«КІШІ ҚИЯМЕТТЕГІ» ҚАЗАҚСТАН» хикая-дастандар шоғырынан
ТӘБРИЗДІК ШӘМІСТІҢ* МӘУЛӘНА РУМИГЕ*
ЖЫР ЖАЗДЫРҒАНЫ ЖАЙЛЫ ХИКАЯ
«Қиссадағы мақсат: одан сабақ алмақ; әйтпесе, мұның бәрі саған құр хикая айтып беру үшін емес!.. Бұл – сені мен менің дәл осы сәттегі хәліміз...»
Ж. Руми.
Биссмиллә-һи-Рахман-Рахим!..
...Жағалауда кеме тұр.
Тастапты оны шынжырлап,
Босатпастай қыл шылбыр бұлқынса да мың жылдап.
Көк төбеттей толқындар шапқан шақта арсылдап,
Жүзгісі бар кеменің айдындарға аршындап.
Безгісі бар – шынжырды быт-шыт қылып талшындап,
Төзгісі бар – сеңдер кеп сүйкенгенде талша ырғап.
Кезгісі бар – Ай сүңгіп аққан жайқын өлкесін,
Сүзгісі бар – Жай сүңгіп жатқан айдын кең төсін.
Тұрған шақта қан тамып туған Айдың ұшынан,
Жүргісі бар жан баспас аралдардың тұсынан.
Өткісі бар аждаһа-толқындардың тісінен,
Азуындай мұхиттың аран-жақпар ішінен.
Мұхиттардың ішінен көкке атылса от-құйын,
Соған қойып кетсе ғой, – қалған тірлік көк тиын!
Су астынан өртті ышық төгілгенде лақ етіп,
Ақ қауырсын-желкені жанса, шіркін, лап етіп!..
---------------------------------------------------------------------
Шәміс* әд-дин Мұхаммед әт-Тәбризи (1248 ж.қ.б.) – Жәләладдин Румидің рухани ұстазы.
Жәләладдин Руми (1207-1273) – «Шығыстың жеті жұлдызының» бірі. Ұлы софы-шайыр.
Жұлдыз біткен еңіреп, еңкілдеген Ай да Күн
Көргісі бар Ғаршының нұр-толқынды айлағын.
Сол Айлақтың толқыны орап алып құйынша,
Көкке самғап кетсе ғой, – маңдайға Хақ бұйырса!..
Бірақ әзір келмей тұр Жаратқанның Жарлығы,
Қиялында кеменің өтуде оның барлығы...
Ал кеменің үстінде төрт жүз мүрит күні-түн
Шарғы оқиды жалғап ап Мәуләнаға үмітін.
Аяқтай сап дәрісін, жыр жазады Мәуләна,
Ішіп көңіл дәрісін, сыр қазады Мәуләна.
Жан мен тәнін отқа өртеп тынатұғын талқы бұл,
Міне, осылай өмірді кешкеніне – алты жыл.
Осы тірлік соңында шалар болды ақ шашын,
Екпек еді қағазға – «мәснәуи бақшасын»?!.
Бәрібір ол шындықтың шығар емес шыңына,
Сүңги алмай қор боп жүр жүрегінің сырына.
Босата алмас шынжырдан құр аңсар мен құр тілек,
Сөніп қала береді жан үңгірін тінтіп от.
Сезімдердің дауылы соққанмен кеп бүркіп от,
Жанып кетпей тұр неге қауырсыны шырпы боп?..
Жасындары кісінеп шапқанмен көк бұлты көп,
Үзе алмайды кісенін аяғын құр сілкілеп.
Көк қапысын нажағай турағанмен күркіреп,
Сом шідері, ал мұны босататын сұрқы жоқ.
Еңсені езіп, төбесін торлап алған түн-түнек,
Күлер қашан аспаны: Ай аршылып, Күн түлеп?!.
Құр күрмеле береді ұшқыр қиял, епті ой-тіл,
Сезеді іші: жырына Ең Керегі жетпей тұр!
