Табиғи апаттан зардап шеккен Түркістан облысындағы Қазығұрт, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласы тұрғындарының шығыны өтелетін болады. Арнайы комиссия шешіміне сәйкес облыстық бюджеттің резервтік қорынан қаржы қаралып, көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда, облыс әкімінің төрағалығымен арнайы құрылған комиссия шығын көлемін есептеп жатыр.
Есеп-қисап жұмыстары біткен соң, үй жануарларының шығынына ережеге сәйкес өтемақы төленеді, тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріледі, ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатыры жөнделеді, шаруашылық ғимараттарды реттеуге көмек көрсетіледі.
Айта кетейік, 24 сәуірде Түркістан облысы Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жауын-шашын мен Кентау қаласында қатты жел соғып, табиғи апат болды. Соның салдарынан 50 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Адам шығыны жоқ. Алдын ала есеппен, 53 үйдің ауласына, 19 үйге, 1 мейрамхана мен 16 ғимаратқа су кіргені анықталды. Сонымен қатар 370 бас мал шығыны тіркеліп отыр.