Ult.kz порталы ұлт ақыны Светқали Нұржанның шығармаларын тұрақты жариялап келеді. Жырға адал, аса талапшыл һәм тым кірпияз қаламгер – Сөз Патшалығының Парасатты Мұрагері. Айт-Ман – ақсүйек тұлғалы, бекзада болмысты ақын. Сондықтан ол өзінің әдеби қаһармандары – хандардың, билердің, батырлардың жан-дүниесін айқын аңғарып, бұқараға да ұқтыруға, оқырман жүрегіне жеткізіп, санасына сіңіруге шебер. Автордың біздің сайтымызда жарияланған «Тарғыл тағы» дастанына жазған аңдатпамызда: «Ол әр дастанында Ұлы Даланың талайлы тарихын, ұлы тұлғалардың трагедиялық тағдырын жыр тілінде сөйлетеді. Оның кейіпкерлері – әулие-пірлер, хандар, батырлар мен билер, ақын-жыраулар... Әрқайсысы бөлек бейне, бүтін бітім», – дегенбіз.
Бұл шығарма да соның бір мысалы. «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастаны – кейінгі онжылдықта тарихи тақырыпта жазылған көркем әдебиетіміздегі кемел туынды. Жаңа заманда ұлт руханияты үшін жанын салып күресіп жүрген қайраткердің, дініне берік ердің талабы – ежелгі дәуірдегі хан батырларына лайық күрескерлік әрекетке барабар. Шығарманың әділ бағасын беру үшін тарихшы, әдебиеттанушы, дінтанушы ғалымдар жан-жақты талдау жүргізіп, зерттеп-зерделеу керек. Ал, біз талғамы жоғары мәртебелі оқырмандарымыздың көңіл-таразысына ұсынамыз. Рухымызды жырмен жаңғыртып, тарихи санамызды серпілтейік.
ЕҢСЕГЕЙ БОЙЛЫ ЕР ЕСІМ
(дастан)
Бисмилләһи-р-рахмаани-р-рахиим!..
...Біздің заманымыздың VIII ғасырының басы. Осыдан 12 (он екі) ғасыр бұрын Ескендір Зұлқарнайынның ғаскері жөңкіп келген жолмен араб халифатының қолбасшысы Құтайба ибн-Мүсілім Сойқандарияның жағасына жетіп тоқтады. Жүріп өткен жолының бәрі: қираған қала, опат болған орда, өртенген дала, қырқылған бас, күйреген сүйек, туралған тән, шашылған қан еді.
Расулдан соңғы төрт Дос өмірден озып, дін бұзылған кез-тін. Алла Тағаланың қасында қабыл болған дін – Исламды араб басқыншылығының құрал-қолжаулығына айналдырған, қасиетті Қағбаны манжынықпен атып қиратпақ болған залым Хажжаждың Бас қолбасшысы Құтайба, сөйтіп, Сейхунға тірелді. Алда – түтіні түзу ұшқан түркінің елаты, қордалы құт қонысы жатыр еді. Иә, Алланың ақырғы пайғамбарының өзі: «Түркілер – Исламның қылышы. Түркімен соғыспаңдар!» – деп аманаттап кеткен мөрлі жұрт, арлы қауым!
Құтайбаның: «Кәпір ордасын ойрандаңдар!..» – деп бұйрық бере бергені сол еді, алдан дулығасы бұлт жайқаған, табаны алты айшылық жер сойқаған айырауытты құба нар мінген, тізесі нардың топшысын қаққан алып адам көрінді. Шудақақпай жүріспен асықпай келеді. Бойында жігіттің жеті жарағы түгел сай: асфаһани – сиырма қылыш, сары ырғай садақ, құрұғұлығы тола болат йасышты сарнама жебе, қатұғ оқ, құрыш башақты сегіз қырлы қималы найза, шомақ гүрзі, береңгілі айбалта, болат қалқан, қырпы жығалы ашұғ-дулыға, үстінде – аймауыт-сауыт!.. Жасанып тұрған қалың қолға қырық қадам қалғанда түйеден түсті. Дүңк ете қалған жоқ. Тайдан сыпырылғандай-ақ. Сонау қарта-тереңнен күңіреніп шыққан ерен дауыспен келте сауал қойды:
– Елмісің? Жаумысың?!
Мынау аспан-жерді алапаты басып тұрған Ерге жауап бермеуге Құтайбаның әдді қалмағандай:
– Мен – Құтайба ибн-Мүсілім, жер бетін кәпір қауымынан тазартушы, Аллаһтың хақ дінін жер бетіне қылыштың жүзімен таратушы, Аллаһтың пәрменімен әрекет етуші сардармын. Өзің кімсің?
– Мен – Есекей-мерген, Алланың құлымын, содан соң түркінің ұлымын!.. Қылыштың жүзінен дін тарамайды. Дін – жүректен тарайды. Қылыштың жүзінен тек қана обалдың қаны мен көздің жасы ғана ағады. Саған біздің даламызда орын жоқ. Есің барда – елің тап!..
– Қалай Аллаһтың құлысың!.. Аллаһтың сүйген жұрты араб қылышының жүзінен харам қаның дірдектеп ақпай тұрып, сен қалай Аллаһтың құлы болмақсың?!
– Мен – әл-Мисақтан мұсылманмын. Біз Озған пайғамбар жұртынанбыз. Ол мүбәрәктың Аманат етіп кеткені бойынша, Хақ Расул Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.у.)-ның даңқы жеткен күні өз еркімізбен ол Ұлық Затқа үмбет болғанбыз!
– Сенің қонысыңда Ібілістің ордасы бар. Пұт-құдайлар бар. Біз соны өз қолымызбен ойрандауымыз керек. Ол – Аллаһтың бұйрығы!.. Сендер Аллаһқа серік (ширк) қосасыңдар!
– Ібілістің ордасы – сенің жүрегіңде. Аллаға серік қосушы – өзің! Ол cерік – сенің қанға қанбас, малға тоймас ындын-нәпсің! Ал біздің даламызда ешбір пұт-құдай жоқ, болған да емес! Өліге құрымет, тіріге үрмет үшін қойылған белгі-тастар мен сол тастарға – ұрпаққа үлгі болсын деп қашалған, «Елім!» – деп еңіреп өткен ерлердің ерлік істерінің баяны ғана бар. Ол – біздің шежіреміз. Шежіремізді кеудеде жан тұрса, ешкімге таптата алмаймыз. Сөз – тәмәм!
Ашудан жарылардай болып өңі қарталақтанып кеткен Құтайба жанын қарманды.
Қолы қылышының балдағына бара бергені сол еді, Есекей-мергеннің арт жағындағы жаңа ғана жым-жырт, моп-момақан күйде монтиып жатқан өлі далаға жан бітіп жүре берді. Әуелі Ұлы Сарын естілді. Сосын: «Алла-һу!», «Алла-һай!»-лаған күңіренген үн аспан астын алып кетті. Артынша: «Әр-руақ! Әр-руақ!! Әр-руақ!!!»-таған алапат дауыс көк шынысын күлпарша қыла жаздады. Өлі даланың бетінде осы мәурітте жерден өсіп шыққандай – кілең-бұздай кілшейген көк темір құрсанған жауынгерлер пайда болды. Қосын туын көтерген туғашының соңынан тоғыз түменнің: ақ ту, қара ту, қызыл ту, ала ту, көгала ту, шұбар ту, жасыл ту, аққарабас кіс ту, айкөнелі айдынала тулары бой түзеп тұра қалды...
Шарасы таусылған Құтайба тұңғыш ірет атының басын кері бұрды. Жыландай ысқырынған дауыспен:
– Сартауылдар мен соғдыларды талқандаймыз!.. Дінге кіргіземіз. Мұсылман қауымына қосамыз!.. – деді.
«Әлқисса, – дейді кәрі тарих, – содан бері Алланың Хақ дінін өз еркімен, жүрек қалауымен қабылдаған Халық ешқашан тура жолдан айнып көрген жоқ. Ал қылыштан қорқып мұсылман болғандар, кейін Зымиян-Тор ордасы жасап берген әр түрлі азғырынды ағымдарға ілесіп, әлі күнге дейін ылаң салумен, адасумен келеді».
___________________
Ескерту: дастандағы көне сөздердің бәрі уақиға өтіп жатырған кезеңдегі қазақ қауымы қолданған сөздер. – Сөз Иесі.
1. Ақсыны алу
Миләди – 1624, хижраның – 1033-ші, қазақ санасында – ит жылы. Қоңыр күз. Ферғана жазығы. Ақсы шаһарының түбі. Еңсегей бойлы Ер Есімнің қосыны.
Сөздің басын бастайық «біссімілләдан»,
«Біссімілләсіз» мұсылман іс қылмаған...
Қан жосадай егілген – үш күн боран
Қырғын өтті –
Құдайым түс қылмаған.
Бұқар қолы шегініп қамалға еніп,
Ақсы қалды маңдайда – үш қырлы аран.
Имамқұлы* қашыпты Калан-Шарға*,
Дертін көміп жүрекке іш тырнаған.
Ферғананың жазығы ту сақталған
Шақ еді бір қанға әбден сусап, қанған.
Жүз алпыс мың ғаскері тәжік-сарттың
Осы үш күнде қазақтан жусап қалған!
Бұқар қолын Тәңірдің батпаны ұрды,
Бір сау сарбаз қалмады сапта күллі.
Жүз алпыс мың ғаскердің үштен бірі
Азып-тозып қамалға шаққа кірді.
Жайда азуын ақситып күлетұғын
Жиып алды езуін қақпа зілді.
Деген осы «желкеден сапыны ұрма!» –
Бұл іс мұндай боп шықты ақырында.
Жүз елу жыл қаржасқан қазақ пен сарт
Кезек аунап ажалдың тақымында.
Талай опық жеп еді Алаш Ері,
Сенемін деп сан ірет таты-құлға.
«Жатынында ұшынған тексіз телі,
Ақырыңда айтылмас «бақұлың» да!
Таты-құлға беремін соңғы соққы,
Анықтап ұр сапыны –
қапы қылма!»
Арыстандай алшайып,
осы ойменен
Есім отыр өзінің шатырында.
Есім отыр алшайып арыстандай,
Көрейінші тұрпатын, қағыс қалмай.
Шекесіне тыққандай қос жұдырық,
Бунақ-бунақ құлжа бас қарыс маңдай.
Келген адам жанына сонша қораш –
Арыстанның қасында барыс қандай?!
Мысы басып кетеді кім-кімді де,
Шөншік* қандай, мысалы, талыс* қандай?!
Саусақтары – азудай бұтаға қас,
Ұстағанын қолына тұтады оғаш.
Құлжа басты кеудеге жалғастырған
Жыға керген мойыны – мықан ағаш*.
Адырнадай керілген сәнді дене
Жарасады қандай дүр әңгімеңе.
Бексауытты теуіп тұр жұлынтұта,
Жауырынына сыймайды қанды көбе...
Құдай өлшеп бітімін зор дененің,
Өз орнына қойғандай әр керегін.
Мәужімі* ұрса топанның тебіренбес
Шеңберіндей ауданды нән кеменің.
____________________
Имамқұлы* – Бұқар ханы.
Калан-Шар* – Бұқардағы хан сарайлары.
Шөншік* – бұзау терісі.
Талыс* – өгіз терісі.
Мықан ағаш* – дарақ ағаш.
Мәужім* – толқын.
Пендем еді Ер Есім көрсем деген,
Сыйғыза алман пенделік өлшемге мен. –
Шынар десең жарасар шыңға біткен,
Дауыл ұрса еңседен теңселмеген.
Қылаудан кір табатын,
сынадан – мін
Дық таппайды сыншыңыз – сынаған күн.
Дөмпеш таудай тұрады төбесі асып,
Ортасына кіргенде мың адамның.
Дарқан күліп, айбынтып салқам қылық,
Аң-таң қылып көргенді, тарпаң жүріп;
«Үй жығар» деп ат қойған жеңгелері,
Маңдайшасын сан үйдің талқан қылып.
Аумай қонған басына қыдырша-бақ,
Ширатады шаруасын шығырша орап.
Қабыландай самдағай, қимылы ерен,
Білем-білем бұлшықты – сіңір-садақ.
Қиғаш керіп қастарын қыран қанат,
Тұңғұйық көз жаныңнан сыр аңдамақ.
Сынарға – жат, зіл түссе иығына,
Қашан көрсең тағыдай тұрар жарап.
Шатырда отыр атандай еңселі Есім,
Жүрегінен суырып шер шегесін.
Көрсе елесін түсінде – жау үріккен,
Айдынданып кететін – көрсе досың.
Өтті өмірі Ай құсап бұлт кешкен,
Шақтар болды жан сөнген, үміт те өшкен.
«Қоңыраулы ақсақал» атанған шақ,
Былтыр өтті қайраулы қырық бестен!
Самарқанға әмір боп жиырмасында,
Аламаны жиырма мың бір басында,
Тәуекелдей ағаның арқасында
Тумай жатып түскен-ді бұл да сынға.
Бәрі есінде.
Ұмытсын Есім нені,
Көшіп жатыр көп елес есіндегі.
Мөрлі хаттай санада қаттаулы тұр
Естен кетпес сан бұлғақ мешіндегі.
...Осы шығар Алланың қалағаны,
Көкіректен сүр-кектің тарағаны. –
Абдолла хан сарбазын опат қылып
Тәуекелдің жүз он мың аламаны;
Он күн болды –
Бұқардың көп қақпасын
Аламаны қазақтың қамағалы.
Ырза шығар сан боздақ арманда өткен –
Ұрпағына шынжырын жалғап жеткен.
Шайбанидің күйретпек шаңырағын
Керей менен Жәнібектен қалған кекпен!
Таңба бар ед өшпес боп Арда қалған,
Ескі кек-тін дарыған қанға зардан.
Қанмен жумай тазармас, ағармас-дүр
Қалған кек ол –
Қасым мен Хақ-Назардан.
Тұрақтайды жүрекпен тұта алса құт,
Тамыр менен сүйекті жұпар шалып.
«Жерден көкке Хақ діні көтерілген»
Қасиетті шаһар бұл – Бұқар-Шәріп.
