Талдықорғанда 27 наурызда «Алтын жебе» әскери жаттығуы кезінде тікұшақ апатынан қаза тапқан жауынгерлермен қоштасуға арналған митинг өтті. Жетісулықтар Орталық алаңға жиналып, ефрейторлар Айдын Абдильдинов пен Мирас Жұматаевты соңғы сапарға шығарып салды. Атап өтсек, апатта қаза болған 13 әскери қызметшінің 8-і Алматы облысының тумалары еді.
Алдымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаев сөз алып, марқұмдардың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары бойынша қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына заңнамада белгіленген барлық кепілді көмектер көрсетілетін болады. Басқа да моральдық-материалдық, психологиялық қолдаулар жасалады. Бұл көмек бір жолғы көмек болмауы керек. Мен гарнизондар бастықтарына қазақ тапқан жауынгерлердің отбасыларын қамқорлыққа алып, олардың балаларын оқыту, әлеуметтік мәселелерін шешу шараларын атқаруды тапсырамын. Қаза болғандарды мәңгі есте сақтау үшін мемориал тұрғызу жоспарлануда. Қызметтестеріміз өз әскери борышын адал орындағанын ескере отырып, олар мемлекеттік наградаларға ұсынылатын болады, - деді Н. Ермекбаев. Сонымен қатар жетісулық төрт азаматтың денесі тиісті медициналық сараптамадан өткізілу үстінде екенін де атап өтті.
Облыс әкімі Амандық Баталов та ауыр қайғыны бөлісіп, марқұм жауынгерлердің отбасыларына барынша көмек көрсетілетінін айтты:
- «Қайғыны бөліссең, азаяды», - дейді халқымыз. Бұл қайғылы оқиға бәрімізге де ауыр тиді. Қанша көмек көрсеткенімізбен, қайғыны бөлісіп көңіл айтқанымызбен, азаматтарды қайтара алмаймыз. Болған іске болаттай бекем болыңыздар. Біздің інілеріміз өздерінің борыштарын елдің алдында, Отанның алдында адал өтеді. Мен өз тарапымнан, Алматы облысының жұртшылығы атынан топырақтары торқа, жандары жаннатта болсын деймін. Батыр ұлдарымыздың аттарын мәңгіге сақтап, ұрпаққа үлгі етеміз. Артында қалған балаларына қамқорлық жасап, әрқашан көмек көрсету – біздің парызымыз, - деді А. Баталов.
Мұнан соң Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Алматы облысы Қарулы Күштері ардагерлер кеңесінің басшысы Рахым Қиргабаков сөз алып, азаматтардың Тәуелсіз елдің тыныштығын күзету жолында көз жұмғанын атап өтті. «Қаһарман жауынгерлердің есімі жадымызда мәңгі сақталады», - деді өз сөздерінде.
Митингіде жауынгерлерді еске алып, олардың құрметіне аспанға от атылып, гүл шоқтары қойылды.
Бүгін Талдықорғанмен қатар еліміздің бірқатар өңірінде жауынгерлермен қоштасу митингілері өтті. Соның ішінде Талғар, Кербұлақ аудандарында да өтіп, жұртшылық майор Тимур Құдайбердиев пен лейтенант Аслан Айтбаевты соңғы сапраға шығарып салды. Ал өзге төрт марқұмның денесі тиісті сараптамадан өту үстінде. Сараптама аяқталғаннан кейін, ол жауынгерлерге арнап осындай рәсімдер атқарылатын болады.
Атап өтсек, Алматы облысының әкімдігі әскери жаттығу кезінде қаза болған жетісулық азаматтардың отбасыларына 1 млн. теңгеден көмек көрсететін болады. Сонымен қатар жерлеу рәсімдерін атқаруды көтеріп алмақ.