Міне, осынау дертінен болар емес ол азат,
Қинап отыр бүгін де жан мен тәнін сол азап...
Оқиды үзбей дұғасын, көкірегін от кернеп:
«Досты – бізге, ал бізді Шын Досыңа жеткер!..» деп.
Жүрек толы зертеңге, запыран мен зәр-у – іш...
Кірді кенет кемеге жүдеу өңді дәруіш.
Сәлемнен соң дәруіш ашты өзінің шын мәнін:
«Оқымақ ем, – деді жай, – Мәуләнаның жырларын...»
Қысқы өзенде шаншылып тұрған жаңғыз мұздақтай,
Мәуләнаның жазғанын оқып шықты ол міз бақпай.
Жылдар бойы жазғанын – түндер бойы көз ілмей,
Жан азабын тым құрса отырғаны-ай сезінбей.
Тейі қатты жан екен ақ қайыңның безіндей,
Шығатұғын кежір ғой – сіркесудан езілмей!
Мұз боп қатып қалғандай жүрек-сезім, мый-сана,
Ішкі әсерін білдірер жоқ жүзінде ишара...
Күрт өзгерді парақты отырған қол ашып көп,
Суға кенет бар жырды жібергені шашып кеп!..
Шәкірт біткен шу етті!..
Шошып кетті Мәуләна,
Ышқынып қап, әзер деп келді тілі тәубәға.
«Ей, дәруіш, жойдың ғой қазынамды сен менің,
Тәрк еттің ғой, суға ағып алты жылғы еңбегім!..»
«Мұздақ-адам» жылыды.
Үн жеткендей кереңге:
«Ей, Мәуләна, сен үшін Ең Керегі – өлең бе?..
Ұстаушы едің өзіңді Хаққа берген пендеше,
Бар мұқтажың жыр болса, қайтарайын, ендеше!..»
Соны айтты да дәруіш қарғып кетті кемеден,
Топ шу етті: «Жанықас жан еді, – деп, – не деген?!.»
Қағаз біткен толқында жатыр жайрап шашылып,
Ал әлгі адам... теріп жүр соның бәрін асығып.
Қалың мүрит ішіне жиып алып тұр демін,
Көрді әлгінің тобықтан суға батпай жүргенін!
Бұл сиқыр сәт барлығын алғандай-тын тұтқындап:
Судан алып бір қақса, – жырлы қағаз құп-құрғақ!
Тап осыны көргенде кетті кеме шайқалып! –
Шашау қылмай бірін де келді ол жырды қайта алып!
«Ей, Мәуләна, санап ал, түгел ме екен өлеңің? –
Қал жырыңды құшақтап, болса осы бар керегің!..»
Шыға берді дәруіш Мәуләнаға соны айтып,
Кеуде жеген қайғысын одан сайын молайтып.
Керіп кетті бір сезім кенет көңіл қанасын,
Нұр құйылып Ғарыштан сөгіп кетті санасын!
Талақ тілген пышақтай тас-жүрегін нұр тілді! –
Дәруіштің соңынан жанұшырып ұмтылды!
«Күмәнім жоқ, жіберді Құдай маған сені!..» деп,
Дәруіштің аяғын сүйіп жатыр еңіреп!..
Ышық толып жүрекке, толқып көңіл-кенере,
Кіреді ертіп Пірін ол құрметпен кемеге.
Жаңа ғана мүршит-тін, Піріне өтті билігі! –
Мынау болды шайхының берген тұңғыш бұйрығы:
«Жолдан ығыр болдым мен сапар шегіп мұншама,
Өзің барып дүкеннен шарап әкел бір шара!
Қалды білем жан-тәнді тозаң менен кір ұстап,
Шаңды, кірді қуайық, жуайық бір дұрыстап!..»
Шара қайсы Пірге енді?!
Ақшасын ап «сейфтен»,
Шығып кетті Мәуләна аң-таң қалған кейіппен.
