03 ақп, 2020 сағат 16:52

Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндеттеледі - министр

Экологияға залал келтірілсе, табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті болады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурустар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Табиғатты пайдаланудың қолданыстағы экономикалық тетігі (төлем жүйесі әрі оларды жоспарлау) табиғат пайдаланушыларды қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге ынталандырмайды. Осыған байланысты, Кодекс жобасында 1972 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшылары тұжырымдаған «ластаушы төлейді» принципі ұсынылды», - деді министр Мәжілісте жаңа Экологиялық кодекс жобасын таныстыра отырып.

Оның сөзіне қарағанда, бұл принцип ластанудың алдын алуды және бақылау шараларын, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залалды қалпына келтіру үшін жауапкершілікті көздейді.

«Осылайша, табиғат пайдаланушыларға экологиялық айыппұлдар төлегенше, қоршаған ортаға кері әсер етуге жол бермейтін шараларды қабылдау тиімді болатындай жағдайлар жасалады. Экологиялық зиян анықталған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына келтіруге міндетті болады», - деп түйіндеді Мырзағалиев.