05 қыр, 2022 сағат 15:32

Тағы бес облыста өрт ошақтары пайда болды - Президент


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы өртті сөндіру жөніндегі жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қостанай облысында алапат өрт болып жатыр. Бұл жағдай тұрғындардың өмірі мен денсаулығына және елді мекендерге қауіп төндіреді. Өңірдің экономикасы мен табиғатына зор шығын келіп отыр. Өрт 4 аудан аумағына жайылды, тағы 5 обылста – Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмолада өрт ошақтары пайда болып жатыр», - деді Президент. 

Оның айтуынша, күннің ыстық болып, желдің күшеюі өртті одан әрі өршітті. 

«Мәселенің аса күрделі екені түсінікті. Сондықтан Үкімет пен Президент Әкімшілігіне тиісті тапсырмалар бердім. Өртті тоқтату үшін қажетті шаралар қабылданды. Осыған орай, барлық ресурсты дереу жұмылдырдық. Қостанай облысына басқа аймақтардан техника мен қажетті мамандар уақытылы жеткізілді. Төтенше жағдай министрлігіне Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері, Ұлттық ұлан көмекке келді. Бұл жұмысқа Орман шаруашылығы мен орман күзетінің жұмысшылары және теміржолшылар тартылды. Қазір төтенше жағдай бақылауға алынды. Өрт болған ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді», - деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, Қостанайдағы алапат өрт үшінші тәулікке созылды. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 43 мың гектардан асқан тілсіз жауды ауыздықтауға 2193 адам, 224 бірлік техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. 

Бір мезетте 3 аумақта табиғи өрт сөндіріліп жатыр - Қарабалық, Ұзынкөл және Әулиекөл аудандарында. 

Президент үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті. Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеу мәселесін қамтамасыз ету тапсырылды. 

Сонымен бірге төтенше жағдайды жоюға атсалысқан барлық азаматтың жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйлықтарға ұсынылатынын айтты.