Талдықорғанда қоқыс жәшігінен жаңа туған сәбидің мәйіті табылды. Жетісу облысының полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полиция департаментінің мәліметінше, бүгін таңғы 7:00 шамасында аула сыпырушы қоқыс жәшігінен сәбидің мәйітін тапқан. Құқық қорғау органының қызметкерлері денені сараптама жасау үшін мәйітханаға алып кетті.
"Қазіргі таңда анықтама дайын емес. Өйткені сарапшылар оқиға орнынан әлі келмеді. Таңғы 7-де 7-шағынауданның аула сыпырушысы көріп, полицияға хабарлаған. Оқиға орнына барсақ, шынымен де жаңа туған баланың мәйіті жатыр. Кіндігі кесілмеген. Қыз бала екен. Қазіргі уақытта анасын анықтау жұмыстары жүргізілуде", – деді облыстық ПД қызметкері Ернар Сайдилдин.
Қазір оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр. Әзірге баланы қоқысқа кімнің тастап кеткені белгісіз.
Айта кетері, шақалақтың денесі Талдықорғандағы 7-шағын аудандағы 17-үйдің қоқыс жәшігінен табылған.