Фото ашық дереккөзден алынды
Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасының есепшісі бюджет қаражатын құмар ойындарға салып жіберген, деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, ол қызметкерлерге тиесілі жалақы мен зейнетақы жарналарын, дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаражатты 1 жылдан аса уақыт бойы алдымен өзіне аударып, кейін букмекерлік кеңсеге жіберіп тұрған. Жетісу облыстық Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері тергеуі нәтижесінде 28 жастағы маман 116 миллион теңгені қолды қылғаны анықталған. Қазір аурухана қызметкерлерінің міндетті төлемдері мемлекет есебінен толық қайтарылды.
"Қазір күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр. Қылмыстық ісі сотта қаралып жатыр. Қылмыстық іс бойынша оның жасаған әрекеті ауыр қылмыс санатына жатады. 7 жылдан 12 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - дейді Жетісу облыстық Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Аслан Бидасов.