Талдықорған қаласындағы 6-шы шағын ауданда ҚР Конституциясы күнінің қарсаңында Алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығы іске қосылды. Жаңа шағын аудандардың тұрғындары, яғни 16 мың адам мұнда барлық қажетті медициналық көмек түрлерін ала алады. Орталық бір ауысымда 320 адамды қабылдауға лайықталған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Медициналық мекеме заман талабына сай құралдармен толық жабдықталған, триаж-жүйесі енгізілген. Мұнда 68 білікті маман медициналық қызмет көрсетеді, ондағы 20 дәрігердің 11-і – жоғары санатты. Бір салаға маманданғандар арасында педиатр-консультант, невропатолог, кардиолог, хирург, травматолог, отоларинголог, эндокринолог, акушер-гинеколог, офтальмолог, УЗИ-диагностика дәрігері, психолог бар.
Атап өтсек, мұндай орталықтар жуық арада қаланың басқа да шағын аудандарында, коттеджді қалашықта ашылатын болады.
Жалпы Алматы облысында 806 медициналық мекеме, оларда 5 мыңдай дәрігер медициналық қызмет көрсетеді. Алғашқы медико-санитарлық көмекті дамыту мен жаңғырту - жұмыстың басты бағыттарының бірі. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында биылғы жылы Алматы облысында 11 нысан салу жоспарланған: 9 дәрігерлік амбулатория, Райымбек және Кербұлақ аудандарында бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын 2 емхана пайдалануға беріледі. Сарқан аудандық орталық аурухана мен Шелек ауылындағы орталық аудандық ауруханада жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында емхананың құрылысы басталды. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ескелді, Көксу аудандарындағы орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жоспарланған.