«Отбасылық сот». Осындай тақырыппен Достық үйінде пилоттық жоба таныстырылып, Отбасы орталығы ашылды.
Салтанатты жиынға облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Қалдарбек Досымбет, Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Тәңірберген Қасымберкебаев, әйелдер істері және отбасылық-көші-қон саясаты жөніндегі комиссия хатшысы Жанна Оразғалиева, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева және облыстық жастар саясаты істері жөніндегі басқармасы басшысы Жомарт Қаратас қатысты.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қолға алған «Отбасылық сот» пилоттық жобасының мақсаты – отбасында орын алған жанжалдың, түсініспеушіліктің алдын алу. Оның шеңберінде отбасы-неке қарым-қатынасы саласында туындайтын дауларды қараудың жаңа тәсілі айқындалады. Жоғарғы Сот отбасылық дауды жан-жақты зерттеп қана қоймай, ерлі-зайыпты арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, тараптарды татуластырып, шаңырақты сақтап қалуға тырысады.
– Орталықта қызмет ететін судья, медиатор, психолог пен социологтың қызметі орасан зор. Олар дауласушы ерлі-зайыптының татуласуына, отбасылық құндылықты сақтап қалуға, ажырасу көрсеткішінің азаюына септігін тигізеді деген сенімдеміз. Пилоттық жобаның әлеуеті жайлы көпшілік білуге міндетті. Шаңырақта орын алған шиеленісті реттеу жөніндегі әрекеттер тізбегінде дауды сотта шешу ең соңғы мәселе қажет, – деп атап өтті Қ.Досымбет.
ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева отбасылық институтты нығайтып, құқықтық мәдениетті арттырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іс-шаралар жүргізу қажеттігіне тоқталып өтті.
Кездесу соңында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Еңлік КЕНЕБАЕВА