Қазір «Қазақстан тарихы» пәні барлық университеттерден алынып тасталды. Оның орнына «Қазіргі заман тарихы» деген пән енгізілді. Үкіметтің шешім шығып қойды. Ол алдағы 1 қыркүйектен басталады. Біз типтік оқу бағдарламасын жасап, оны Қазақстандағы барлық университеттерге тараттық. Ал енді Қазақстанның қазіргі заман тарихы қай кезеңнен басталды? Ырду-дырду айтыстың нәтижесінде министрлік «ХХ ғасырдан бастаңдар» деді. Тарихшылар бір шешімге келе алмады. Келе алмайды да. Өйткені бұрын біз ежелгі дәуірден бері қарай бүгінгі күнге дейін оқытатынбыз.
Өздеріңіз байқап отырсыздар, енді жағдай шынында да қиын. Осы мәселені айтып, біз, тарихшылар, айқай-шу көтердік. Бірақ осында отырған зиялы қауым өкілдері, көңілдеріңізге келмесін, тарихшыларды қолдаған жоқсыздар. М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов үшеуміз «Ұлт қорғаны – ұлттық тарих» деген мақаланы «Егемен Қазақстанға» зорға шығардық. Біз онда «Қазақстан тарихын» «Қазіргі заман тарихы» пәнімен ауыстыруға болмайтынын ғылыми түрде дәлелдеп айттық. Бірақ қолдаған ешкім болған жоқ. Ақырында өзіміздің басшылардың түсінбеушілігіне тап болдық. Өйткені министрлік жаңа пәнді қолдап отыр.
Неге бұлай? Кеңестік дәуірде Коммунистік партияның тарихы оқытылды. Өйткені партияға адал, кеңестер одағына шын берілген азаматты тәрбиелеу үшін сарай («сарай» деп отырғаным – билік), яғни партия тарихты «сарай ғылымына» айналдырды. Қазір де тарих – сарай ғылымы. «Қазақстан тарихының» екінші баламасын «сарай ғылымы» деп айтса, мен намыстанбаймын. Шынында да солай.
Осы жағдай неге орын алып отыр? Өйткені біздің шенеуніктеріміз Қазақстан тарихын «ғылым» деп қарамайды. «Пән» деп қарайды және «идеологиялық құрал» деп түсінеді. Ал біз үшін ол – ғылым. Халықтың тарихы. «Қазақ тарихсыз тұра алмайды. Әрбір қазақ – тарихшы. Тарих қазаққа керек», – дейміз. Ал шенеуніктер: «Бұл – математика, химия, физика сияқты пән. Бірақ бір айырмашылығы, ол – мемлекеттің саясатын насихаттауы керек. Бұл – идеологиялық пән. Сондықтан Ежелгі дәуірден, Орта ғасырдан бастап оқытам дегенді қойыңыздар», – дейді. Бізде қазақтың әрбір зиялысы өзін «тарихшымын» дейді. Бірақ шын мәнінде бізде тарих қалыптаспаған. Жапония, Қытай сияқты жазбаша тарихы дамыған елдерге барсаңыз, жүз томнан астам тарихтарын жазып тастаған. Бізде тарих бес томнан аспағанын жақсы білесіздер. Біз әлі ақтаңдақтарды зерттеп жатырмыз. Әркім өзінің руынан шыққан батырды мақтап жазып, тарихты әлі құрап жаза алмай жатырмыз. Шежіреден үкімет айналып қашады. Ал қазақтың тарихы, білесіздер, шежіре.
Осы отырған әрқайсыңыз кем дегенде 30 жазушының атын атап бере аласыздар. Ал 30 тарихшының атын атай алмайсыздар. Көп болса, бес-алты тарихшыны ғана білесіздер. Неге олай? Қазақтың тарих ғылымы қалыптасқан жоқ. Ол тәй-тәй басып, жаңадан жүріп келе жатқан жас бала сияқты. Қазақ тарихы бір жүйеге түскен жоқ. Көп том болып әлі жазылған жоқ. Соған байланысты, тарихшылар дәрменсіздікке ұшырап отыр. Маман тарихшылар саусақпен санарлықтай ғана. Біз кімге қарсы тұра аламыз? Мемлекеттік ұстаным мен халықтық ұстаным екі түрлі болып отыр. Қазақ тарихына деген түсінікке, ұстанымға қарасаңыз, биліктің бағыты басқа, халықтың бағыты басқа екенін бірден байқайсыз. Міне, осы айырмашылық қазақ тарихын осындай қайғылы жағдайға әкеп тіреп отыр.
Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы-ғалым:
“Қазақтың тілі мен тарихы – ұлттың алтын қазығы”
деген тақырыпта өткен қоғамдық талқылауда сөйлеген сөзі.