Мұнарасын Алланың Нұры көмген,
Хақтың асыл шайхылар сырына енген;
Ыңылаған азанын муәзіні,
Әулиесі сахарда күңіренген
Шаһар еді –
әмірді Пірі берген,
Сыбай қонған өлілер – тірілермен!
Талмай оқып талағы битті оғылан,
Шаһар еді шыққан шын биікке Құран.
Бірақ біздер тым жиі ұмытамыз
Болатынын «жерлерге өш ит қорыған».
Ұмытамыз –
дұшпанның ор қазарын,
Түсірмекке қапыда көрге залым;
Жаратқанның қай жерге Нұры келсе,
Ібілістің сол Нұрға тор жазарын.
Бұл жерге де Зымиян-Тор құрылған,
Досты досқа айтақтап сорлы қылған.
Хақтың дінін ірітіп іштен кеулеп,
Ірінді енсе болғаны – ел қырылған!
Бұл шаһарды –
тегі жат тезік-тебір, –
Көп заманнан жүр еді кезіп тобыр.
Зұлқарнайын Ескендір ғаскерінен
Қалып қойған бар еді жеміт-жемір.
Жеміт-жебір құрған тор шырмап болды
Ел қалдырмай –
жүретін ерікке бір.
Тура келмес кәпірлік танымына
Арда жұрт бар, әрі ер, әрі бұла.
Зымиянның арманы –
дінді ірітіп,
Балта шабу түркінің тамырына...
Сол түркіңіз бұлт құсап торлағасын,
Төгер сойды –
армансыз шер-наласын.
Тезге басын ұрмай ма қыңыр ағаш,
Түзелмей ме қисық та морлағасын?!
Абдолла хан құсадан өліп кетті –
Торға басын бір ұрып,
жарға басын.
«Атанам деп екінші Әмір Темір»,
Көтеріскен Кешеннің* ол да басын.
АТА ЖОЛДАН адасып орта жолда,
Қылмақ болды сарттекі –
сорлы Алашын!
Шәр-қаласын иемдеп нақышпандтар,
Төнді қатер қазақы Ордаға шын!..
«Жұтам, – деуші ед, – қазақты!» –
уды жұтып,
Кетті имансыз – ниеті оңбағасын!
Ясауиді құртам деп –
тапты ақыры
Бахаубаддин пірінің көрханасын.
Шын шайхылар дүрбесін харап қылған
Шықты өзінің «төріне» көрбала сұм!
Шын қаһары ұстады Тәуекелдің,
Жеміттердің тығам деп көрге басын! –
Тезік-тебір кәззаптар –
Бұқардағы
Әулиелер қабірін қорлағасын!
____________________
*Заманында «екінші Әмір Темір» атанған Бұқар әмірі Абдолла хан Түркістандағы Қ.А. Ясауи (р.ғ.) кесенесінің бітпей қалған маңдай бөлігін көтерген. Бұл жерде сол уақиға меңзеліп отыр.
Жауып кетті Бұқардың шаһарын қан,
Жер де, көк те көріп тұр қаһарын таң.
Осы жолы Зымиян-Тор ордасын
Талқан қылмақ –
Тәуекел бахадүр хан!..
Бұқар-Шәріп – Ислам сая-бағы
Өз нұрымен келбетін боянады.
Бұдан былай –
Минардың мұнарасы
Алаш туы астында оянады!..
Осы арманға жетуге сәл қалғанда,
Ажал оғы әкетті ерді арманда.
Ер Тәуекел – мәликул мүслимин
Кете барды сыя алмай кең жалғанға.
Аға өлімін есітіп қаны суып,
Есім жеткен Бұқарға жанұшырып.
Әзірет Сұлтан жанына ақ шейітті
Жөнеліпті жерлеуге бәрі суыт.
...Содан бері – Бұқарды бағындыру
Болып қалған Есімге алыс үміт.
Дегенменен, деме ердің еңбегі кем,
Еш кетпеді қан кешу мелдегінен.
Ғажам, Ауған, моғолдар босап шықты
Абдолланың зәһарлы шеңгелінен.
Содан соң-ақ,
Әндіжан, Самарқандар
Шыға алмады қазақтың шеңберінен.
Бас қолбасшы Есімнің әруағын
Мойындады бар дәулет танығанын.
Әбдімумин* тынды ақыр, ұстай алмай,
Шатынатып Шайбани шаңырағын.
Арқаланды қазақты дос тұтар көп,
Ер ісіне ессіз – қор, есті таң боп.
Тәуекелдің қалды ұстап туын жықпай
Шығай ханның ұғылы Ес-Мұхаммет*.
Шыны бұйрық келген күн Хақ-Тәңірден
Сор да сеспей қатады,
Бақ та мүрдем.
Жат жебірмен жалғасқан жең ұшынан
Абдолла да үлесін тапты өлімнен.
Хақ-Тәңірден алатын үлес басқа,
Аттанады қара да – ақ кебінмен...
Ұлыс қалды көзедей қақ бөлінген,
Тақ кемірген зәре ұшты жат жебірден.
Қақпаны ілген тышқан жоқ, бөрі түгіл,
Сумаңдады сұм пиғыл – жатқан іннен.
...Шырғалады Есімді
Бұқардағы
Тоқай-Темір әулеті таққа мінген.
____________________
Әбдімумин* – Абдолла ханның баласы.
Ес-Мұхаммет* – Есім ханның шын есімі.
Алып қалған атадан бойтұмарын
Жоғалтпаған –
сатушы ед қайтіп арын?! –
«Елшіміз» деп кілең сарт келді бірде,
Сұпысынған салқы төс, қайқы қарын.
«Тура жолға түсірмек Ер Есімді», –
Көздерінде ойнайды сайқы-жалын.
Исқақ қожа шығарды айқыған үн...
Монтаны «пір» болғасын айтып «әнін»,
Түріп айдап шықты Есім ордасынан
Нақышбанды жолының «шайхыларын».
Бұл айдаудың артының қызығы бар,
Бұзық білмес кеп еді, түзік – ұғар.
«Күн де желкем, жер шалғай, – деді Есім хан, –
Шайхы, кәне, бой жылыт, қызынып ал!
Еріп кетер кез-келген ұлтан-құлға
Мен, немене, бұралқы-бұрқанмын ба?! –
Құдай сүйген шын шайхы болсаң егер
Көрсет кереметіңді –
кір тандырға!
Һаяр болсаң, –
Кәләмі бағытың жоқ
Мына тандыр қалады табытың боп.
Қара тәнді тазартсын қызыл жалын,
Түсір түгел түймеңді, ағыт ілгек.
Шын өртенсең тірлікте, – тозақ харам,
Шықпайды алдан Ахирет тағы түн боп.
Қаптап кетті пірсініп қыршитын сұм,
Түседі отқа ойланбай, –
кім сүйсе ұлтын.
Бауыршы бек*! –
Тандырды өрте, жандыр,
Тамұқтағы малғұн мен жынша үйтілсін!
Ырши тұрсын шайтаны қалғанының,
От ішінен байқайық пір сиқын шын.
Әулиенің көрейік кереметін,
Сабыр қылып жамағат тынши тұрсын!
Отқа жанбай,
тандырдан тірі шықсаң,
Мен – мүритің, бірадар,
мүршитімсің!»
___________________
Бауыршы бек* – орданың, соғыс жағдайында қолдың ас-су жабдығын басқаратын бек.
Шаңқылдап тұр хан-қыран бұлтқа шүйіп,
Шешіміне ыразы жұрт бас иіп.
Қызыл жалын тандырды көрген кезде,
Исқақ қожа жіберді бұтқа сиіп.
«Қайтара гөр, Тәңірім, бұ қаһарды, –
деп қарманды Бауыршы – Бұзахарды. –
Босағасын көрмейін Түркістанның,
Түсімде де көрсетпе мына шәрді! –
«Пір» қалшылдап құлады жерді құшып, –
Тақсыр, біздей кеше гөр күнәһарды!..»
«Мен кешпеймін күнәңді –
Хақ кешірсін! –
Қараңды өшір, мұнафық, зәтте сұмсың!
Бұл «тозақтан» кетерсің тірі өлік боп,
Шын тозақта кім, сірә, отты өшірсін?!
Тәңірді алдап,
халықты жалмап жүрген,
Жүзіқара! –
Басыңнан Бақ кесілсін!
Жолың – анау!
Сәлем де ханшығыңа,
Шер кеулесе кеудесін, – таққа осырсын!
Елшіге өлім жоқ еді – Ұлық Істе,
Елші емессің! –
Көршісің – Ібіліске!
Ханшығыңа айта бар,
ендігәрі
Абыройсыз жекпесін пірін іске.
Тұрған сенің ығыңда кісіге обал,
Бірге ас ішкен –
мезетте ұшынады, ал...
Жез құманын бірадар ұмытпасын,
Былай шығып тазарар – ғұсыл алар!..»
Қарқ-қарқ күлді хан ием шырқай қарап,
Безіп барад «елшілер» сұрқай қабақ.
Әзірет Сұлтан қарайды арқаланып,
Қаратаудың қарынан күн тайғанап...
...Көп ұзамай, Ғирақ па, Иран түбі,
Зымиян-Торға шырмалған иман тіні,
«Шежіреде» – «Темірдің әулетінен»
Бұқараға хан болды Имамқұлы.
Содан соң ба? –
Секілді тоғысқан сең
Шәр-талау мен жан-талан – қоныста өңшең.
Жеті мәрте жандасты қазақ пен сарт
Тәуекел хан өлетін соғыстан соң.
Бұқар қолы алты ірет ойрақан боп,
Қазақ жеңді – Алласы болысқан соң.
Еңсегей бой Есім жүр қол алдында,
Аң патшасы сықылды – арыстан-шен.
Бөлмей берсін Тәңірім, ылғи берсін,
Бақыт басын қазаққа шұлғи келсін!
Қанға тоймас кәрі жер қылғи берсін,
Көрмеген боп көз жұмып мүлгиді өр шың.
Ер Есім жүр, шүйгенде – қырғи дерсің!
Жауға жебе тигенде – шырғұй* дерсің!!
Жұтты соғыс! –
Жайсаң мен жақсыны алды,
Жұлды соғыс шыңдағы тақ шынарды.
Қақшып алды – жалқының жалғыздарын,
Көп қорымнан оқшау тек бақсы қалды.
Күллі хандық қазаққа тізе бүкті,
Алынбаған –
Бұқар мен Ақсы қалды.
Ең сайдауыт Бұқардың бұлықтарын
Тоз-тоз қылды, иншалла, түріп таңын.
Көзіменен кеміріп Есім отыр,
Қыран-шабыт –
шаһарға тігіп кәрін.
____________________
Шырғұй* – жебенің болат ұшы.
Жауды көрсе қуанған Есім еді,
Бексауыты күлдірлеп, есінеді.
Ғарық қылмақ қанына Бұқар қолын,
Қамап қойып Ақсыға осы жолы!
Ферғананың жазығы – жұпар әлем,
Көтеретін жемісін бұтағы әрең.
«Осы жолы Ақсыны еншілесек,
Сосын жеке сөйлесем – Бұқарамен!..
Құдай бізді ермексіз құр қоя ма?!» –
Қосын жатыр қанатын қырға жая...
Қарғып тұрып, шашты Есім жарлық қылып:
– Қолбасшылар жиылсын, Бұлғай-аға*!..
Аба-Тарқан*, майсара*, майменесі* –
Келді бәрі – атына сай денесі.
Неше күнгі қырғыннан, шүкір, Алла,
Жоқ бірінің жүзінде қайғы елесі.
– Тәңір ұрмай – жау оғы еңсеге енбес,
Жүйрік пе екен – өр көрсе өршеленбес?!
Ғазиларым, бақұл бол, шейіт кетсек,
Жетті, міне, ойыммен өлшеген кеш.
Қынымыздан шақ келді сурылатын,
Ешқашанда қынында семсер өлмес!
Қылыш өлмес ешқашан қынабында,
Көріп алдық тағдырдың сынағын да.
Жүрегінде иман жоқ кәпір сарттың
Үнің қалсын, тым құрса, құлағында!
Ағыншы топ* үкекке* басып кірсін,
Сәті келді іске асар – тұраның* да.
Жүз жігіттен келеді – он кісіге,
Адырнаңды, бұқаржа*, енді шіре!
Шайтандардың шәріне өрт қоятын
Осы шайқас, болады соңғы сүле*.
____________________
Бұлғай-аға* – хандықтың ішкі ісін басқарушы бек.
Аба-Тархан* – Бас қолбасшы.
Майсара* – ханның сол қолы;
Маймене* – оң қолы.
Ағыншы топ* – тосын шабуылшы топ.
Үкек* – қарауыл мұнара.
Тұра* – жылжымалы мұнара.
Бұқаржа* – садақ түрі.
Сүле* – соғыс.
Ең әуелі, сарнатың сарнаманы*,
Ұйқысынан оятсын Перғананы.
Күй күңірент қандағай* мүйізінен,
Мықый* келіп шүйгендей тарбағаны*.
Содан кейін ыңырант ысқырманы*,
Іш-құндағын қарнасын тіс-тырнағы.
Жеміттердің тоқалы –
тезік-сарттың
Мықты болса, ұстасын ышқырлары!
Зар еңіреп соңынан қатұғ* кетсін,
Маңдайынан дұшпанның батық* тепсін.
Жәһаннамға аттанған имансыздар
Зәһарынан қатұғтың татып кетсін!
Кідірмейміз –
жауса да от-қорғасын,
Отқа түсіп құриық –
жоқ болғасын!
Дәт қалмасын дұшпанда қарсы тұрар,
Қылшан*, толай*, құрманда* оқ қалмасын!
Тоқтамаймыз –
төбеден от құйылса,
Шатынатып шаһарды соқ құйынша!
Доп түйілсе – басыңмен қағып жібер,
Көп түйілсе – шырқ айнал ақ тиынша...
Бақ бұйырса – аламыз бүгін түні,
Ертең туды тігеміз –
Хақ бұйырса!
Ханы қашып,
қан жасып төрелері,
Бұл шаһардың босап тұр шегелері.
Неше күнгі қырғыннан титықтаған
Әскерінің –
қан-түбіт көбелері.
