10 шіл, 2020 сағат 19:32

Талдықорған дәріханаларында вирусқа қарсы дәрі-дәрмек екі есе қымбатқа сатылғаны анықталды

Талдықорған дәріханаларында вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер екі есе қымбат бағаға сатылғаны анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында бірнеше дерек анықталып, нәтижесінде негізсіз баға өсірген дәріханалар тиісті жауапкершілікке тартылды.

«Естеріңізге салып өтейін, қалада жұмыс істейтін барлық дәріханалар тексеруден өтеді. Атап айтқанда, соңғы шара кезінде дәріханалардың бірінде «Ингавирин-90» вирусқа қарсы дәріні тиісті құжатсыз және екі есе қымбатқа сатқаны анықталды», - деді Талдықорған қалалық Полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа.

Оныфң айтуынша, бүгінгі күні жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмектерді тұрғындарға жоғары бағада саудалаған бірнеше дәріхана әшкереленді.

«Бұл жеке деректер емес екеніне сенімім мол. Біздің басты міндетіміз - азаматтарға медициналық қызмет көрсететін адамдар мен ұйымдар тарапынан заңсыз іс-әрекеттерді болдырмау, олардың жолын кесу. Өкінішке орай, тәжірибе көрсеткендей, мұндай ұйымдар, фирмалар мен жеке тұлғалар арасында қазіргі қиын жағдайды пайдалана отырып, «қалта толтыруды» немесе бизнес жасап қалуды ойлайтын адамгершілігі төмен жандар кездеседі», - деді Асқар Нұрсапа.