Ойлап па еді болам деп жұрт алдында мұнша қор?! –
Бір баланы ұстап ап дүкен жаққа жұмсады ол...
Ішке кірген...
Пірінің өзгерді өңі кенеттен:
«Неге бала жұмсайсың?..
Өзің әкел демеп пе ем?!»
Өзі кетті дүкенге, бар-дүр қандай амалы? –
Жан-жағына қысыла қарап қойып шамалы.
«Мені ал!» дейді сөреде сыңсып тұрған көп арақ,
Шықты ол шапшаң шарапты шапанына орап ап...
Сол сәтінде-ақ суық сөз сумаң қағып ұрт кезген,
Еңсе езіліп баратыр сүзгілеген сырт көзден!
Ішке кірген... бұл жолы тым ашулы әпендің:
«Біз ішетін сусынды неге тығып әкелдің?!.
Кет, дүкенге қайта бар жалаңаяқ, жалаңбас,
Қарап тұрсын сүйсініп базардағы тәмәм мас!
Сол шарапқа қанып ап келіп отыр әлденгім,
Есіңе ұста: шараны үстіне тұт сәлдеңнің!
Ашық болсын ауызы, жұлып таста тығынын,
Құр жалатып жүрме тек түбіндегі жұғынын.
Төге көрме тамшысын сұқ көздерге арбалып,
Көрер болсын кейпіңді шаһардағы бар халық!..»
Тартты шайыр дүкенге: «Сыны шығар Хақтың!..» деп,
Мәз боп жатты сыртынан жақын сөгіп, жат тілдеп.
«Мүршит ішіп кетіпті!..»
«Мәссаған» да «мәссаған!» –
Деген сыпсың естісең, қайтер еді ес-санаң?!
Үшінші ірет шарапты келе жатыр қайта алып,
Ауызы ашық шарадан шашырайды шайқалып.
Сасқан шақта шайқалмай қалушы еді шара қай? –
Сәлде, көйлек, шалбары қан сықылды даладай!
Сұқ саусағын безеп тұр шәрдегі бар харам, нас,
Келеді бұл шаңдатып жалаңаяқ, жалаңбас!
Кірмегенге – қара жер!
Тірі кірді ол, өле ме?! –
Сөз бен көзге таланып зорға жетті кемеге!
Кіріп келсе... жарқырап отыр екен Пірмұған! –
Шапағына Күн орап, шашырады нұр бұған!
Көрді Нұрдың аққанын!
Берді Сырдың ақпарын! –
Жуып кетті Нұр мен Сыр жұққан шарап дақтарын!..
Сүйектегі кірлерін сүргілеп нұр жаңқалап,
Сәлде орнына Пір бұған сәуле орады шаңқан ақ!
Шарап толы шишаны сындырды да тасқа ұрып,
Сөйлеп кетті Пірмұған шәкіртіне бас бұрып:
«Қалдың бүгін, – деді Пір, – Қадир-Хақтың сынына!
Қандың бүгін қапысыз Саттарыңның шынына!
Түстің көрге, ал, бірақ шықтың Шындық Шыңына! –
Келгендігін не жетпей ұқтың ба енді жырыңа?!
«Халық қалай қарайды?»
«Ел не дейді мұныма?»
«Мынаны айтсам, – патшаның ілінем-ау қырына?!»
«Былай десем, – дұшпаным кетпес пе екен өшігіп?..»
«Ал мынаны басқаша қалмас па екен дос ұғып?..»
Осы ойлармен санаңды кісендедің сен бұрын,
Білдіруші ед періштең Ең Керектің кемдігін.
Ділді байлап көрдің бе темірқазық – бір ойға:
«Қайтіп, қалай жазғанда жағамын, – деп, – Құдайға?!»
Салмақ қандай сөзіңде, – құрса безбен Хақ-Тәңір? –
«Жұқтырман, – деп Серт қып па ең, –
Шындыққа – шаң, Аққа – кір!..»
