24 қаң, 2018 сағат 13:45

Таксистер Астана тұрғындарын тегін тасымалдайды

"Astana Taxi" бірегей қызметі "Қайырымды сапар" әлеуметтік акциясын бастады және жолаушыларды тегін тасымалдау үшін 11 автокөлік ұсынбақ, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Жолаушыларға таксомотор компаниясының есебінен қызмет көрсетіледі. 

"Акция елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған. Жүргізушілер қаланы аралап, тоқтап, тегін жеткізіп тастауды өздері ұсынады. Акция барысында баласы бар жолаушылар мен жасы үлкен адамдарға артықшылық беріледі", - делінген "Astana Taxi" баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Акция 24-25 қаңтар аралығында сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін жалғасады. Іс-шараға алты таксомотор компаниясы қатысады. 

"Барлық кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтарды осындай қиын кезеңде акциядан қалыс қалмауға шақырамыз", - дейді такси қызметі.