06 қар, 2018 сағат 09:48

Сыр өңірінде бес әлеуметтік бастамаға орай кездесу өтті

Қызылордада «Елбасы бастамасы – жастар үшін жаңа мүмкіндіктер» атты кездесу өтті. Студент жастармен болған кездесуде «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының есепке алу және статистикалық сектор меңгерушісі Асылбек Мамбетов алдымен Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары мен бағдарламалық құжаттарында ел жастарының мәселесі міндетті түрде қамтылатындығын атап өтіп, жастарға мемлекет, партия тарапынан жасалатын әрбір мүмкіндікті тиімді пайдаланып, содан нәтиже шығару қажет екенін айтты.

– Елімізде білім аламын, жақсы қызмет жасаймын, зәулім үйде тұрамын деп алдына мақсат қойған жастар үшін еш кедергі жоқ. Керек десеңіз, Елбасымыз шетел асып, білім алуға барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Өзінің 5 әлеуметтік бастамасының 3 тарауын жастарға арнап, жыл сайынғы бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың білім грантын бөліп, студент жастарды жатақханамен қамтуды тапсырды. Ал Елбасы өз Жолдауында ЖОО бітірген түлектерді жұмыспен қамту жөнінде нақты тапсырмалар берді,- деді Асылбек Мамбетов.

Өз кезегінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі, партия белсендісі Нұржұман Пірназаров Елбасының баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтін, келешекке бағыт-бағдар беретін дәстүрлі Жолдауы мен Презеденттің 5 әлеуметтік бастамасы жастар арасында үлкен қолдауға ие екендігін айтып, бұл бағытта университетте атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

– Бүгінде біздің университетте облыс әкімінің білім гранты негізінде 428 студент, олардың дені техникалық мамандықтар бойынша білім алуда. Биыл оның 145-і оқу бітіреді. Оған қоса Ресейдің озық техникалық университеттерінде 500-ге жуық қызылордалық түлектер жаңа дәуірдің сұранысына сай мамандықтарды игеруде. Жатақхана мәселесі де толық шешілген. Барлық жатақханаларда студенттерге тиімді жағдайлар қарастырылған. Оған орналасқысы келген әрбір студенттің өтініші бекітілген уақытына сай және дер кезінде қанағаттандырылып келеді, – деді Нұржұман Пірназаров.

Жалпы кездесуге университеттегі түрлі жастар ұйымдарының төрағалары мен белсенді студент жастар қатысты. Университет жастары атынан «Тұран» филиалының «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Алтынбек Ләзи сөз алып, универститет жастарының Елбасы бастамаларынан туындайтын негізгі міндеттер мен мақсаттарды іске асыруда, тәуелсіз еліміздің қарқынды даму жолында аянып қалмайтындықтарын жеткізді.

Бүгінде «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалында партия мүшелерінің саны өсуде. Партия филиалының 2292 мүшесі болса, оның 1206-сы жастар.

Еламан Мақсотұлы