03 там, 2018 сағат 08:54

Сыр өңірінде жаңа халықаралық рейстер ашылды

2018 жылы маусымнан бастап Қызылорда облысында Мәскеуге әуе рейсі және Ташкентке автобустар қатынайтын болады. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көлік қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында хабарлады.

Аймақ басшысы сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыс жетістіктеріне тоқталып өтті.

«Соңғы жылдары республика бойынша, оның ішінде Сыр өңірінде көлік саласы қарқынды дамуда. 2017 жылдың тамыз айында 200 автобусқа арналған халықаралық талаптарға сай келетін, заманауи үлгідегі жаңа автобус паркі іске қосылды. Халықаралық бағыттағы жолаушы тасымалын жетілдіру мақсатында, 2018 жылдың 18 шілдесінен бастап көршілес Өзбекстан елімен халықаралық «Қызылорда-Ташкент-Қызылорда» автобус маршруты жұмысын бастады. Сонымен қатар, бизнес өкілдері мен Ресейде оқып жатқан Сыр түлектеріне тікелей көлік қатынасын пайдалануға мүмкіндік туғызып отырған халықаралық «Мәскеу-Қызылорда-Мәскеу» рейсі ашылды. Алаштың анасы Сыр елі мен Сарыарқа төсін жалғайтын «Қызылорда – Жезқазған» пойызы Арал өңірінің елді мекендерін көлік қатынасымен қамтамасыз етіп отыр. 2017 жылдың шілдесінен бастап «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» бағытындағы жаңа вагондардан құралған озық үлгідегі жолаушылар пойызы жүргізіле бастады. Облыс көлеміндегі көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар бұдан әрі де жалғасын табады», - деді аймақ басшысы.

Салтанатты жиында 16 қызметкер және сала ардагерлері облыс әкімі мен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан марапатталды. 
Айта кетейік, облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3450 шақырымды құрайды. Оның 1107 км республикалық, 472 км облыстық, 1870 км аудандық маңызы бар жолдар. 2018 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға 13,5 млрд.теңге бөлініп, 278 км жол жөндеуден өткізіледі. Сонымен қоса, ағымдағы жылы Шіркейлі арнасына көпір салу жобасы басталып, аудандық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан 5 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

2013-2017 жылдар аралығында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан 10 көпір жөнделді, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданында көпір салынып пайдалануға берілді.