Төлепберген Әбдірашевтің есімі Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қаланың көшелердің біріне беріледі.
Жаңақорған ауданында ҚР халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Төлепберген Әбдірашевтың туғанына 70 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Шараға арнайы барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірі өнер саласының майталмандарымен танымал екенін атап өтті.
«Осындай Сыр елінің абыройын асқақтатқан таланттарының бірі – жерлесіміз Төлепберген Әбдірашев. Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев айтқандай, «Төлепберген қазірдің өзінде әлемдік өнердің інжу-маржан тұлғасы». Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өзі оқыған №239 орта мектепке Төлепберген Әбдірашевтің есімі беріліп, қоғамдық негіздегі музейі ашылды. Болашақта мектептің алдында Әбдірашевтің ескерткіші қойылады. Одан бөлек, Сырдарияның сол жағалауында салынып жатқан жаңа қаладағы көшелерінің біріне Т.Әбдірашевтің есімі берілмек», - деді аймақ басшысы.
Т.Әбдірашев сынды облыстың талантты өнерпаздарының ісін олардың шәкірттері жалғастыруда. Сыр өңірінің өнері өз жерімізде ғана насихатталып қоймай, Ресей, Түркияға, Лондон, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына, Әзірбайжан, Өзбекстан Республикаларына танылуда.
Біз Сыр өңірінің алтын қазынасы - жыршылық өнерді жас ұрпаққа насихаттау, түркі халықтарының ұлттық фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу және өзара мәдени байланысты нығайту мақсатында Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық музыкалық өнер фестивалін өткізуді дәстүрге айналдырдық.
«Сыр елі – жыр елі» десек, қазіргі таңда Сыр өңіріндегі бірнеше жыраулар мектебінің өкілдері бүгінгі күнге дейін ұлттық өнерді дәріптеп келеді.
Оларды заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта «Қазақ дәстүрлі өнер академиясын» ашуды жоспарланды.
Сондай-ақ, конференцияда Төлепберген Әбдірашевтің ұстазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңген қайраткері Меруерт Қаленбаева сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларды Әбдірашевтің өнеріне ерекше көңіл бөлгені үшін және облыста өнерпаздарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс үшін алғысын білдірді.
Айта кетсек, Төлепберген Әбдірашев 1948 ж. 26 шілде күні Жаңақорған ауданының Кеңес («Юбилейный») кеншарына дүниеге келді. Мәскеу консерваториясында білім алды, Геннадий Рождественскийдің шәкірті. 25 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік симфониялық оркестрі мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның дирижер сыныбын басқарып келді. Шәкірттері – Алан Бөрібаев, Абзал Мұхитдинов, Ерболат Ахмедияров. 2007 ж. 26 қазан күні Алматы қаласында қайтыс болды.