Аттаныңдар, кәне, енді, сардарларым,
Шаттаныңдар Бақты алып төбедегі!
Сәруар пірдің басшысы –
Қожа Ахмет
Рахметолла ғалей-һи,
жебе мені!..
____________________
Сарнама, ысқырма* – жебе түрлері.
Қандағай* – бұғы.
Мықый* – жыртқыш құс.
Тарбаға* – суыр.
Қатұғ* – зәһарлы (улы) жебе.
Батық* – шоқпар түрі.
Қылшан, толай, құрман* – қорамсақ түрлері.
Ферғананың басқанда түні келіп,
Кетті көкті Есімнің үні керіп.
«Әмин!» – деп сардарлар жайды қолын,
Бата берді Ақ Сейіт күңіреніп...
Ұлпа самал түртеді құмның үрпін,
Күлте кекіл жатқандай құлын еміп.
Даттанған бір қанжардай қында жатып,
Ай да туды күп-күрең – сырға батып.
«Түсінбедім, адамдар, қылығыңды», –
Дейтін сынды тылсым бір мұңға батып.
Мұндай шақта – сезім де, ой да жырақ,
Назар салған пенде жоқ Айға, бірақ.
Адамдықтан адамдар алыс түн бұл,
Сол жеңеді – болса кім айуанырақ.
Тұра тұрсын айта алмай Ай да зарын,
Естілмейді бұл түні сайраған үн.
Қамал да тұр,
білмейді ертеңгі күн
Молаға, әлде қалаға айналарын.
Болған кезде бір белгі шығауылдан*,
Жылжып берді шаһарға тұра қырдан.
Жерден өніп шыққандай көп мұнара
Жаны бар зат сықылды зыбан ұрған.
Дырау ұрған көпектей болсын дұшпан,
Босан енді, сұр жебе, бұғауыңнан!
Ай жанары қан-жасқа шүпілдесін,
Бірін-бірі пенделер түтіп жесін.
Лыпылдасын шырадай тамырда қан,
Жүрек біткен кеудеде лүпілдесін.
От байланған қасалы* зымғап кіріп,
Өрт шыпылдап, шаһар да түтіндесін...
Не де болса, осы бір уақиғаны
Тамашалап өтеді бүкіл кешің...
Тұра-қалқан* тізіліп тұра қалған,
Садақшылар шаруасын бітіргесін.
Сыңсып өтті ақ құтан, тырна көктен,
Мекеніне асығып жылда кеткен.
Жақсылыққа жорып тұр Есім мұны:
«Хабары, – деп, – Жеңістің бұл да жеткен.»
Баспалдақпен қамалға көтеріліп,
Ағыншы топ барады зымғап еппен.
Шаһарды оңай алатын тәсіл еді,
Шыңғыс баба тұсында сыннан өткен.
Көзапара кеткендей шөжіп, шөгіп,
Кеуде керіп нән шаһар тұрған өктем.
Баспа қойып,
қамалға арқан асып,
Үкекті алды ағыншы тарпа басып.
Сын сағаттың соққанын сезген сарт та
Жандәрменгүн қарманды жанталасып.
Аларман боп қамалға жаңа ғана
Төніп барған ертауыл* жорта қашып,
Тасты қардай боратты манжынықпен*,
Қазақ қолы әп-сәтте ортаны ашып.
Өтесің-ау қапыда, қасқа жалған,
Бағаламай бақытты басқа қонған.
Қазақ-қалмақ жатқанда қидаласып,
Осы сарттар балақ пен бастан алған.
Он жыл бұрын қалды сарт табанында –
Қаратаудай қайғы мен Аспара-арман,
Өлсе есінен кетпейді Ер Есімнің
Қарындасы – кірпігін жасқа малған.
«Сартқа қатын болман!» – деп шыңнан ұшқан
«Хан қызы» деп ат қалды – жас маралдан.
Осы жолы, иншалла, сарттың Есім
Елестерін оятад есте қалған.
...Шәр ішінде қалың сарт сансырап жүр
Отқа оранған үйлер мен тас бораннан.
____________________
Шығауыл* – шолғыншы.
Қасалы* – жебенің түрі.
Тұра-қалқан* – жылжымалы бекініс.
Ертауыл* – әскердің алды-артын қорғаушы жасақ.
Манжынық* – тас ататын құрал-қондырғы.
Әлсіз жерін қазақтың көздеп бағар,
Сарт қасында – түркпен де, өзбек те бар.
Ғирақ, ауған, қызылбас, тәжік те жүр,
Пушту, урду, бұлыш пен безбет хазар.
Қазақ қанын ішпекші кіл шибөрі:
«Әкелді, – деп, – қай Құдай?!» – безгек қағар.
Іздеп табар әркім де несібесін,
Табар* тауып тамырын – кез кепті ажал.
Мейірім қашқан қазақтан,
Хақтан – медет,
Қолдамай тұр Пәуеден* жатқан жебеп.
Имамқұлы тығылды кетегіне,
Жоқ мысқалдай келетін арттан көмек.
Не де болса, өліспей-беріспеуге
Шапқан да әлек, әрине,
сарттар да әлек.
Ақсы қазір қазандай қайнап жатыр,
Көшті қамал ішіне майдан да ақыр.
Қайрап жатыр азуын жыртқыш-қамал,
Мұнара-тіс қазақты шайнап жатыр.
Ажал – Торын,
Ай – Нұрын жайған ғафыл
Бұл да – дәурен, бітірген ойранға тіл.
Талай жайсаң бастары мылжаланып,
Отқа үйтіліп кетті сан қайран батыр.
Тайған ғафыл басынан ғұмыр-дәурен
Құйып жатыр қан болып сайларға ақыр.
Бұл қандай кеп –
Ақ-Қара алысса да,
Қызыл Қаны табанда жайрап жатыр?!
Ғажап сынды ед бөтен кент, өзге бау-бақ,
Бұл кенттің де басынан безген-ау бақ.
Ажал-Сүлде тап беріп аяқ-асты,
Кетіп жатыр Айлы аспан көзден аунап.
____________________
Табар* – балта.
Пәуеден* – Бахаубаддин Нақышпанд (1318-1389).
Осы соғыс қашаннан жүр есімде,
Тастай алман есімді күресінге.
Қарағасын сан ғасыр биігінен,
Қылығына Бабаңның күлесің бе?
Жылайсың ба жоқ, әлде, ұлисың ба? –
Айтшы, не бар –
өзіңнің үлесіңде?!
Жатқан аңқау қазақты,
несібесі –
Жер мәуесі, малының сүмесінде,
Орынынан тұрғызып ертіп қойған
Қандай күш ол,
барлығын – бір Есімге?!
Сол соғыста АРЫМНАН ӨРГЕН НАМЫС,
Енді менің қанымнан түгесілме!
...Ферғананың жазығын,
Ақсы аспанын
Кезіп жүрген түн еді ол Сүле-Сүлде!
Сүле-Сүлде Ақсының көшелерін
Жүр аралап – өрт алған неше жерін.
Сартты қазақ бауыздап жүр сақалдан ап,
Сан ғасырлық қайтарып еселерін.
Күңіренген Сүлденің сазы жаман,
Жан сауғадан үміт жоқ, базынадан.
Әр бұрышта астына бүктеп басып,
Түлкі-өмірді тамақтап тазы-заман;
Ажыраған кеудеден бас домалап,
Тастап шығып ұясын қазына-жан;
Құшып жатыр қазақтың аяғын сарт
Өгіздейін өкіріп, азынаған!
Хақ қара күн туғызса пендесіне,
Әддің бар ма тәубаға келмесіңе?!
Келлесімен жер сабап жатыр әка,
Түскен сынды Алласы енді есіне.
Ақсы үстінде Ажал тұр үнсіз барлап,
Қорғаушысын шаһардың құнсыз жалмап.
Қазақ қанын ішіне тартып алған:
«Дінді сарттан жақсы, – деп, – дінсіз қалмақ!..»
Баршын-түні Ақсының, байсын-кеші
Қара мақпал қанатын жайсын деші!
Қан-дарияда дірдектеп аунап жатыр
Аққан қаннан жеркенген Ай сүлдесі.
Бұл түн жайлы бізде де бар ғой дерек,
Айта аламыз ешкімнен алмай көмек.
Тұз – тамақтың иманы, сурет – сөздің,
Уақиғаны айтайық сәл бейнелеп:
Отқа оранды толған шәр боқташаққа,
Туралғандай, мысалы, ет қасапта.
Қара қазан-аспанды жалап тілі,
Қала қазір айналды отты ошаққа.
Сол түн жайлы айтқанда жыршы-дала,
Дөң күрсіне түсіп сәл, тыншыр о да.
Қазандағы – Ай-қазы, жұлдыз-сорпа
Қайсымызға бұйырар бұл сыбаға?!
Шығармайтын кеп-ті бұл мәңгіге естен,
Шақ болды бір санадан әңгіме өшкен.
Сыбағасынан құр қалған тарихтың
Отты ошақта ерлер ед қанды кешкен.
...Артқы көште қалған Ер – ескерусіз,
Хабарыңды естірміз – алғы кештен...
Біраз болды шыққалы хан шатырдан,
Отты ошаққа қарап тұр қан сапырған.
«Жазадан тыс – балдар мен әйелдер!» – деп,
Хас-Хажибке* әлгінде жар шақырған.
Жалын бір сәт аспанға шырқады ерек,
Бетін басты түтінмен бұлты ала көк.
Неше ғасыр шіреніп тұрған шаһар
Көз алдында күйреді шілпара боп.
Жалын тілі –
тат басып қалған көкті
Тазартуда ысқылап зімпара* боп.
Күндегіден таң бүгін жайлап атты,
Бұлтпен жүзін жасырып Ай да батты.
Күрең шайдай астында кілкіген қан, –
Сүт-қаймақ боп сәулесі сайға қатты.
____________________
Хас-хажиб* – Есік ағасы бек.
Зімпара* – тат кетіргіш құрал.
Күн де шықты.
Алапқа қарады аң-таң,
Дала қан-қан болғанда,
қала талқан.
Хабарлады қаланың бас игенін
Ер-Жалаңтөс баһадүр –
Аба-Тарқан.
Біржолата соғыстың тыншыды үні,
Қанын сүртті қамалдың күн сынығы.
– Йәсірлерді* қайтеміз?...
– Қыр еркегін! –
Құрсағыңды аздырад құл сідігі!
Баяндауда сардарлар біріндеп кеп:
– Болжалыңыз, хан ием, қырын кетпед...
...Таңұқ* таққан басына Алаш туы
Тұғырына орнады дүрілдеп кеп!
– Қын біледі қашанда қанжар құнын,
Ел біледі –
Кек пенен Арман құнын!.. –
Қарқуардай саңқылдап өргек дауыс,
Жүмілаға таратты –
Хан жарлығын!
– Ауру басын көтерер, ару қасын
Шайқас болды –
Ар менен қаруға сын!..
Алаш туы астында болады Ақсы! –
Кел-Мұхаммет! –
Өзіңсің – даруғашым*!..
____________________
Йәсір* – тұтқын.
Таңұқ* – туға тағылатын белгі, бұл жерде Жеңіс белгісі.
Даруғашы* бек – мирасқор билеуші бек.
2. Бұқар шәрі. Имамқұлы хан ордасы
...Жаман хабар Ақсыдан алды жаңа,
Бүгінгі таң жеткендей тарлық ала.
Қалды бүгін бір түрлі бүгежектеп,
Күнге созған мойынын сан мұнара.
Күпі шықты уәзір, апы кіріп,
Сөніп тынды сөзінен соқыр үміт.
Әншейінде аспанды тіреп тұрған
Шаһар бүгін құлардай опырылып.
Алқымынан алғандай дүлей жендет,
Бара жатыр өн бойын үрей меңдеп.
Ақ қара бас құрт құсап жанын улап,
Аласұрып бір ойын бір ой жеңбек.
Бөлмеді ойын кәнизәк ақ шағала,
Тұрса – дертті жүрегі,
жатса – жара.
Тіпті бүгін тәбеті тартпай қойды
Шорта бегі* әкелген бәтшаға* да.
Алтын сарай астына
қара басы
Сыймай барад – қорқыныш аран ашып.
Мақтанышы – Минардың мұнарасы
Сықылданып көрінді дар ағашы.
Бұқар көрген қиямет аз ба, тоба?! –
Көпке қорған қоныс ед,
азға пана.
Қуды көздеп,
бұл тағы қазды ата ма? –
Қорға күлкі бола ма,
езге таба?..
...Жайшылықта бұралған ару-Мулиян*
Жұтатындай –
айналып аждаһаға!
Дос жақыннан тамсанған,
жат алыстан,
Қос аққу ед Бұқардан қатар ұшқан –
Регистан – құрырдай отқа оранып,
Шаңырақтай шатырлап – Шахаристан.
____________________
Шорта бегі* (сахиб-аш-шурта) – тәртіп басшысы бек.
Бәтша* – сарт сарайларындағы билеушілер ермек қылатын ер бала.
Мулиян* – Бұқардағы өзен.
Қорқыныш пен сүйегін ұят қарып,
Отырмайды тағында мият тауып.
Бұқараның он екі қақпасы да
Он екі бас әбжылан сияқтанып.
Құтқармастай бұл жолы жау қаһардан,
Есім қазір –
қол жетпес зау қаһарман.
Қалар ма екен күл болып көз алдында
Мың сан бұлбұл жырлатқан нәубет-орман?..
Күрең жалын қалардай қамап қазір,
Шалқи кіріп лапылдап – Наубаһардан*.
...Есім болып жүргенде Алтайға алаң,
Қазақ жерін өзі еді майқандаған.
Сол қылғанын өзіне қылды Құдай,
Төнді қара басына сойқан заман...
– Ұрықсат па?.. –
Сәлдесі тандыр пештей
Исқақ қожа кірді ішке байпаңдаған.
Көз шоласын үрей мен күдік көміп,
Қарай беред піріне үміттеніп.
– Бахаубаддин бабамыз аян берді,
Қашық емес келер күн түрікке жұт!..
Шибөрідей шуылдап елге анталап,
Жалын шашып тілінен,
шел қанталап;
Қырып жатқан шығар-ау мұсылманды
Қаһар соққан Есім хан –
ол зәнталақ!..
