Талдықорғанда көлік ішінен ер адамның мәйіті табылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап.
"13 желтоқсанда Талдықорған қаласының Көктем шағын ауданында өзіне тиесілі Toyota Hilux Pick көлігінің ішінен 47 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылды. Болжам бойынша ер адам атыс қаруын қолданып, өзіне қол жұмсаған" - делінген хабарламада.
Дерек бойынша қажетті сараптамаларды тағайындаумен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Оның барысында барлық мән-жайлар анықталады.
Айта кетейік, "ҚазАгроҚаржы" АҚ марқұмның Алматы филиалының экс-директоры Ержан Устаев екенін растады.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ ұжымы Ержан Устаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Ержан Устаев біздің компанияда 21 жылдан астам еңбек етіп, Жетісу өңірінің (Алматы облысы) ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор үлес қосты. Біз Ержанды жанашыр, шыншыл адам ретінде білдік", - делінген хабарламада.
Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, Ержан Ұстаев 1975 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданында дүниеге келген. 4 қыркүйекте ол 47 жасқа толды.