29 қар, 2022 сағат 17:28

Таеквондодан Сүйіліш батырды еске алуға арналған республикалық жарыс өтті


Түркістанда таеквондодан өткен Сүйіліш батырды еске алуға арналған IV республикалық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы жарыста Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттері және еліміздің барлық аймағынан келген 700-ден астам спортшы бақ сынады. Дәстүрлі турнирде кадеттер, жастар мен жасөспірімдер 50 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.

Сүйіліш батыр кәсіби спорт клубының президенті Ержан Нұршиловтың демеушілігімен өткен сайыс жүлдегерлері диплом және медальдармен марапатталды. Жастар және жасөспірімдер арасында бірінші орын алған спортшылар мен жаттықтырушыларына қаржылай сыйлық табысталды.

Командалық есепте бірінші орын алған елордалық Қажымұқан спорт клубының өкілдері «Сүйіліш батыр» атындағы ауыспалы белбеуін иеленді. Жарыстың бас төрешісі Дәурен Алғабаевтың айтуынша, ереже бойынша қай команда екі жыл қатарынан жеңімпаз атанса, белбеу сол команда қоржынына бұйырады.

Түркістан облысының талантты спортшылары жеңіске жетіп, өздерінің мықтылықтарын көрсетті. Жастар арасында өңір намысын қорғаған 55 келідегі Ғани Құлымбет пен 68 келіде өнер көрсеткен Назым Махмұтова, 32 келіде Зарнигор Толкиновалар алтын алқаның иесі атанды. Ал, жасөспірімдер арасында сынға түскен 28 келіде Шұғыла Мырзахан мен 34 келідегі Айсәуле Махамбетке тең келер қарсылас болмады.