Жібергендей шапалақ осып беттен,
Өз сөзінен пір отыр шошып кеткен.
Алақ-жұлақ қарайды жан-жағына,
Есім кіріп келердей есік беттен.
Хан түңілді пірінің жайын көріп,
Майда сөйлеп жүретін мәйін келіп,
Әншейінде дегдар-ақ адам еді,
Үргедек боп кетіпті уайым жеңіп.
____________________
Наубаһар* – Бұқардың он екі қақпасының бірі.
Болар ма деп жанына сая мына
Күткен пірі – жетпеді аяғына.
Бар айтары – бабасы Бахаубаддин,
Баяны да бітпейді, аяны да.
Бұқараның аспанын қайғы ұрғанда:
Самарқан мен Ташкенттен айрылғанда,
Шахрухийа түбінде қырғын тауып,
Тағы жамсап қалғанда Айғыр-Жарда;
Шахрхана бойында кілең шахит
Қанатынан қақырап қайрылғанда –
Қайда болды, –
қолдаса Бахаубаддин,
Әулие бар емес пе – Ай, Күн барда?!.
Ылғи Бұқар тап болад ажалды оққа,
Қайда – бұрған піріміз назар Хаққа? –
Ясауиге мүрит боп –
өлгеннен соң
Шығып ол да кетті ме қазақ жаққа?!
«Нақыш жолы – біздердің силсала-дүр», –
Деген сөзге иландық соншама жыл.
Қырып-жойып Ясауи мүриттерін,
Бұқарада қираттық қанша қабір?!
Жұқпалы дерт жұқтырып қаншасына,
Соншасына көрсеттік малша зәбір.
Кетпеді ме біздерді сіле соғып? –
Дегенге пір: «Бұлармен күреселік!» –
Жахри зікір* үстінде басып кіріп,
Қанша тықтық зынданға, дүре соғып!
Бірдей қылып талқандап есік-төрін,
Жендеттің де жібердік өшіккенін.
Ясауидің кітабын түгел өртеп,
Жаптық қанша текке* мен мешіттерін!
«Сүймейді, – деп, – бұларды ұлық Алла», –
Жел береді қолтыққа пірім ол да.
Қарға-құзғын қаншасын жемтік қылды,
Болмаса да зәбірі тірі жанға...
____________________
Жахри зікір* – жария зікір.
Текке* – ясауилік рухани орын.
Соның бәрін естіпті Есім залым,
Ерсал айлап*, жасырмай өшін, зәрін:
«Піріменен қосақтап дарға асам!» – деп,
Көргендер бар Есімнің төс ұрғанын...
...Мұның бәрі ішкі сыр пір ала алмас,
Өле-өлгенше сыртына шығара алмас.
Түбі шикі өзінің – қылдыкөтен,
Пір кәріне шалынса, сірә да, оңбас!
Сондықтан да бір сыры шашау шықпай,
Жығадан бас шығарад, шырадан – жас.
____________________
Ерсал айлау* – жолдау.
Нұрлы жүрек жоқ пірде Тәңір шайған,
Біледі іші – емес бұл кәміл сойдан!..
...Дәл осы сәт, әй-шәй жоқ, ұрықсат жоқ,
Кіріп келді сарайға Жәбір-Шәйбам.
Қорлады-ау деп тыс таптап, іш басынып,
Қуып шықпақ еді бұл түс қашырып;
Жәбір-Шәйбам көзіне іліккенде,
Сұс жасырып, жым болды, мыс басылып!
Тінтіп Шәйбам шыныкөз жанарымен,
Айдап пірді жіберді қабағымен.
Байпаң қағып жөнелді Исқақ қожа,
Баратқандай сырғанап табанымен.
Пір кеткесін оралды хан қасына,
Сәп сап қарап қайғының таңбасына.
Назар тігед оқшау бір аянышпен
Ханның мынау алтынды ордасына.
– Неғып отсың жер болып, жігерің құм?
Қысқарды ма өрісі шідеріңнің?
Ақсыңды алып қазақтың,
естіп келдім
Құлағанын ақырғы тірегіңнің.
Төнді білем шын қатер Астанаңа?! –
Тап болар күн жуықта масқараға!
Жынын шашып күркіреп Есім келсе,
Баспанаға зарсың ғой, қасқа бала! –
Қарқ-қарқ күлді содан соң Жәбір-Шәйбам,
Жөн үйреткен ағадай жас балаға.
Сарай тар ма, білмейді түрме тар ма? –
Ұшырады хан бүгін кіл қаһарға.
Жәбір-Шәйбам пәтуа бермесе егер,
Сайланбайды бұл елде – пір де, хан да!
Ханды біраз жер қылып таптап алып,
Жәбір-Шәйбам отырды таққа барып.
– Қазір қуып жіберсем сыртқа сені,
Қашпайсың ба Есімге, боқтап алып?
Келем деме, бірақ сен есен-аман
Пірің құсап – артыңды боққа малып...
Жә!
Өзіңе боғың да!!
Тақ та саған!!!
Жол таппайды тар жерде саппас адам.
Сен саппасты хан қылған менде мый жоқ,
Сендей құлға қор болған –
Ақ босағам!..
Ашығына көшейік әңгіменің,
Жаралдың ғой сорыма мәңгі менің.
Жанды жерің қайда, айтшы, менде ме, әлде
Байланған ба таққа ана – жанды жерің?!
Жаушы жібер Қытайға түнде бүгін,
Қалмақтардың қозғасын іргелігін.
Қалмақ жаққа Есім хан аттанғанда,
Түркістанға Тұрсын хан кірмек ұрын.
Ұрын емес,
кіреді күн ашықта,
Есім жүрсін Алтайда – ылашықта.
Азып-тозып қалмақтан аман қайтса,
Тұрсын шықсын!
Алдынан, сірә, шықпа!
Бүлдіресің сен шықсаң, көрінсе Есім,
Бұтыңдағы тайғанап ыза-шыққа!..
Есім десе, Тұрсынның жыны бар сұм,
Бар билікті, мен десе, бүгін алсын!
Көптен қаны қатып жүр хан тағына,
Иесі жоқта қонжиып мініп алсын.
Жұлып алсын тәж-тағын бауырының,
Қойсын өртін –
жыланның іні жансын!
Баққұмар жан пайдалы біздер үшін,
Ал, әйтпесе, бірі өліп, бірі қалсын!..
Тірі жансың!
Ұмытпа!
Біздің ханның
Кірсін енді ажары, қыбы қансын!
Кешіріңіз, хан ием, міннен ада,
Мен де кейде боп кетем мүлде бала...
Екі бөрі жатқанда жарғыласып,
Ілінеміз, иншалла, бір қараға!..
...Кетті ханның кенеттен төрі кеңіп,
Шәйбам жаққа қарайды еміреніп.
Тебіреніп көз салды терезеден,
Жүрек жағын кемірген жегі кеміп.
Күн тұр көкте патшаны сүйіп беттен,
Мейірленіп бар нұры иіп кеткен.
Сан мұнара самғайды көкке қарай
Бұқараның аспанын биіктеткен...
3. Түркістан шаһары. Есім хан ордасы
...Түркістанның қылау жоқ аспанында,
Нұрға балқып жатқандай тас та, құм да.
Әзірет Сұлтан күмбезін күңіренткен
Жамағат бар –
мүршиті қастарында.
Бозторғай құс шырлайды мігір таппай
Көктеменің бүр жарған жас талында.
Жаратқанға таң атпай мадақ айтқан
Құс ұмытқан секілді бас қамын да.
Бас жағыңда көгершін:
«Алла-һу-лап!»
Түсірердей бір сәуле тас-танымға.
...Есім отыр ордада елегізіп,
Балды қымыз жұтады аш қарынға.
Көптен жүрген бір ой бар тыншын алып,
Бақ та, сор да заман ғой қас-қағымда.
Шүкір, Моғол бас ұрды, Мәуреннахыр,
Бұқар басы көпшірмен* дау боп жатыр.
Шалыш, Тұрфан –
айналып базарына,
Үндістаннан керуен сау келді ақыр.
Дегенменен, жимаса етек-жеңін,
Өтпесіне кім кепіл дәурен ғафыл?!
Қатаған – бүк.
Алшы тұр Ойрат жағы,
Қанды қара қылышын қайрап тағы.
Бекер болды, –
қалмақты бағынды деп,
Сарыарқасын қазақтың жайлатқаны.
____________________
Көпшір* – хан салығы.
Керіп кетті Арқаны өскен түлік,
Қозғалатын толқындай төстен тұнып.
«Отқа айдасаң есекті – боққа қашар»,
Артық емес дінсіз жұрт местен тұлып.
Исламға кіргізем деп жүргенде,
Шах-Мұхаммет сұлтанды көшті өлтіріп.
Жолы ылаңнан кетпеді-ау,
қолы – қаннан,
Көкіректе кетті өліп не бір арман.
Шідертіден шығына қашқан жауды
Қуып жетіп, ағаның кегін алған.
«Мінгені Есім ханның Алабел-ді,
Бойында Шідертінің қара көрді.
Көрінген сол қараны «Кертағы» деп,
Аттарын шідер салып, қала берді».
Сол күндерден осы бір өлең қалған,
Қалдырды артқа шындығын ел аңғарған.
Шүршіт жолын қалмақпен бөгемек ед,
Оның бәрі –
шерлі сыр, шеменді арман...
Түстік жақтың іргесі бүтінделсе,
Жәукемдер ед қалмақты ұтыр келсе.
Қалай да ойрат тыныш боп тұру керек,
Бұқарменен шаруасын бітіргенше.
Өрттің алдын алмасаң күнілгері,
Орысиет гүрлеп тұр бүгіндері.
Ту-талақай қылмақ бұл ақырдемде
Қамалдарды Еділ мен Сібірдегі.
Қиын боп тұр бүйірден Қатаған-сұм,
Амалың жоқ –
тамырдан матағансын.
Күні туса – асқардай жан асырмас,
Жайшылықта жымпиған жатаған шың.
Имамқұлы кәззапқа құрық берген
Туыс болмай Тұрсын хан,
қата қалсын!
Бұл – қалмақпен жатқанда қидаласып,
Сартпен бірге ел шапқан топалаңсың!
Керей, Жәнібек бабалар – алтын-көрік! –
Зәузатына бермепті парқын бөліп.
Атасының атымен ат оздырып,
Нәйісімен солардың даңқын көміп
Жүрген Тұрсын, –
бас иіп: «бауырым» деп,
Қылыш үсті құтылды Антын беріп.
Адырнаның қос басы тең шіреніп,
Тұрған шақ бұл – Бақ пен Сор қоңсы қонып.
Қырық рудан таңдап ап қырық жігіт,
Жаулы кеткен қалмаққа елші болып.
Сол елшілер кешіккен сайын, ханға
«Хауф-рижа»* бергендей енші бөліп.
Басына алтын айдарлы күллә киіп,
Еңкіп, ергек көйлекті тұлғаны иіп,
Ырым қылып ертеңгі істің жайын,
Отыр Есім дабылға тіллә иіріп.
Тыныштықтың ішегін шертіп қалып,
Естіледі емескі ентік талып.
Жар бола гөр, Жасаған! –
Дабылға кеп
Омпы тұрып қалды асық толқып барып.
Тұрды қарғып, деді де: «Берді Құдай!..» –
Бұлт жайқаған мүйізі кер бұғыдай...
Кіріп келді сол сәтте Тарғушы бек*:
– Қалмаққа елші жіберме енді былай!..
Кешір, Ием, болды ма мұным ерсі?.. –
Айдап салып ар жақтан ұлы көрші;
Қара-Құла қонтайшы отқа үйтіпті,
Опат бопты –
Жаулы мен қырық елші!
____________________
Хауф-рижа* – қауіп пен үміт. Мүміннің хәлі.
Тарғушы бек* – шенділер дауын шешетін қазы һәм мөр сақтаушы бек.
Сәтке ғана тұрды хан аң-таң қалып,
Алқымынан ыстық бір арқан қарып.
Әжептарқы дауысы,
өң қабаржып,
Іштен ұлып үн шықты жарқауланып.
Бойын ілез хан қайта жинап алды,
Сол баяғы дарқан жүз, салқам қалып.
– Қара-Құла бастады жаман ырым,
Елшіге өлім кеспеген Баба бұрын.
Дінсіздігін тағы да қылған екен,
Қалмағына сенген ғой қарақұрым.
Қара-Құла ойраттың тұрғысы еді,
Қырық рудың қарғысы ұрды сені!
Елшіге өлім кескенге қандай жаза
Қолданарын үйреткен –
Шыңғыс еді!
Ұшырайды ұзамай апатқа ордаң,
Елші өлтіріп ел бар ма атақ қонған?
Ұмыттың-ау,
елшіге қастық қылып,
Қаразымның Дәулетін –
опат болған?!
Қара-Құла бұл жолы бос қағынды,
Батырамын қаныңа қос қолымды.
Тас тағыңды төбеңе төңкерем де,
Қабыстырам –
Алтай мен аспаныңды!..
Қалмақ біздің көрген жау! –
Ештеңе емес! –
Бұзып кетті демесең жоспалымды.
Аттанамыз!
Бұл бұлғақ бүгін емес! –
Оянып – кек, аттансақ, тіріледі – ес.
Жар шаш барлық Дәулетке,
жетсін бәрі,
Сәрсенбіде өтеді – Ұлы Кеңес.
Баталасып Әзірет дүрбесінде,
Жүргіземіз Алтайдың түбіне көш!..
4. Ойрат қонысы. Қара-Құла қонтайшы қосыны
...Қаптай қонып Алтайдың балағына,
Ойрат жатыр жабысқан жарағына.
Орда тігіп Шарыштың жағасына,
Жасанып тұр қонтайшы Қара-Құла.
Осы жерде – дүрбіт те, торғауыт та,
Ұраңхай да, хошауыт, оймауыт та.
Хойыт, зақшын, білеуіт, қалқа, шорас
Күрен түзіп, айналған сайдауытқа.
Ойрат та жұрт жалпыға ерлігі әңгі,
Бітіспестей қазақпен енді мәңгі –
Қара бұлан терісін етік қылып,
Көлік қылып мінген ел кер құланды.