Таппай тұрып өзіңнен діл дертіңнің себебін,
Қалай табам деп едің –
Ел дертінің дерегін?!
Нәпсі-пұтқа құл қылып, қылды сайтан кіл мазақ,
Өзің жүріп құлдықта, етпек едің кімді азат?!
Шықтың бүгін, шәкіртім, сол кісенді бұзып сен,
Кештің Шындық-Мұхитын ақ кемеше жүзіп сен!
Тайлықпадың сен бүгін, өттің тағдыр тезінен,
Ықпай қырттың сөзінен,
Бұқпай жұрттың көзінен!
Күмәндатып ойыңды, тұмандатып санаңды
Келген нағыз дұшпаның көрмейді енді қараңды!
Тілді күрмеп, ділді ірмеп, жүрегіңді қақсытып
Тұрған сайтан қашты ытып,
Қирап түсті нәпсі-пұт!
Енді Хақтың кеніне қайлаңды ұрып қаза бер!
Бердім бата! –
Жырыңды қалауыңша жаза бер!..»
Берді бата шәкіртке Тәбриздің Шәмісі,
«Досты досқа жеткерді»! –
Қандай кәміл Хақ ісі?!
Жатыр еді көк теңіз толқындарын шулатып,
Алты жылғы жазғанын жіберді ақын суға атып!
Айқындады шын түсін: Кеш сұлу да, Таң көркем! –
Шындық-Дәптер төрінде ақ қауырсын – ақ желкен!
Толқын атып тулайды Мәуләнаның Шын Жыры,
Шірік жіптей үзіліп қалды кеме шынжыры.
Жұлдыз біткен еңіреп, еңкілдеген Ай да Күн –
Көрді шайыр Ғаршының нұр-толқынды айлағын.
Сол Айлақтың толқыны орап алып құйынша,
Бар ғаламды кездірді, – Пірмұғанға сыйынса!
Пірмұғаны бұйырса, – жерге кірді жеті қат,
Ғаршы менен Күрсіге енді неше қатынап!
Өтті қанша аждаһа-толқындардың тісінен,
Азуындай мұхиттың аран-жартас ішінен.

Қойып кетті! –
Шырақша жанып кетті көп киім!

Ақ қауырсын-желкені жанды талай лап етіп!..
Жанын нұрға, ал тәнін шықты неше отқа өртеп,
Мәуләнаның ғұмыры сықылды-дүр тәтті ертек!
Мәуләнаның жыры еді асылдардың құштары,
Жарты мысқал сын айтпас досы түгіл, дұшпаны!
Патша түгіл, нешеме кетті жоқ боп патшалық,
Ал Мәуләна сырларын көріп пе екен тат шалып?!
Қалды небір алтын тақ итжеместе адыра,
Отыра алмақ қай патша – Румидің тағына?!
Қалдырды екен кім мұра ондай қылып артына?! –
Үш патшалық әлі күн таласады даңқына!
Топырағы Көненің* қаусырғанша қапсасын,
Егіп кетті ол Жүрекке «Мәснәуи-бақшасын»!
Адамзаттың аспанын қасиетті сырға орап,
Сол Бақшадан тұрады жұпар борап, нұр борап!
Сәрі ішкенде саһарда, қауышқанда құптанмен,
Сол жұпарды сіміріп қанғанымша жұтқам мен!
Үшкіргенде Сұбхан дем,
әр тамшысы шық татып,
Күрең қаннан жұтқам мен пәк кесеме сүт қатып!
Мәуләнаның жырынан таппас едім мұнша мән –
Ұстодулла мақсым ғой мені араққа жұмсаған!
Көз бен Сөздің бұлттары келеді еріп дүркіреп,
Шарап алып қайттым мен харам, насқа күлкі боп!
------------
Көне* – Жәләладдин Румидің (р.ғ.) туған шаһары Көне (Көне Үргеніш) мен тұрған шаһары Көне (Конья) қалалары меңзеліп отыр.
