23 мау, 2017 сағат 11:43

Сырттағы қандастарымыздың қазақ тілінде білім алуына жағдай жасалады - Назарбаев

Үкімет шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Бұл туралы бүгін Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Сыртта жүрген бауырларымыздың бір бөлігі - жастар. Олар ассимиляцияға түсіп, ана тілін ұмытып барады. Біз бұған ара түсуіміз керек. Үкімет шетелдегі қандастарымыз ықшам орналасқан өңірлерде олардың ана тілінде білім алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек. Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл онша қиын жұмыс емес. Біз өз ішімізде жасап жатырмыз, біраз көбейтіп, ағайындарға қол ұшын беруіміз қажет», - деп атап өтті Президент құрылтай барысында.

Айта кетейік, Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайы өтіп жатыр.