21 қар, 2022 сағат 16:27

Талдықорғанда оқушылар қару-жарақ пен оқ-дәрілер тапты


Талдықорғанда оқушылар жұмысы тоқтап тұрған зауыт маңынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер тауып алды - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Талдықорған қаласының мектеп оқушылары зауыт маңынан атыс қаруы мен оқ-дәрілерді тапты. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 2 ПМ (Макаров тапаншасы) және 30-дан аса патрон тәркіледі. Қарудың атуға жарамдылығын тексеру үшін сараптамаға жіберілді. Азаматтық борышын көрсеткен саналы жасөспірімдерді қалалық полиция басшылығы грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапаттады", - делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары балалардың ата-аналарына алғыс білдірді.

"Облыс полицейлері атыс қаруы мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған азаматтардың әрекетінде басқа қылмыстар болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын еске салады. Бұл ретте адамды қамауға алу кезінде, сонымен қатар оларға анықтау және тергеу әрекеттерін жүргізу барысында алынған қару "өз еркімен тапсыру" деп танылмайтынын ескеретеді", - делінген хабарламада.