Кешіремін қапқанын,
нәжістерін жаққанын,
Өшіремін шараптың жұққан қара дақтарын.
Абалайды мінбеден иттік бүгін сөз алып,
Табалайды іргеден жүйттік жылым тозағып...
Шағынбаймын ешкімге хәл-күйімді наза ғып,
Шығарымды білемін қара дақтан тазарып.
Өшірмеймін есімнен Ұстодулла елесін,
Жұрттың аузын күзетпен!
Қырт не десе, о десін!..
Елемеймін дүрелеп, мейлі саптан өткіз сен,
Бар арманым: шарапты ұстазыма жеткізсем!..
Кезем сосын алаңсыз «Мәснәуи бақшасын»,
Жазам жырды! –
Көрейін дұшпан оған тақса сын!..
Сабақ қандай, ал енді біз алар бұл қисадан? –
Шыныңды айтшы, шайырым! –
Алдыңда тұр шиша-қан!
Сауал мынау қоятын төпелеп те төтелеп:
Біздің жазған жырымыз не қажетті өтемек?!
Атасы арзан жел сөзге атақ алдық, ақша алдық! –
Таңғанша әбден табытқа, қақсайды кеп – қақсалдық!
Қанша қағаз, қанша сөз болды, достым, ысырап? –
Неше кітап шығардың – күлді деп қар қысырап?..
Жасағанға бір ауыз қимасаң да жылы сөз,
Шекпенді мен шендіге арнадың сан «ұлы сөз».
Қотан менен Отанға шапқан сайын әр төбет,
Тіл мен Дінді сен қанша шаптың екен балта боп!
Шешіп тастап, ал бүгін комсомолдың пиджагын,
Дәріптейсің сәләфтың сақалы мен «хиджабын»!
Ақша берген «піріңе» көрінем деп жақсыатты,
Сатып кетіп отырсың Ең Керекті мақсатты!
Кетердей-ақ өзіңмен қияметке қылмысың,
Әулиеме бұрасың «өлеңіңнің» ұңғысын!
Құдай сүйген құлдарға шашасың кеп жыныңды,
Кім сұрайды күні ертең, бейбағым-ау, құныңды?!
Сауал қойсам не дейсің суырып ап көріңнен:
Оталды екен қанша орман сенің осы «желіңнен»?!
Сенің сөзің сайтанның торы болып торыған,
Қанша міскін адасып кетті кәміл жолынан?!
Қызғалдақтай қыз қанша зәр-у жұтты «дәру» ғып,
Бозғалдақтай ұл қанша жұмсады оны қару ғып!
Сайтан отын жағуға кетті қанша сөз кені? –
Тәбриздік Шәмістің шегеді ертең безбені.
Сөз-саудагер, сол күні қай қуысқа қашасың?
Қай пешке өртеп «жырыңды», қай теңізге шашасың?!
Су жұтпайды «сырыңды»,
от тұтпайды «жырыңды»,
Тұрар кілең ақ қағаз әшкерелеп кіріңді!
Сөз сіміріп, ой талмап жүрген бол шын жырынды,
Айғақтайды сол безбен сенің нағыз құныңды!
Ақиқаттан басқаның жап та қымта қалғанын! –
Сыналады бар бағың –
Базарында Алланың!..
Тәбриздің Шәмісі кіріп келіп кемеге,
Бұйырары хақ бір күн өлең жазғыш немеге!
Тәбриздің Шәмісі, – қарамайды ол ажарға,
Бәрімізді сол күні жұмсары хақ базарға!
Бар Шәмісте, ол анық: Қадир кәрі, Хай сұсы! –
Ал... базарға шайырдың барар екен қайсысы?..
21.05.14 ж.
Қошқар-Ата – Қолтық қонысы.
Светқали НҰРЖАН,
Светқали НҰРЖАН
(«КІШІ ҚИЯМЕТТЕГІ» ҚАЗАҚСТАН» хикая-дастандар шоғырынан)