20 сәу, 2021 сағат 11:07

Талап етілмеген депозиттер 1 мамырдан бастап БЖЗҚ-ға аударылады

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры лицензиядан айырылған банктегі талап етілмеген депозиттерді Біырңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Осындай норма 2021 жылдың 1 мамырынан бастап қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) талап етілмеген кепілді өтем сомаларын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) есепке алу үшін БЖЗҚ-ға аудару тәртібін белгілейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданысқа енгізіледі. 

«Бұл дегеніміз, егер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болған және барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айырылған депозит салымшысы кепілдік берілген өтемді төлеу басталған күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына жүгінбесе, онда кепілді өтемнің талап етілмеген сомасын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) есепке жатқызу үшін БЖЗҚ-ға аударады», делінген хабарламада.

Бұдан басқа, 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-ны автоматты түрде (өтініш бермей) ашу үшін БЖЗҚ-ға алғаш рет түскен:

- салымшы-жеке тұлғадан өз табысы есебінен өз пайдасына немесе салымшыдан (жеке/заңды тұлғадан) алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарнасы; 

- ҚДКБҚ-дан кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы негіз болып табылады.

«Бұл ретте пайдасына төлемдер жүргізілетін жеке тұлғаны сәйкестендіру төлем тапсырысының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады, ал барлық қажетті мәліметтер: жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері туралы, тұрақты тұратын жері туралы, өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алатын болады», делінген хабарламада.

Егер азаматтың БЖЗҚ-да ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-сы бұрыннан ашылған болса, онда кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы осы шотқа есептеледі.

«ЖЗШ-ға есептелген кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомалары ЕЗЖ-ның басқа сомалары сияқты тәртіпте инвестицияланатынын атап өткен жөн.

БЖЗҚ-да ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары бар адамдар оларды 50 жасқа толған кезде, мүгедектік туындаған кезде, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетін немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар ретінде тұрақты тұруға кеткен кезде алуға құқылы. 

Жоғарыда көрсетілген жағдайлар басталғанға дейін талап етілмеген соманы қайтару үшін салымшы «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Заңға сәйкес ҚДКБҚ-ға өтініш жасай алады. ҚДКБҚ өз кезегінде БЖЗҚ-ға хабарлама жібереді және қайтару жүргізіледі. Бұл ретте, егер БЖЗҚ салымшысының ЕЗЖ бойынша шоты автоматты түрде ашылып, ҚДКБҚ-ға қайтарылғаннан кейін қаражат қалмаса, онда ол бір айдан кейін автоматты түрде жабылады», делінген хабарламада.