Озатын ел қашса – өрттен, қуса – желден,
Қыран баптап – қанатын туша керген;
Суша желген – жылжыса жазықпенен,
Құлан құсап торлаусыз жусап-өрген.
Шарыш өзен березе – түймедегі,
Бір жағында қалмақтың Ине көлі.
Қонтайшының жоңғары* – Байбағыс та,
Барұңғары* – атақты Шине-Бөрі.
____________________
Жоңғар* – сол қол.
Барұңғар* – оң қол.
Қара-Құла – бір мін жоқ тұлғасында,
Барұңғар мен жоңғары жүр қасында.
Қайткенмен де ада емес қобалжудан,
Абыржу бар аздаған бұл қосында.
Барұңғар да, жоңғар да – сай қаһарлы,
Жорықтарда жүргендер қайда қанды.
Осы жолы қойып жүр сыр алдырып:
«Ояттық-ау бекер, – деп, – айдаһарды...»
Бағынбаған Құдайға еркін халық
Семсеріне келеді сертін жанып.
Енді, міне, болғандай тілегені,
Жау келіп тұр іргеге –
жер тұлданып.
Ер Есім тұр іргеде күркіреген,
Бойы Алтайдың таласқан бұлтыменен...
Ел тағдырын болжамақ Орда бүгін,
Қара орын ед ежелден жын түнеген.
Білу үшін бұйырмыс сыбағасын,
Қонтайшы отыр жиып бар ғұламасын:
Кикан шаған, киску мен унзот, кишл,
Бұрхан, манжы, кура мен ламасын*.
«Я, бұрхан бахчи-леп», мал өлтіріп,
Кейін азық қылатын тығады асын.
«Сыбағасын» қазақтың бермек бәрі,
Атын елеп қонтайшы сұрағасын.
«Атас-Пірас»* киесі –
Ылат-Манат*
Орда үстінде жайып тұр жылап қанат.
Оттан қарғып жәдігөй-елбі кемпір,
Шыңғырады дауыспен құлаққа жат!
Салған сардан* өтеді биі де әрмән,
Отқа таптап тәнінің иі қанған.
Сәкәкүлі сайтандай сықылықтап,
Қара түлкі қармалжық киіп алған.
____________________
Кикан шаған, киску, унзот, кишл, бұрхан, манжы, кура, лама* – қалмақ діндарлары.
Атас-Пірас* – қазақтардың дінсіз жауына қойған аты.
Ылат-Манат* – киесі.
Сар* – бақсылар сарыны.
Бітіргендей кіл бақсы шыраққа жан,
Мың қарғиды отынан бір аттаған.
Лама отыр бақырып:
«...уам мани
Батбах... хойур ғурбун да... шрах-таған!»
Шайтан – оны, ол – жынды дүрелеген,
Діңкелеген, шаршаған, сілелеген
Барлық бақсы жиылып,
қонтайшының
Алдында отыр қалпында жүрелеген.
Кетіпті-міс киелер аян беріп,
Айтылыпты ертеңгі іс баян болып.
Қашады-мыс бытырап келген қазақ,
Алдындағы бөрінің қоян делік!..
Соғыс сөйтіп жеңіспен аяқталар,
Қазақ бетін қанымен бояп бағар.
Өз қолымен Есімнің қанын ішіп,
Қара-Құла қонтайшы тоят табар!
Аузыменен жеңгізіп қалмақтарды,
Кетті барлық бақсылар зарлап бәңгі.
Бірін-бірі өлердей қостағасын,
Қара-Құла мардиып, марлаттанды.
Қарсы тұрар, әрине, аянға кім?! –
Баяндадым, мен-дағы аянбадым.
...Беріп жатты ақырғы бұйрықтарын
Жиып алып қонтайшы нояндарын...
5. Ойрат-Қазақ сүлесі
Миләди 1627, хижраның 1036 – қоян жылы. Жазға салым.
...«Барсаң сәлем айта бар – Айсанғызға*,
Құласұрдан дәмем бар тайсам мұзға!..» –
Жиембеттің арманын көкке әкетті,
Жаңғырған үн соғылып қайсар құзға.
Боздады-ай бір Жиембет кәрі нарша,
Даусын жұтып беткейде қалың арша.
Өр Алтайды көргенде
Қазақ ұлы
Қалай үнсіз қалады, – жаны болса?!
Алтын бесік ата-жұрт Алтай мынау,
Сені аңсаумен көкірек қартайдым-ау.
Бұлғанғанда сенің бұлт-орамалың
Жетем қылып көн етік, шарқайды ылау.
Жаратқанға көрмеген сәжде қылып,
Тұрып сиіп төбеңнен талтайды жау.
Ай туғанда – бөрі боп ұлып көріп,
Бұлт болып еңіреп тарқаймын-ау!..
___________________
Айсанғыз* – Жиембет жыраудың бәйбішесі.
Жан дертіме, Өр Алтай, сен керегіп,
Жетер едім өзіңе делбе болып.
Көшіп өтіп жатасың көзім жұмсам,
Өтпелі бір дәурендей дөңгеленіп.
Қойыныңа түседі сыңғыр етіп
Аққан жұлдыз –
алтын бір теңге болып.
Аққайың жүр қарағай жетегінде,
Шыққан қыздай сейілге жеңгеге еріп.
Төрге қонып гауһар-Ай отырады,
Қызға көрік еншілеп, ерге – желік.
Шерге көміп шанағы қобыз-көлдің,
Зыңыранған шығады үн перне керіп.
Шыңырауқұс сыңсиды шыр айналып,
Боз мойынды сұр үйрек көлге қонып.
Құрқылтай да, күйкентай, сақалтай да,
Сұрқылтай да, тұрымтай, жағалтай да,
Тауқұдірет, бидайық – құс төресі,
Кезқұйрық та, әрине, бар Алтайда.
Жарасады қандай құс жазғы қырға? –
Сұңқылдайды торыала қаз зытымда.
Жайқалады көгерген көксынулар,
Көгалсынға қонақтап тәждітырна.
Құзға қонған хабар ал қарқарадан,
«Қауырсынын қарқара сан тараған».
Күміспенен шеңбері күмбезделген
Арқалаған шаңырақ арқар әмән.
Тарқамаған Алтайда бір той бар-ау,
Ақша бұлты мойынын алқалаған.
Алқасы бар ақ бұлттан ана шыңға
Арзу болып арманда қаласың да!
Панасында саялап күдір, құну,
Бұтақ мүйіз бұғы жүр саласында.
Тау ешкісі бақырып беткейге өріп,
Аюлары ақырып кетпей ме еріп?..
Кетпей қонып жататын күн болар ма,
Бұланы мен құланы шекпей жорық?! –
Балаусалы сайына ордам орнап,
Бетегелі беліне беттей қонып.
Ордаларым орнаған төскейінде
Қалды дәурен, қайтейін, көш кейінде...
Кәпір қалмақ Алтайды жатыр жалмап,
«Өш!» – дейін бе, не дейін, –
«Көш!» – дейін бе?!
Жасы кетіп барады жанарымның
Нар-таулардың бөктерген мескейінде...
Қойыныңа соңынан кіріп орыс,
Өліге сұс көрсетті, тіріге – күш.
Бүріне құс ұялар, діңіне кіс,
Табылар ма өзіңдей ұлы қоныс?!
Шертті күнім жеткенше сен жата тұр,
Түні – бейіш мекенім, күні – кеніш...
...Қос арыстап кідірді қазақ қолы,
Тап болғандай жәннатқа ғажап толы.
Мазақ төлі Алтайдың – қайда қалмақ? –
Келді Ер Қазақ –
Өр Алтай азаткері!
Жәннат көгі сықылды мына қоныс
Сәлден кейін болады тозақ төрі!
Бақ бұйырды – алда тұр аңсаған бел,
Сап тыйылды сарнаумен шаршаған жел.
Қамсыз ел ме ед қалмақ та,
алдан шықты
Самырсындай сап түзеп самсаған қол.
Кетті дала құрттаған қиға айналып,
Кезқұйрықтар төбеден шүйді айналып.
Сыймайды анық ойраттар көкжиекке,
Шымырлап тұр қазандай – мыйдай жазық.
Зыңылдап тұр жүйке-жіп! –
Сәл шыдасаң,
Қазақ-қалмақ қалардай ши байланып.
Бақсы болжап,
жеңерін пұт та нұсқап,
Қалмақтар тұр – беред деп құт қоныс бақ.
...Жаудың сырын білмекті Есім кеше
Сардарларға қойған-ды нық табыстап. –
Жетпіс мың қол дайын-дүр өлісуге,
«Тіл» шын айтса, әкелген тұтғақ* ұстап.
Қалмақтардың Алтай тұр арт жағында,
Ұзынайрық су жатыр қапталында.
Бел байлаған – өліспей-беріспеуге
Соңғы кержү* қалғанша сақпанында.
Шақ таянды қан кешер үзеңгіден,
Жаннан үміт қос жақ та үзер білем.
Күпсерменен* жізек-топ* судан өтті,
Кежеуіл* де айналды күзергіден*.
«Тілдің» айтқан дерегін ырастауда,
Бөлініпті жетіге түзем кілең.
...Дүрілдеп тұр, хан ием, туың мүлдем,
Сен – қарқуар*, айдыннан қуымды ілген...
Шалқақтайды Ер Есім қол алдында,
Тақымына алабел суын мінген.
Дидарында ойнайды нұр-шұғыла,
Жарқ-жұрқ етіп шекеде шырпы-күлә.
Күлдірлейді бексауыт береңгілі,
Ашұқ киген басына – қырпы жыға.
____________________
Тұтғақ* – жаудан «тіл» әкелушілер.
Кержү* – сақпан тас.
Күпсер* – ағын судан өту үшін пайдаланатын үрмелі торсық.
Жізек-топ* – шолғыншы жасақ.
Кежеуіл* – шолғыншы әскер.
Күзергі* – өткел.
Қарқуар* – теңіз бүркіті.
Оқшаулана береді торысақ та,
Жатқақ*, жандар* қорып тұр оны шаққа.
Алтын тұрман салыпты, көннен – құяр*
Садақ-сирақ, күпшек-сан тобышаққа...
Адырнадай керіліп мезе-қасы,
Кетті Есімнің қиялы кезең асып.
Жақсы нышан танытып тұр Алтайдың
Ту байлаған ақ бұлттан еже басы.
Естен шыққан алдағы ну-қасірет,
Күркілдейді үлектей шудасы жоқ...
Орда бидің* алдына жетті еппенен
Айдынала ту ұстап Туғашы бек.
Түсті құлап боз бие ыршып барып,
Сапарға – құт садақа, қырсыққа – жұт.
Сілтеп қалды хан кенет (бауыздау-белгі)
Байрағдардың* қолынан бұншықты* алып.
Ыршып тамып қан жұқты ала туға,
Жел ду етті,
сәл ғана тыншып қалып.
Хан тістеді жалынан боз биенің,
Сыпыраның* ішіне қылшық малып.
Гу еткен жел енді сәл сумаңдасын,
Таушымылдық уілдеп, уқорғасын.
Барлығы да жақсы ырым, хан көріп тұр,
Орда би кеп баппенен ту қандасын!
Жел соққанда,
біткендей гүлге қанат
Қол шапақтап талпынды күнге қарап.
Бата тілеп Ер Есім содан кейін
Қолын жайды Ақ Сейіт пірге қарап.
Құран оқып Ақ Сейіт күңіренсін,
Осы дауыс Алтайдың түбіне енсін!
«Тәбәрәк» пен «Ясин» жетті өліге,
Енді әруақтың құлаққа үні келсін!
Жыны келсін кәпірдің естігенде,
Тебірен, тау!
Жыла, көл!!
Шімірен, шың!!!
«Жан шыдаса – ер шыдап»,
ақ шейіт боп,
Ту түбінде Ақ Сейіт тұрып өлсін!
Көріне енсін – сүймесе Құдай сөзін,
Жат дуалап ішінен іріген сұм!
Қосын туы болады Пір қолында,
Жыға алмайды жын, зілі – кімі келсін!
____________________
Жатқақ*, жандар* – хан сақшылары.
Құяр* – аттың сауыты.
Орда би* – Шыңғыс хан заманынан бар, хан мен пірден кейінгі билік иесі.
Байрағдар* – хан байрағын ұстаушы.
Бұншық* – ат тұяғы мен жалынан жасалған хан құралы.
Сыпыра* – ешкі терісінен жасалған, сусынды салқын қалпында сақтайтын ыдыс.
Қолға алды енді билікті арқалы Пір,
Дей алмаймын Пір жүгін тартады піл...
Басын ұрып алға-артқа, оңға-солға,
Бастады Пір сәлден соң «Алқа зікір*!»
Хақтың Нұрын жүрек пен жанға шайған
Қолдамасын қазақты Алла, қайдан?! –
Алтай шыңы еңірей тебіренді,
Жер тербенген –
«Алла-һу*»,
«Алла-һай*-дан»!
Үрейі ұша тыңдауда мұндар қалмақ,
Жүректерін кеткендей мұң-зар қарнап.
Қарағайлар бүгіліп қиямда тұр,
Қазақ үнін әкетті шыңдар жалғап.
Шыңдар даусын жаңғыртты бүкіл аспан,
Тау түндігін жел айтты түтіп ашқан.
Қалмақ біткен қамыстай қалтырады,
Жаннан – шайтан,
бойынан құты қашқан!..
Бұлбұл біткен үн қосты бақтарынан,
Көк кептер де қалды арнап Хаққа бір ән.
Жадқа Құран оқыды хафиз-шынар,
Самырсынның самсаған саптарынан.
Құрбақа да ырғыды батпағынан,
Тасбақа да жылжыды соқпағынан.
Жылан ғана тығылды тас астына,
Құзғын ғана бұл Жырдан таппады мән.
Қақта құлан кісінеп үнін қосты,
Жырын қосты сонау шың жақта қыран.
Көкке ұлыды тіленіп көк бөрі қан,
Дүр сілкінді бүйірі тоқ қабылан...
Кірпіктерін гүлдердің шыққа малып,
Шықты, ал ағып бұлақтар көп қобыдан...
Кек қарыған жүздерін кілең сарбаз
Құлай жаздап тұр қазір аттарынан.
