03 ақп, 2020 сағат 12:58

Талдықорғанда терезеден құлап өлген студент туралы жаңа деректер белгілі болды

Талдықорғанда колледж ғимаратының 3-қабаттағы терезесінен құлаған студент алғашқыда өзінің ауырып тұрғанын айтып шағымданған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тарих пәні болатын. Жаңағы студент өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтты. Мұғалім медбикеге бар деп ескерткен. Бірақ студент қыз бармаған. Қыз бармаймын деген соң мұғалім басқа оқушыны медбикені шақырып келуге жұмсаған. Медбике келгенше студенттер мен мұғалім сабағын әрі қарай жалғастыра берген. Сол кезде жаңағы ауырып отырған студент терезеден секіріп кеткен», - дейді Талдықорғандағы гуманитарлық колледж директорының орынбасары Бақыт Самалбаев.

Оның айтуынша, студенттің құлаған сәті колледж ғимаратындағы бейнекамераға түсіп қалған.

Бұл айғақты тергеушілер іске тіркеп, қазір «Өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 17 жастағы студент қыздың 3-қабаттағы терезеден құлап кеткенін хабарлаған болатынбыз.