ұрыс соңы төбелеске ұласқан.

Ведомство мәліметінше, күдікті ерлі-зайыптыға 12 калибрлі аңшылық мылтықтан оқ атқан.

Оның Mitsubishi Pajero көлігінде қару алып жүргені анықталды. Зардап шеккендер Талдықорған ауруханаларының біріне жатқызылды.

Жанжалға себеп күдіктінің ауыл көшесінде көлікпен жоғары жылдамдықпен жүріп, шаңды көтергені белгілі болды. Бұл жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.

Оған ескерту жасалғанымен, ол жауап ретінде жанжал шығарып, атыс қаруын қолданды.

"34 жастағы ер адам мен 31 жастағы әйел жарақат алды. Екеуі де ауруханаға жеткізілді. Қылмыстық тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша 24-бабын қолдана отырып жүргізілуде. Яғни "адам өлтіруге оқталу", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері күдіктінің бұған дейін ұрлық үшін үш рет істі болғанын айтты. Факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды.

Аңшылық мылтық тәркіленіп, заттай дәлел ретінде қылмыстық іс материалдарына қосылды.