Бетпағы заң ырқынан босап сәтке –
Таптағы би,
аттағы ер,
тақтағы хан!..
____________________
Алқа зікір* – жамағатпен салынатын жария зікір түрі.
Алла-һу* – ОЛ (БІР) АЛЛА;
Алла-Һай* – АЛЛА мӘңгі тірі деген Тәңірінің сипаттары.
Есім еді пендеге мұң шақпаған,
Қорқып жылап тұр деп пе ең бұл соқтадан! –
Төңірегін алғандай құрсап боран,
Әлде жалын шалғандай тұмшап ғалам,
Бір Алладан басқаның бәрі безіп,
Жанын езіп – қоймасы нұр сақтаған;
«Илл-Алла-лап!» Есім тұр қол алдында,
Жұлдыздай жас жанардан бұршақтаған!
Көздерінен тамшылап мөр-қорғасын,
Көтерді енді сарбаздар зордан басын.
Бата берді Ақ Сейіт,
Зікірден соң
Пайғамбарға салауат жолданғасын!
Тамсанғанда барыс-бел, алыс бөктер,
Ыңыранды қапталда Шарыш, көк көл...
Сарбаздарды соғысқа сайлап жатыр
Қолбасылар, Жұртшы бек*, Шабұш бектер*.
Кенет керней шығарды ұлыған үн,
Қосылды оған шың*, кепшік*, бұғықарын*.
Дауылпаз тұр набатқа* үнін қосып,
Сәкәкүлі селкілдеп дұдығаның*!
____________________
Жұртшы бек* – әскердің орналасу, қозғалуын басқаратын бек.
Шабұш бек* – сапты түзеуші, тәртіп қадағалаушы бек.
Шың, кепшік, бұғықарын, набат, дұдыға* – үн, сарын шалатын аспаптар.
Хан байқап тұр бәрін де таса қылмай,
Үшкүл түзем түзуге жасақ ыңғай.
Масағындай, мысалы, жебе десең,
Найза десең, қобылы башағындай*.
«Қадалармын кеудеңе бүгін, қалмақ,
Ант бұзғанды қойып па ед – қасам ұрмай?!»
Ханның қазір осындай ой-шамасы,
Қан боп ақпақ Алтайдың сай-саласы.
Көп ішінен айриып көзге ұрады,
Көп жұлдыздың ішінде Айша басы.
Майменесі – Жиембет дүлдүл еді,
Бұлбұл еді Марғасқа – майсарасы.
Кей серігін өтейік сүгіреттеп,
Осал деп ең қазақтың қайсы ағасы?!
____________________
Башақ* – найзаның болат ұшы.
Күйттемеген тірлікте бас қамы деп,
Қан жауса да жүздерін жасқары жоқ.
Өскен кілең тағыдай өрде жортып,
Бөрі сынды азуын тасқа білеп.
Сал бұғыны таудағы таңдап атқан,
Бетін бұрмас кіл жебе – жанған оттан.
Қайқы қара қан жұқпас болат құсап
Шығады ойнап қырғыннан қанға батқан...
Оқығандар хабардар көне жырдан,
Қара басы ханы үшін неге құрбан? –
Жерге – кие,
елінің иесі олар:
Қожа – сағым деген бар, төре – нұрдан!
Олжасы кем жері жоқ, есе – төмен,
Осында тұр нұр-текті неше төрең.
Шыңғысханнан тараған алтын шынжыр,
Соңғы жағы – Қасым мен Өсекеден.
Айбар жасыр жері жоқ, есе – бұғар,
Жастығы мұз жандар ед, төсегі – қар.
Тәуекелдің тоғызы, Келім сұлтан,
Ұзын оқты Онданның Көшегі бар.
Адырнасын арқардай аңыратқан,
Шыңдағы ұшқан құсты атқан шаңырақтан –
Үйсіндегі Сүлеймен, қырғыз Тиес,
Алатау бар әруақты – Қоңыраттан!
Атқа – заты, өзі сай құралына,
Шауып өлген Алаштың ұранына,
Қалмақ бүгін тап келді қазақ-жаудың
Шүйделі аяқ, көк шегір қыранына.
Ошыбай мен Жаубасар осы жолы
Айналады елінің ұранына!
Жақынға айдын қашаннан, жатқа да айбар,
Бар олжасын Хақ пенен таққа байлар,
«Найзасының ұшына жау мінгізген»
Наймандағы қандай-дүр Қаптағай нар?!
Тағы қыран Тобықты – алмасы зәр, –
Қожаберген, Сарыдай қолбасы бар.
Садырынан Найманның – Құдайберді,
Қаракесек-Арғыннан Олжашы бар.
Қаракесек Бошанның қалыңынан
Ер Байбөрі –
шыңдағы ол да шынар.
Төрт батырдың сұсы бар бір басында,
Қырық түрлі шарғы бар шырғасында –
Ер Жалаңтөс – Алшынның ұлыс бегі,
Жолбарыстай Жолымбет тұр қасында.
Садақкерлер, қылышкер, найзагерлер
Жауға басқан таңбасын тайға мөрлер.
Байұлының бектері Ақымбет бар,
Қалқаман мен Шоландай қайран ерлер.
Жаудан жүзін көрмеген бұрып кері,
Тақымында жүретін түрікпені –
Кілең-бұздай кілшейіп міз бақпайды
Жебе-таңба Адайдың жігіттері.
«Белгілі ерден Бегей бар» – кәрі шынар,
«Көкнайзалы Табынай» арысы бар.
Сәдуақас сақыдай Аталық пен
Жез айырлы Жаулының Жарысы бар.
Жақсылыққа қашаннан жаршы-жырым,
Ерлер даңқын даспанға жайшы бүгін.
Бұл ерлерді білген жоқ Еділ*, Сайын*,
Қоңсы Қырым көрген жоқ, байсын Ұрым.
Шығу бәрін адақтап мүмкін емес,
Тауысарсың мадақтап қайсы бірін?!
Қанағат қып, оқырман, осыны да,
Үңілейік Бабаның жосынына.
Адырнадан зу етер жебе құсап
Тұрған мына назар сал қосыныңа.
Қимылы таң Есімнің, ісі де ерек,
Ақыл сала бермейді кісіге көп.
Істеп жүрген дұшпанға бұл да қыры,
Әр түменде тұғзақтың* түсі бөлек.
Тұмар мойын тобышақ пырылдаған,
Тізгін сүзіп орынсыз ұрынбаған.
Тарпаң менен құланды будан қылып
Жасап кеткен пырақтың түрін Бабаң.
Айға қарап енесі буаз болып,
Күнге қарап келесі құлындаған.
Құдай қолдап Сейісті,
әруақ – алқап,
Араласқан жері бар суынға қан.
Зуылдаған үрейдей –
дұшпаныңның
Жүрегінің тұсынан суылдаған!..
Бір түменде –
тел шұбар шың қармаған,
Бір түменде –
шаңқан көк кір қонбаған.
Жез тұяқты жиренше – бір түменде,
Күміс тұяқ күреңше тіл жалмаған.
Қой мойынды құла бар мінген қаған*,
Ай мойынды ала бар – жыннан жаман!
Тобылғы мең торыға сын болмаған,
Туған түлік аяннан Пір қолдаған!
____________________
Еділ* – Аттила.
Сайын* – Батыр (Бату) хан.
Тұғзақ* – ханның соғыс алдында сарбаздарына мінгізетін өз аттары.
Қаған* – Шыңғыс хан.
Жарасады бәрі де ерге – мінген,
Қанаты мен құйрығы теңгерілген.
Қыннан алып зың етер селебедей,
Шыңға барып шың етер – кер керілген.
Сермеуіңнен қалдырмас семсер сынды,
Тұяғымен тасты ұнтап, жер кемірген.
Осыларға мінген кіл абадан бар,
Шоқтықтары шоқыға бара-бар нар.
Торғауытты* нояндар, бектерлі* бек,
Бөктергілеп аймауыт* Аба қамдар.
Батыр, баса бөктерген баданаңды ал,
Қазір кешіп өтетін қара қан бар.
Жалаңқатты* жас жігіт болады аңғал,
Қаттау* киген жөн сұра ағадан, бар!
Қызыл талға қынаған қызыл алмас –
Қия тартып жіберсең,
ізі қалмас.
Жанабынан жан шығып кетпей тұрып,
Сағағынан алшадай үзілер бас.
Сүйек қапқан ақ семсер –
шарайнаны*
Еттей турап кетуден жүзі жанбас!
Сары ырғай-шер қос басын иді неге? –
Қыран жемін көрмесе шүйліге ме?! –
Танып тұр ол құрбанын, сырлап салған
Қанды ауыздан сайланған сыйлы жебе.
Ексімімен баураған мәңгі мені
Ойда жүрген бұл да бір әңгіме еді.
Қол біледі ұстаған бұл қаруды,
Қылып өткен тән-қамсау жан біледі.
Қозыжауырын көкжендет* қылшанда тұр,
Көбебұзар*, қасалы*, әндігені*.
Он екі тұтам*, шай жібек*, ала білек*
Тұр, қалмақтың қайда деп жанды жері!
Бедеріңді бейнелеп бере алмасам,
Күшіген жүн сайгез оқ*, аңды мені!
____________________
Торғауыт, бектер, аймауыт, жалаңқат, қаттау, шарайна* – сауыт түрлері.
Қозыжауырын көк жендет, көбебұзар, қасалы, әндіген, он екі тұтам, шай жібек, ала білек, күшіген жүн сайгез оқ* – жебе түрлері.
Жанға қамсау Бабамыз құрал алған,
Өлтірмейтін, өлмейтін мұра қалған.
Сұрап алған әркімнен сөзім емес,
Кежім емес көр-жерден құрап алған.
Осы оқтардың барлығын Бай-Өлкеде
Өз көзіммен көргенмін Сұрағаннан*!
Бәрін тізу – артық жүк бір ақынға,
Емес және ол ең басты мұратым да.
Мүдіргенім емес дүр – кідіргенім,
Келмеп еді тез кіргім сұрапылға!
Атқан жебе қайтпайды кірісіне,
Шегінерге тағдыр жоқ,
шығатынға.
Қыратында таулардың қалмады орын
Мейірімге!
Ақылға!!
Рақымға!!!
Қолатында Алтайдың өткен іс бұл,
Болған іс бұл қалмақтың ылатында...
Бір-біріне қозғалды қол сүмеліп...
Түсер екен қай асық алшы болып?..
Пенделердің қылығын ерсі көріп,
Шың басынан қарайды паңсып елік.
Қоңсы қонып көк тасқа бедірейген,
Таңданады күн салып тал шіреніп.
Жұтып тынбай бір-бірін тоқтамайтын
Екі топан –
кетердей жаншып, обып.
Екі жақты –
соғыстың заңыменен
Жекпе-жекке шақырды жаршы желіп.
...Пір біледі, содан соң хан біледі,
Сұм жұлдызға* ойрат тұр қарсы келіп...
Кімге де айбат бергені, кімге – қайрат,
Қалмақ – гу-гу, туына сүлде байлап.
Ат ойнатып майданға шауып шықты,
Құлан жалды құлаға мінген ойрат.
____________________
Сұраған* Рахметұлы – Бай-Өлкелік ақын.
Сұм жұлдыз* – он күнде айналып туатын жұлдыз. Ол жұлдызға қарсы жүрген ер адам жаманшылыққа ұшырайды.
Қағындыдан қарғыстың тисін де оғы,
Көре алмаған дұшпанның күйсін көгі! –
Не де болса, отырмын осы жолы
Ерлерімнің ісіне сүйсінгелі. –
Ханнан – алқау, алған соң Пірден бата,
Ер Сүлеймен жөнелді Үйсіндегі.
Жол – қашанда Алаштың үлкеніне,
Тілмен қолда, ішіңнен түйсін де оны.
Арыстандай астына тарпа бүктер
Сүлейменнің мінгені алпауыт кер. –
Еңіреген қалмаққа өлім тілеп,
Адырнадай шіреніп тарталық, кел!
Айта жүрер әңгіме келешекте,
Айдынды еді Сүлеймен не десек те.
Сүлейменнің жанында –
құлалы ойрат
Мінген жандай боп қалды кер есекке.
Әдісшілін! –
Қапелде орап шапты, ал,
Өрелесті – жеткенде кер ат қаптал!
Шөке түсіп қалды ойрат ат-матымен,
Тас төбеден ұрғанда шомақ шоқпар*!
Сүлейменді –
қазаққа қосқан бақты
Неше ғасыр біздің ел еске алмапты...
Осыдан соң бес ірет майдан беріп,
Жер тістетті қайран ер бес қалмақты!
____________________
Шомақ шоқпар* – темір шоқпар.
Алтыншыда... түсті ауып батыр аттан,
Жебесінен жоңғардың қапыда атқан.
Өз қанымен үлгерді ол дәрет алып,
Шейіттіктің шарты сол!
Ниеті – Хақтан!
Солай өлу ерлердің арманы екен,
Пірлер айтса, –
үлгі алған жеті баптан.
Шатынатқан қайғы еді не де болса,
Қабырғасын қазақтың қақыратқан...
Ер Алатау шықты енді майданға ойнап,
Арттан шығып найзасы сайған бойда-ақ.
Алатауға бір қайрат қыла алмады,
Тайғандай бақ басынан ойранды ойрат.
Деген бар деп «ер кезек үшке» дейін,
Жекпе-жектер болды ермек түске дейін.
Үшінші боп ортаға Жары шықты,
Шықты-дағы істеді іштегі ойын.
Нояндарға ат басын арнап бұрып,
Жекпе-жекке шақырад, сарнап тұрып.
«Кегін алдым Атаның!» – дей береді,
Жеті жоңғар батырын жер қаптырып!
Шаңдақ қылып барады жүрген жерін,
Кірген жерін... сайгез оқ қарнап кіріп.
Шаңбақ қылып бірінің басын шапты,
Ақ бұлттай әруағы торлап тұрып!
Жалғаны жоқ сөз еді, ерсісі жоқ,
Шалдар айтад:
«Басыпты Ер сұсы!» – деп.
Шаңбақ-басты байлапты қанжығаға:
«Елші өлтірген қалмақтың еншісі!» – деп...
