04 мам, 2022 сағат 17:12

Талапкерлер ҰБТ кезінде бейінді пәндерді ауыстыра алмайды


Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші мүмкіндігінде ереже бұзған талапкер екіншісіне жіберілмейді. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға екі рет мүмкіндік берілді. Бірақ, осы екі мүмкіндікте талапкерлер бейінді пәндерді ауыстыра алмайды. Егер, бірінші мүмкіндікте «математика+физика» тапсырса, демек, екінші мүмкіндігінде де тура осы «математика+физика» пәндерін тапсыруға міндетті. Осы жылғы ҰБТ-ның тағы бір ерекшелігі - бірінші мүмкіндікте ереже бұзған жағдайда нәтижелері жойылады және екінші рет тапсыруға жол берілмейді. Ал егер талапкер бірінші мүмкіндігінде сәтті өтіп, екінші мүмкіндігінде белгілі бір ережені бұзса, онда екі мүмкіндігінің де нәтижесі жойылады әрі гранттық конкрусқа қатыса алмайды. Сондықтан әрбір талапкерді акаедмиялық адалдық ұстануға шақырамыз», - деді департамент директоры Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, биыл тек құқық бағыты бойынша ғана шекті балл 70-ке көтеріліп отыр. 

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі. Сонымен қатар оларға арналған тестердің сапасы да, құрылымы да өзгерді. Тағы бір жаңашылдық академиялық адалдықты сақтау мақсатында тестіленушілердің тест нұсқасы таңбаланатын болады. Демек, әрбір тест тапсырушының жеке тест нұсқасы болады және таңбаланады. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі», - деді Әділет Тойбаев.