15 қыр, 2021 сағат 12:14

Тағы 21 ауылда әкім сайланды


1 тамыздан бері тағы 21 елді мекенннің әкімі тікелей сайлау арқылы қызметке келген. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл 25 шілдеде еліміздің 730 ауылдық округінде алғаш рет әкімдердің тікелей сайлауы өткен. Бұл - бір реттік науқан емес. Әкімдердің өкілетті мерзімі аяқталуына қарай сайлау басқа елді мекендерде де өтеді. Іс жүзінде апта сайын Қазақстанның қандай да бір өңірінде ауыл тұрғындары өз әкімін сайлайды. 1 тамыздан бастап тікелей дауыс беру арқылы тағы 21 ауылдық округтің басшылары сайланды. Сонда бүгінге дейін барлығы 751 ауылдық округте әкім сайлауы өткен», - деп жазды Президенттің көмекшісі. 

Оның айтуына қарағанда, сайланған әкімдердің 86%-ын саяси партиялар кандидат ретінде ұсынса, 14%-ы өзін-өзі ұсынған. 

«Сайланған әкімдердің 50%-ға жуығы – бұрын әкім лауазымында жұмыс істеп көрмеген жаңа тұлғалар. Осылайша, тікелей сайланбалы жүйенің енуі ауыл әкімдері корпусының жаңаруына септігін тигізіп жатыр деп айтуға болады. Жыл соңына дейін тағы 70-тен астам ауылдық округте әкім сайлауын өткізу жоспарланып отыр», - дейді Ерлан Қарин.