Талдықорған қаласының орталық «Иман» мешіті «Мектепке жол» республикалық акциясына белсене қатысты. Имамдар мен қайырымды жандар 240 баланы алдағы оқу маусымына дайындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Талдықорған орталық «Иман» мешітінде 240 балаға арналған оқу құрал-жабдықтары салынған мектеп сөмкелері табыс етілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлының айтуынша, бұл акцияға өңір мешіттері жыл сайын белсенді түрде атсалысып келеді.
Биылдың өзінде облыс орталығындағы имандылық шаңырақтары, «Зекет» қоры және «Жақсылықта жарысайық» еріктілер тобы өз үлестерін қосты. Олардың көмегімен жалпы сомасы 5 миллион теңгеге жуық қаржыға өңірдегі 1 500-ден астам оқушыға оқу құрал-жабдық әперіліп, мектеп формалары таратылды.