Біткен істе мін бар ма – Ар алғасын?! –
Қанды сүңгі жауына қадалғасын.
Бұдан әрі Жарыны мақтай алман,
Кіндігінен сол шалдың жаралғасын!
Болғаны осы! –
Оң десін, теріс десін,
Мейлі мошқап бәз біреу келіспесін!
Тең ішкесін –
Бабамды жасыра алман,
Бал мен уын Есімнің бөліскесін.
Қоныстасын қумаған жан болыпты,
Құдайындай сыйлаған өрістесін! –
Айбалтасын булатқан алтынменен,
Көп үстінен шулатқан періштесін!..
...Жошты кенет екі жақ қарбаласып,
Керней үні таулардан сарнап асып.
Жекпе-жекте жыққан соң мерейі өсіп,
Баратқандай Алаштың әруағы асып.
Бәр істі де шынында Алла жайлар,
«Мен істедім!» – деген тек пендеде ой бар.
Қосындары көгжиек керіп тұрған
Бұрынғыдай қалмақта қалмады айбар.
Елеусіздеу бұншығын сілтеді хан,
Кірді шеттен ойратқа алғадайлар*.
Кіріп кетті ойратқа – алғадайлар,
Күміс жыға, алтыннан салған айдар.
Састы қалмақ –
сатырлап мүйіздері
Қаптап келіп қалғандай қандағайлар.
Сегіз қырлы сұр найза, сүйек-саржа,
Астарында ақсирақ самдағай нар.
Шапқатарлап* шөгеріп,
түйелерді
Көрсетпеген Ер Есім алдан ойлар.
Телшесінде* кіл шолақ атпа-найза
Еңсесінде дұшпанның самғап ойнар.
Сартылдаған сақпаннан кержүлері
Жүзден ажар қашырад,
жаннан – айбар!
____________________
Алғадай* – тосын шабуыл жасайтын арнаулы әскер.
Шапқатарлау* – түйені айқастыра тіздеу немесе тұрғызу.
Телше* – найза қыстырып қоятын белдегі жез құрал.
Алтай-ару үстінде қу сыңсыған –
Жібек көйлек секілді сусыр тұман.
Тұман, бірақ жазыққа төгілмеді,
Ағын-сәуле кеудеден қусын күмән!..
Сол тұманға кіріп ап ағыншы қол,
Қалмақты орап баратыр ту сыртынан.
Өзен беттен топ кетті шепті түріп,
Жасын ойнап ашықта көкті тіліп.
Түскен жерін опырып ойып барад,
Он екі құрсау жезайыр от түкіріп.
Шеттен қарнап жөнелген, бастан жалмап
Алғадайға бет бұрды сасқан қалмақ.
Қыр басында Ер Есім алшиып тұр,
Қалықтаған баршындай аспан барлап.
Баршын бүркіт...
Аспанды барлап тұрып,
Сілтеп қалды бұншықты қармақ қылып.
Қармақ қауып қалғанда –
жоңғар-шортан
Бұлқынды-ай бір құйрығын жан-жаққа ұрып.
Үшкіл түзем – сұр найза,
ойраттардың
Көкірегіне баратты зарлап кіріп!
Әруақ алқап қазақты,
күрт еңсеріп,
Бара жатыр қалмақты тілкем соғып.
Бұлт еңселіп кенеттен иығына,
Алтай тауы ұраннан тұр теңселіп...
(Тесілемін сол ғасыр түнегіне,
Шишам сынып қалмағай, білтем сөніп!..)
...Жеті түзем баспалап бірін-бірі,
Кеулеп барад ойратты – Үлкер шерік*.
Қан ба, шаң ба? –
Ылғанды есіл ауа,
Жау іздеген ерлерге осы дауа...
Осы жолы ойраттың оңалмасы
Мәлім бола бастады бесін ауа.
____________________
Үлкер шерік* – түземдер бір-бірінің артынан баспалап жылжып, дұшпанның ішіне кеулеп кіріп кететін әскери тәсіл.
Төгілген қан гүл менен тасқа қорек,
Нұрмен шәйіп сол қанды аспан әлек.
Тау тұрғанмен қасында аспара-көк,
Бұл ойында бас бұғар баспана жоқ.
Екіндіде белгілі болып еді
Келмейтіні ойратқа басқа көмек.
Шайқасты хан тұр шолып асқақ көктен,
Шүрегейді тұйғындай жасқап тепкен.
Отыз мың қол –
ойратты барады орап,
Жыландының тауына тастап кеткен.
Кенет...
Ойрат бүлінді сырт жағынан,
Шыңғырысқан үн шықты ұрт жаныған.
Ағыншы қол тиіпті таудан асып,
Салмаушы ма ед ұясын бұлтқа қыран?!
Бұлтқа салған ұясын қыран тепсе,
Құланың да безбей ме күрт қағынан?!
Күрт қағынан жеріген құлан-қалмақ,
Бөрі алғандай күй кешті түп таңынан.
Осы мезет...
Шу етті шың бұзар үн,
Шыңды бұзып, өлгенді тұрғызар үн.
Ағыншы қол әлегі аз болғандай,
Қазақ енді тігіпті күллі зәрін. –
Қызыл жалын сықылды отыз мың қол
Келіп қапты тау беттен –
Мұндыз ағын*!!!
Түзді жалын осылай жайпаушы еді,
Аққанда айтып өледі жұлдыз әнін...
Жұлдыз әнін айтумен ағып келед,
Қандай қалқан – жолына тұрғызарың?..
Тұрғызатын қалмады қалқан да енді,
Мірдің оғы тигенде талқан болды.
Бақсыларға әлі де сеніп тұрған
Қара-Құла қонтайшы аң-таң болды.
____________________
Мұндыз ағын* – тұтқиыл шабуыл тәсілі.
Соғыс деуге...
жоқ мұны деуге болмас,
Жандай болды жолыққан жаумен алғаш.
Дал-дұл жыртып сауытын сөгіп барад,
Ажыратып басынан кеудені алмас.
Мына жақта мың ойрат барқыраған,
Ана жақта мың ойрат қорқыраған.
Ойрат қаны сайларға сарқыраған,
Сарқылмаса болардай арты жаман.
Жан қалмады қанына малтымаған,
Қан-толқында жүзіп жүр жарты ғалам!
Қосын – быт-шыт.
Бас та жоқ, аяқ та жоқ,
Түзейтінін біле алмай қаяққа бет.
Жылап жүрген жоңғар көп жынын құсып,
Қару түгіл, қолында таяқ та жоқ?
Аяп па кек –
кез келсе құныкері,
Қазақ бекер жасымен бояп па бет?!
Тыңдады ма зарлаған жанашырды:
«Ұйықтап жатқан жыланды оятпа!» деп.
Нықтап ұрды.
Қалмақты тап тықсырды,
Күйреп түсті күбісі қақсып сырлы.
Қара-Құла шайнап тұр өз бармағын:
«Бекер ертіп шықтым, – деп, – Ақсұқсырды!..»
Қыз перзенті ол. –
Батурдың* қарындасы,
Құрбан еді бұл үшін жарым жасы.
Ештеңеге Ақсұқсыр тұр түсінбей,
Жанарында шар ойнап лағыл жасы.
Қарап тұрып соғыстың алаңына,
Кеш қалғанын байқады Қара-Құла.
Айналасы теп-тегіс опат бопты,
Ие болар бір жан жоқ жарағына.
Ертөлесі* еңіреп жылай беред,
Жабысып ап жыландай балағына.
Жау көргенде қазақтай жауыз бар ма-ай?! –
Іс қылмайды Алласын ауызға алмай.
Жәрдемдесіп Алласы,
қонтайшыда
Бара жатыр тығылар қауыз қалмай...
Болып тұр бұл –
бақсылар қолға түссе:
«Иа, бурхан бахчи!» – деп бауыздардай!..
Болған іске өзі де ғажап қалад,
Бұл қорлықты көргенше тозаққа бат!
Қолға иелік ете алмай алжып тұрып,
Қалған екен ордасын қазақ қамап!
____________________
Батур* – Қара-Құланың баласы, кейін Дүрбін-Ойрат қонтайшысы. Салқам Жәңгірмен, Жалаңтөс баһадүрмен соғысқан.
Ертөле* – жасауыл.
Өрт-шайқастың кеудеге табы ұрғанда,
Ақылда дәт қалмады, сабыр – жанда.
Нояндары қояндай безіп кеткен,
Бірі де жоқ – жоңғар да, барұңғар да.
Дәт қыла алмай қонтайшы ақылына,
Тастады атын жарасқан тақымына.
Ақсұқсырды қорғамақ болып сосын
Кірді ентіге жүгіріп шатырына.
Ойы ойран боп, отырды ақыл жасып,
Дәтке қуат – құтылды Батур қашып.
Ақсұқсырды қармана берген шақта,
Кіріп келді қазақтар шатырды ашып...
...«Бақ та, сор да келеді Құдайымнан,
Мені, бектер, қайтармаң ырайымнан.
Сәті келген бұл да бір дәурен еді,
Қалай сыртта қаламын бұл ойыннан?!» –
Қарғып мініп суынға таң асырған,
Ада-күде безініп жанашырдан,
Қойып кеткен хан Есім,
шайқастың да
Ең бір шырқау шағында аласұрған.
Оңдауының кемі жоқ сапарды Алла,
Несібесі бар екен татар қанда.
Шалғы орақпен шапқандай
сан дұшпанды
Аттандырды қолымен жаһаннамға!..
Батур қашты безектеп Бозкөжекпен,
Ордасына ойраттың тақалғанда.
Өзінің де сол еді көздегені,
Бұлтылдайды Батурдың Бозкөжегі.
«Жәңгір-жанның* бір жауын азайтайын,
Қолға дұшпан ілінген кезде», – деді.
Бықпырт тиіп Ойраттың тәмәм ері,
Көрген күні ендігі қаран еді.
Батур тайшы Шарышқа тіке тартты,
Бауыр жаза бергенде Алабелі.
____________________
Жәңгір* – Ер Есімнің ұлы Салқам Жәңгір. Қазақ ханы.
Жеткен білем шынымен шығынғыр шақ,
Үрей мұрсат бермеді-ау жұлын құрсап.
Аждаһадай өзенге қойып кетті,
Оба жұтып жіберді жылым бір сәт...
...Күн де қонды сол сәтте ұясына,
Ай ілінді Алтайдың қиясына.
Қара бетін тарихтың жазу үшін
Қан қосылды Шарыштың сиясына.
6. Ғанимат*. Есім хан қосыны
...Кикан көмек болмады,
Бұрхан – себеп,
Қалың тоғай өрт алса – қылқанша жоқ.
Шаңырағы Ойраттың ордасының
Қирап түсті ортаға күлпарша боп.
Өзі оңдайды жолды Алла қамдарында,
Бақтың Құсы шырқанып самғарында.
Бір ай сүргін жорықтан
ақырында
Қалмақ қалмад Алтайдың аңғарында.
Бірі кетті Қобыға шыжынаған,
Бірі кетті Қобдаға ызынаған.
Хо-Үрлік босты батысқа,
шұбыртып ап
Хошауыт пен дүрбітін быжынаған.
Ызғындай ел әп-сәтте тып-типыл боп,
Қала барды Алтайдың құзы қараң.
Соғушы еді кімге оңай қаза-қырғын?! –
Сарқылатын күні жоқ аза-жырдың.
Опат тапқан қалмақтың құралынан
Шығыны да кем емес қазағыңның.
Жалын құсып, қан құсып қанша боздақ
Құшып қалды Алтайды нарша боздап.
Тұр Алтайдың безеріп құж тастары
Сәл езілсең еңсеңнен жанша жаздап.
Жанса маздап Ай түнде тау үстінде,
Тұтанады астында арша қоздап.
Ай астында алмауыт күлдірлейді,
Сарыарқадай даласын аңсап аздап...
____________________
Ғанимат* – соғыс олжасы.
...Отыр бүгін бектермен шатырда Есім,
Таразылап шайқастың нәтижесін.
Өліге – аят, тіріге алқау арнап,
Жолға салды ырзалап Бақи-Көшін.
Сарпай* алмай сардардың қалғаны жоқ,
Батыр да Есім бұл күні, сақи да Есім.
Бата беріп Ақ Сейіт – хақ қазірет,
Мерейі өсіп ерлердің жатқаны көп.
Табанынан таусылды сый таратып
Бұларғашы бек* пенен Ақтәжі бек*...
Қорда қылмай қытайдың қауымына,
Орда қылмай орыстың сауығына,
Бұқар жақты бір жайлы қылғаннан соң,
Ел орнатпақ Өр Алтай сауырына.
Алтын бесік озалдан – алтын Алтай
Баспақ мәңгі перзентін бауырына.
____________________
Сарпай* – хан қолынан алынар сый.
Бұларғашы бек* – әскери мүлікті басқаратын бек.
Ақтәжі бек* – әскерге қажет малды басқаратын бек.
Қоныс па бұл –
ойрат пен дүрбін алар?! –
Тау төсіне шырақ қып гүлді жағар.
Сырғып ағар сынаптай таудан төмен,
Қазақ төлі, бұйырса, қырды жабар...
Кіріп-шығып шатырға сабылып жүр
Кежеуілдер әкеліп түрлі хабар.
Қайран ерлер көзге ұрған кер тағыдай,
Басың қайда қалмады – жер танымай?! –
Хақас жақтың қалмағын қуып жүріп,
Опат бопты «Көк найза – Ер Табынай!..»
Батыры жоқ жортатын жазы-қырда,
Тұлданып тұр алмауыт қазығында.
Бет сипасты ел күрсініп:
«Ер Табынай
Болғай да, – деп, – Алланың фазылында!..»
Шайқас өтті –
Орда-Ойрат шарта сынған,
Тарасын – қан,
шерінен тарқасын жан;
Айырықша ерлік пен еңбек қылған
Ер мен Бекті, ендеше, алқасын хан!
– Қарақалпақ, қырғыздай ағайынға
Алтын кемер қолымнан тағайын да! –
Салайын да жолыңа, қандас бауыр,
Қалса қандай қазына сарайымда:
Албан, Суан, Дулат пен Шапырашты,
Ысты, Ошақты, Сіргелі, Жалайырға.
