Фото:alm.kgd.gov.kz алынды
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саясаты соңғы бес жылда күшейтіліп, бірнеше ірі заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Елдің басшылығы бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламалар мен реформаларды іске қосты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында құқық қорғау органдарының жұмысы мен қоғамдық бақылау тетіктері күшейтілді.2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды одан әрі жетілдіру, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін дамыту мақсатында жасалды.
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды күшейтті. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру шенеуніктердің қатысуын азайтып, жемқорлық тәуекелдерін төмендетті.
“Адалдық алаңы” жобасы азаматтардың жемқорлықпен күреске қатысуын арттыру және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін енгізілді.
- 2020 жылы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1000-нан астам қылмыстық іс қозғалды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда шамамен 10%-ға артық болды.
- 2021 жылы тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 950-ге жуық болды. Бұл көрсеткіш пандемияның әсерінен біршама төмендегенімен, ауыр жемқорлық қылмыстарының үлесі артты.
- 2022 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1200-ге жуық қылмыстық іс тіркелді, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда көбірек. Олардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау және білім беру салаларында орын алды.
- 2023 жылы 1 100-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Бұл көрсеткішке қарамастан, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың ашылу деңгейі жоғары болып қалды.
Transparency International ұйымының Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстанның рейтингі соңғы жылдары тұрақтана бастады. 2022 жылы Қазақстан 180 елдің ішінде 102-ші орынға жайғасты, бұл 2019 жылмен салыстырғанда жақсарған көрстекіш. 2023 жылы бұл көрсеткіш біршама жақсарып, елдің позициясы 101-ші орынға ауысты.
Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жариялаған деректерге сәйкес, жемқорлыққа қатысы бар тұлғалардан мемлекетке қайтарылған қаражат шамамен 600 миллиард теңгеге жетті. Бұл қаражат қылмыстық істер аясында өндірілген және мемлекетке келтірілген шығынды өтеу арқылы қайтарылған. Соның ішінде ірі көлемдегі заңсыз алынған қаражаттар, активтер және мүліктер тәркіленді.
2024 жылдың алғашқы тоқсаны бойынша, алдын ала мәліметтерге сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік шамамен 150 миллиард теңгені мемлекетке қайтарды. Жемқорлыққа қатысы бар жоғары лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік сектордағы заңсыз активтері анықталып, мемлекетке қайтарылды.
«Сыбайлас жемқорлық саласындағы былықтарды әшкерелеу бір-екі жылда шешілетін мәселе емес. Ол үшін тынымсыз күрес керек. Бұл тек антикордың шаруасы емес, осы қоғамда өмір сүретін әр бір азаматтың міндеті. Қоғамда жемқорлықсыз өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға әрбіріміз үлес қосуға міндеттіміз», - дейді саясаттанушы Талғат Жанысбай.