Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін Ұлыстың Ұлы күнінде Талдықорған қаласында Ұлы Абайдың ескерткіші ашылды. Ақынның мүсіні Бикен Римова атындағы драма театрдың алдына қойылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Парламент Сенатының бірқатар депутаты, Абай облысынан арнайы өкілдер, сол қатарда Құнанбай қажының тікелей ұрпағы - Хусман Верлишев, сол сияқты өнер майталмандары, өңірдегі ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Ескерткіштің ашылу салтанаты Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымының үзіндісімен басталды. Қойылымда Б.Римова атындағы драма театрының әрістерімен бірге басты рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Болат Әбділманов өнер көрсетті.
Кейін ескерткіш ресми түрде ашылып, алдына гүл шоқтары қойылды.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жетісулықтарды айтулы тарихи жаңалықпен құттықтап, Абай ескерткіші ашылуының Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен символдық мән бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында Жетісу жерінде Абай ескерткішін орнатудың орындылығына назар аударып, осы іске қозғау жасағанын еске салды.
- Қалалық қоғамдық кеңестің шешімімен ескерткіштің Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылуы өнер ордасының рухын одан сайын биіктете түсті. Абайдың сөзімен айтсақ, «Мал жұтайды, өнер жұтамайды». Бұл - руханияттың ғұмыры мәңгілік екенінің айқын айғағы. Осы игі шараның Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Наурыз тіршіліктің нәрі, барша игіліктің қайнар көзі болса, Абай – қазақ халқына рухани серпіліс әкеліп, ұлттық сананың жаңғыруына жолбасшы болды. Сондықтан осы екі қастерлі құндылығымыздың бір-бірімен астасуы, қуаныштардың қатар келуі заңды, - деді Исабаев.
Облыс әкімі қоғамның қай тақыбырын болсын өз шығармашылығында кеңінен қамтыған қайраткер ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің маңызы әлі күнге өзекті екенін тілге тиек етті.
- Халықтың мүддесінен, көптің мақсат-мұратынан туындаған сол тақырыптар әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қайта ондағы адамгершілік құндылықтар, мораль философиясы, толық адам ілімі жыл өткен сайын жаңғырып, заман озған сайын жаңа қырлары ашыла түсуде. Қазақстанның жаңа дәуірін жасап, әділетті қоғам құру барысында біз тағы да Абайға жүгінеміз. Ақын айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек әрқайсымызға аса қажет екенін ұғынамыз. Осы үш асыл қасиеттің адамды алға жетелейтінін, ақиқатқа бастайтынын түйсінеміз. Абай қазақпен бірге жасайды. Оның шығармалары бүгінгі қоғамға ғана емес, келешек ұрпаққа да рухани нәр беріп, терең тағылымын танытатыны анық, - деді Бейбіт Исабаев.
Ол ескерткіштің идеясын ұсынған авторлардың бірі, белгілі сәулетші марқұм Ақмырза Рүстембековті терең ризашылықпен еске алып, шараға арнайы қатысып отырған мүсінші Мейірлан Әзмағанбетовке көпшіліктің атынан алғысын білдірді.
Мұнан соң Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жетісулықтарға ізгі тілегін арнап, ескерткіштің ашылуымен құттықтады:
- Бүгін Жетісудың төрінде үлкен тарихи оқиғаға куә болып отырмыз. Абай «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос», - деп бекер айтқан жоқ. Бұл сөз осы 21-ғасырдың иығында тұрған біздің әрқайсымыздың санамызда жатталып тұруы керек. Абайдың жолы – әділеттің жолы, ар-намыстың жолы, ақиқаттың жолы, қанағаттың жолы, береке-бірліктің жолы. Абайдың жолынан айнымай, Абайдың аманатына адал болайық, - деді депутат өз сөзінде.
Құнанбай қажының ұрпағы Хусман Верлишев Абай облысы әкімінің және ақынның туған өлкесінің ыстық сәлемін жеткізіп, батасын берді. Бұдан әрі мереке Абай әндерімен жалғасты.
Жалпы ескерткіштің тұғыры гранит пен мрамордан дайындалған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры – 5,3 м, мүсіні – 3,6 м. Ескерткіштің сәулетшісі – Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, ұзақ жыл Сәулетшілер одағын басқарған сәулетші Ақмырза Рүстембеков. Мүсіншісі – Мейірлан Әзмағанбетов. Ол бұған дейін Талдықорғандағы Сүйінбай Аронұлының, Ғали Ормановтың, Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштерін, «Аялы алақан» композициясын жасаған.