Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған бір топ кәсіпкерлер, инвестициялық тартымдылығы зор аудан басшылары мен салалық басқарма басшылары Өзбекстанға ресми сапармен барды. Алдымен Төле би бабамызға құран бағыштаған жетісулықтар ресми кездесулерді бастап кетті. Бұл туралы Алматы облысы әкімі баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарлады.
Хабарламада өңір басшысы әуелі «Узагротехмаш» компаниясына тиесілі Ташкент трактор зауытының жұмысымен танысқаны айтылды. Әрі кездесу барысында Амандық Баталов техниканы сатып алып қана қоймай, оны Жетісуда құрастырудың екі тарапқа да тиімді болатынын тілге тиек еткен. Ол үшін Алматы облысының мүмкіндігі зор екендігін алға тартқан облыс әкімі "Талдықорған" индустриалды аймағынан жер бөлуге дайын екенін, сол жерде жинақтау цехін ашуды құптайтынын жеткізеді.
Өз кезегінде бұл ұсынысты құп көрген Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Нодир Отажонов Ташкент тракторларының Қазақстан нарығындағы сұранысын зерделеп, тиімділігін анықтау үшін арнайы жұмыс тобын жіберетіндігін алға тартқан. Қазір зауыт жылына 6 мың ауылшаруашылық техникаларын шығаруда. Салыстырмалы түрде алғанда былтыр бұл көрсеткіш 1,5 мың дананы құраған.
Ғалмұрат Жүкелдің айтуынша, бұдан соң Амандық Баталов бастаған бизнесмендер Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен өткізілген бизнес форумға қатысқан. Онда аталған аймақтың инвестициялық әлеуеті айтылып, жетісулық зауыт-фабрикалардың жұмыстары таныстырылып өткен.
Айталық, былтыр Алматы облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы сауда-саттық көлемі 36 миллион АҚШ долларын құрайды. Соның нәтижесінде облыс кәсіпкерлері 15,8 млн. долларды құрайтын тауар экспорттаса, импорт – 20,2 млн. долларға жетеді. Осы орайда, өзара ынтымақтастықты, сауда саттықты арттырудың оңтайлы жолын іздеген қос тарап бірқатар жобаларды да талқыдан өткізеді.
Тағы сол шетелден келген ақжолтай ақпаратқа сүйенсек, Амандық Ғаббасұлы бұдан соң жаңадан бой көтерген Ташкенттегі Қазақстан елшілігіне барып, елшілік ауласына ағаш отырғызады. Осы барыста Алматы облысы әкімі жаңа ғимаратта Жетісу өңірінің жеке бөлмесі әзірленіп, кәсіпкерлердің келіссөз жүргізулеріне мүмкіндік туғанын да атап өтеді. Өзбекстандағы ресми іс-сапардың алғашқы күні Алматы облысының мәдениет күндерінің ашылу салтанатымен қорытындыланып, 900 орындық "Түкістан" концерттік залында жетісулық өнерпазбардың мерекелік концерті өткен. Шара аясында өзбек ағайындарға ұлттық қол өнеріміз жайлы сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, Алтын адамның әшекей бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылып отыр.
Қозыбай ҚҰРМАН,
Алматы облысы