Жөні бөлек Қаңлының сойыс берген,
Саған да ерек сый жасау бар ойымда...
Ғылмандарға қосылып Ер Сүлеймен,
Жүрген шығар Алланың пәнайында.
Ормандай көп Орта жүз, ері – сүңгі,
Сені көріп дұшпанның белі сынды.
Арғын, Найман, Тарақты, Керей, Уақ,
Қоңырат, Қыпшақ –
Алашқа тегіс үлгі.
Қалмақтардан босаған Сарыарқадан
Қоныс беріп,
кеңейтем өрісіңді.
Ұлы Қаған* тағасы* – Қоңыратым,
Соңыратым толтырам кемісіңді!..
...Жекпе-жекте жол ашқан Алатауға
Өз қолымен хан ие тон ұсынды.
– Найзасының ұшы алтын Алшын-Кеншін,
Алшын емес, безбелді баршын дерсің.
Жан-серігім сен едің – жұқармаған,
Мұқалмаған беренім – сан сын келсін!
Бақты алмасын тірлікте қолдарыңнан!
Ақ жарылғап күн тусын жолдарыңнан! –
Бас сардары Адайдың Ер Бегейге
Алмас қылыш ұсынам қан жағылған.
____________________
Ұлы қаған* – Шыңғыс хан.
Таға* – нағашы.
Имансыз ит – жанықас,
өзін қарнап,
Қара-Құла мерт тапты қанжарыңнан.
Марапат та, мадақ та, Адай, саған,
Қонтайшының ордасын олжа қылған!
Жары қайда? –
Мерт болған қалмақта атаң,
Жүкті артатын өзіңдей саңдақты атан.
Ерлігіңмен қырық ру кегін алдың,
Ұрпағыңа дарысын алмақ батаң!
Қара орыны Шыңғыстың – «Мұңал-Ошақ»,
Иығыңа жабамын қалғат-шапан!
...Көптен – алғыс,
ханынан қалғат алып,
«Бақ дарыған Жары» деп қалды атанып.
...Бақауылдың* орындап өтінішін
Хан алдына Жеменей келді Аталық.
– Барлықпен де пендені сынар Құдай,
Жоқтықпен де біреуді бұрар былай.
Сен барлықтың сынынан сүрінбедің,
Аталасың «Жомарт» деп бұдан бұлай!
Саған Хақтың бергенін – маған бердің,
Мен еліме құрбанға шалам дермін.
Ас-тамағын қамдадың, ат-жарағын,
Қажетіне жарадың тәмәм қолдың.
Маңдайыңа мал бітсе, – бақтың бақпен,
Таңдайыңа бал бітсе, – таттың баппен.
Асырадың ай бойы сарбазымды
Қарын қуырдақ,
сары жент,
аққұмдақпен*.
Қажет десең, белдеуден жарауымды ал,
Қидым саған, белімнен жарағымды ал!
Сен де – Жомарт,
дәл бүгін мен де – жомарт,
Кәне, менде қандайлық қалауың бар?..
____________________
Бақауыл* – ханның асын бақылаушы.
Аққұмдақ* – ірімшік түрі.
Аталыққа қарады хан кідіріп,
Мәнді күліп, жүзіне қан жүгіріп.
Сән жүгініп алдына хан иенің,
Сөйлеп кетті Аталық сәл мүдіріп:
– Ақсұр атты мінбей бер! –
Малым дейін!
Ақсүңгіні ілмей бер! –
Сәнім дейін!
Ақсауытты кимей бер! –
Жаным дейін!
Ақсұқсырды сүймей бер! –
Жарым дейін!
Берер болсаң, қазір бер – бәрін дейін,
Берсең, –
тұтсын төбеге Тәңір дейін!
– Болсын! – деген дауысы шықты Есімнің,
Ханнан мұндай жомарттық күтпесін кім?!
Шатыр іші ду етті,
іште қалған
Кім тықпасын шығарып,
бүкпесін кім.
Әзіл-шыны аралас, назы басым,
Айтысуда әркімші базынасын:
– Әкетті-ау, – деп, – бұл Адай –
Хан үлесі –
Қонтайшының бар жиған қазынасын!..
Әзілдің де қырпысы, ызғары бар,
Байқамаса талайлар мұзға құлар.
Біреу топтан күңк етті:
– Бұл Байұлы
Қашаннан да олжа мен қызға құмар!..
Ескі кепті қозғау ма – сондағысы? –
Қайралсын деп отыр ма ел намысы? –
Таныды хан – таулы елдің жолбарысы
Көкіман би – қырғыздың Шоңбағышы.
(Кейбір ісін ерлердің құп аласың,
Кей қылығын жадыңнан шығарасың...
Тарихтан түкіріп тастамассың
Көкіманның ұсынған сыбағасын. –
Санташ деген асудан
Есім үшін
Соқты кейін Жеңістің Мұнарасын!..)
Қыбын тауып, тапжылтпай қапыда ұрар
Аңдамасаң, шетінен сапы бұлар.
Бетін бұрып жіберді әңгіменің –
«Ханда қырық кісінің ақылы бар».
Өтміш пенен кетмішті еске салып,
Кетуін-ай мынаның төске шауып.
Үндей қоймас Жиембет,
ал Жолымбет
Көкіманның көкуін кешпесі анық.
...Ханға көзсіз бағыну ерге міндет,
Өрлік те бар –
таққа өрлеп, төрге мінбек. –
«Хан олжасын» жолшыбай барымталап,
Өлімге де кесілген Ер Жолымбет.
Қарақшыдай олжаға тиер деп кім
Ойлап еді? –
Ұшы бұл түйер кептің.
Есіне алып Есім хан отыр қазір
Сондағы айтқан толғауын Жиембеттің:
«Әмірің қатты Есім хан,
Бүлік салып бұйырдың,
Басын бер деп батырдың,
Қанын ішіп қанбаққа,
Жанын отқа салмаққа.
Атадан жалғыз мен емес,
Хан ием, ісің жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет
Құрбандыққа қол емес.
Жол тосып алып кетіпті
Қалмақтан алмақ сыйыңды,
Қаһарыңды басқалы
Қалың елім жиылды.
Бастап келген өзге емес,
Жиембет сынды биің-ді,
Малын салып алдына,
Әр саладан құйылды,
Он екі ата Байұлы
Бір Тәңірге сыйынды!
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Ер Есім, сені есірткен
Есіл де менім кеңесім.
Ес білгенден, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін...»
Естен танып тұрса да, өштен жанып,
Хан батырды танытты кешкен қалып.
Ханды еркіне қоймады, көндірді ақыр
Екі сөзбен Ер құнын шешкен халық.
Көрмеген хан –
тигенді ондай шамға,
Айыпқа да анжыға көнбей сонда,
Қос серігін ашумен ақырдәмде
Жер аударып жіберген Нор-Жайсаңға.
Аттанарда қалмаққа бағдар бұрып,
Жырау сөзін, ер ісін қардар біліп,
Екеуін де алдырған Түркістанға,
Деген Сертпен: «Хақ – куә, болғанды ұмыт!..»
Маймене ғып сайлаған Жиембетті,
Жолымбетті Алшынға сардар қылып.
Саңқ етті хан:
– Кәнеки, Ер Жиембет,
Күтіп жатыр қаруың: «Келді ием», – деп.
Көкіман, сен көр-жерді шұқи берме,
Шұқи берсең табылад қол күйерге от.
Жырау сөзі жарасад – Жеңістен соң,
Өр Алтайға дауысыңды серги өрлет!..
Қара қанжар – қарт жырау – кек кеппеген,
Тілі бар ма мұндайда от төкпеген?!
Жырау сөзі зымғады оқ боп берен,
Тиген суық, қалған дық кетті өкпеден.
Өр Алтайдан солқымдай орғып аққан,
Жар құлатқан толқындай төкпектеген.
– Ай!
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Жырауың саған не десін!..
Кәпірдің бұздың қамалын,
Қалмақтың сөктің көбесін.
Дұшпанның есін кетірген,
Ер Есім, сенің елесің.
Тәуекел ханның ізінен
Пар-парлап ұшқан жебесің.
Ағаның салған жолынан
Айнымай сен де келесің.
Алашты сүттей ұйытты
Ауызыңнан шыққан кеңесің.
Кеңесің сенің жаққан соң,
Қырғыз да берді келесін.
Өзіңнің арқаң – көргенім
Алтайдың алтын төбесін.
Елді ертіп атақонысқа,
Бұлт болып бір күн шөгесің.
Ауызы түкті кәпірдің,
Шекесі шоқты қалмақтың
Шығардың шөре-шөресін.
Дін бұзар сартты майқандап,
Оның да ұрдың енесін!..
Топан да топан жау келсе,
Тебіренбес ауыр кемесің.
Дуадақ қонған басына
Мұнарлы, меңді төбесің.
Шыңғыс пен Жошы, Сайын хан,
Керей мен Жәнібек, Хақназар –
Әруағы қолдап жебесін!
Қолыңа болсын демесін,
Жолыңа болсын себесін.
Тентек пен телі тап болса,
Жаңылмай бердің төресін.
Өзіңнің арқаң, Ер Есім,
Менің де мынау көресім –
Қозыдай болып жамырап,
Маңырап тапқан енесін.
Ақ Сейіт пірдің ізінен
Жаңылмай, ханым, ересің.
Болмасын сенің жолыңа,
Иншалла, енді бөгесін!
Тайқыма Тәңір сынынан –
Дидарын Хақтың көресің!..
Көтеріліп бір елі бәрі жерден
Ел ду етті –
дерттідей дәрі берген.
Тәні көрген таршылық тәрк болып,
Салтанатты сәт еді сәні келген...
Осы сәтте шатырға келді кіріп
Бөгежелі Жақсығұл – кәрі мерген...
– Күтемін бе деп едім бәріңді елден,
Заман ғой бұл бал қосып зәрін берген.
Түркістан мен Орданы ойран қылып
Басып кірді Тұрсын хан қалың қолмен!
Шырмалып қап қайғыға хан құрсаған:
«Болмайды екен, – дей берді, – Ант ұрса адам!..»
Жидіп бара жатқандай жан-жүйесі
Түсіп кетті қолынан –
Алтын шаған*!..
7. Қатаған қырғыны
...Аңыз болып тараған көш-күлемге,
Қандай кеңес қалды екен ескілерде? –
Мәшекеңнің* айтысы:
«Хан – жынданған
Тұрсын ханның хабарын естігенде!..»
Өзі – Есім, ал сонда осал ма хан –
Бауыры сатып,
жауы атып,
досы алдаған?!
Тұлан тұтып тұрғанда тақтан тулап,
Қырық батыр жабылып баса алмаған!...
Бәрін сілкіп тастапты тымақ құрлы,
Тамыр тартқан текті сой – неше арнадан.
«Дінсіз қалмақ, құнсыз сарт – бәрі досым,
Шын дұшпаным – Тұрсын хан есе алмаған!
Қатағанды қырамыз – Тұрсынымен,
Қарбашасың* – сөзімді хош алмаған!..»–
Депті де Есім мініпті Алабелге –
Ерге – талқы, езге – тез,
о, сор заман!..
____________________
Алтын шаған* – «хан сарқыты – сары бал» ішілетін ыдыс.
Мәшекең* – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931).
Қарбаша* – сарт сарайларындағы салдақы қыздар.
Ел басына туды шын албарлы күн,
Таңдар мыңын бұл қырғын, қарғар бірін.
«Тұрып сиер Қатаған қалмасын!» – деп,
Шашқаны шын елатқа хан жарлығын.
Жалмар жылым жақындап келе жатты –
Саялы сай, қазақтың сандал қырын.
Жалманды* қын жасырып тұра ала ма? –
Біле ала ма құлтекі қанжар құнын?!
Нұғара* бұл елді ұрған батпан шақтас,
Шаян ба екен қамсызды шаптан шақпас?!
«Ойланбаған іс – ойран», – деген бар ед, –
«Тиегіне тимесе, қақпан шаппас».
«Құра алмаған қақпанды – қасасын...» – деп,
Ойланбады Тәшкенде жатқан саппас.
Шайтан еді дәл көздеп атқан оны,
Түн күзетіп ол оқты баққан таппас.
____________________
Жалман* – қанжардың ұшы.
Нұғара* – ауыртпалық.
Нысана бар қашанда – жүрек деген,
Сау болғай деп сол жүрек тілеп келем.
Досты көрсе, –
бал болып езіледі, ол,
Жауды көрсе, –
тарғыл тас дір етпеген.
Сол жүрекке дарыса шайтан оғы,
Күл болады Достық та қыл өтпеген...
Тұрсынды да, Есімді
Малғұн-мерген –
Екеуін де жайратты бір оқпенен!
Торға түсіп бұлқынған ор қояндай,
Сорлы жүрек, талписың сен де аянбай.
Кеткен шайтан кем де кем арамыздан,
Сол қоянмен қанжыға қандай алмай!
Құлағына Ақ Сейіт құйғанменен,
Арты ұйықтап жүр қазақтың, алды оянбай.
Қара маңдай қазақты тағы, міне,
Ата-дұшпан жүректен алды, ой, Алла-ай!..
Елін қорғап жүрген Ер өтті қанша,
Өз жүрегін –
дұшпаннан қорғай алмай...
...Кетті аттанып Ақ Сейіт Іләңгірге*,
Хан: «Тұрсынды, – деген соң, – қылам мүрде!..» –
Көзі көрмей,
құлағы қалды естімей,
Сөз кірмейді Есімге тұлам мүлде.
«Құнын менен Мақшарда сұрап жүрме,
Тығам мүлде, – дей беред, – жыланды інге!»
Іләңгірге осы қыс қыстамақ ед,
Тап болды ғой жылан-түн, ылаң-күнге.
Қайран Есім – қайтпаған мың сан қолдан,
Жүрегіне «елім!» – деп кір-шаң қонған.
Сен жауменен жүргенде жарғыласып,
Отын бопты арттағы инсанды Ордаң.
Қылшан қорған – жебеге, ер – еліне,
Екі талай күн болды-ау мұршаңды алған.
Той екен ғой –
қалмақпен өткен қырғын,
Арман енді сол бір күн құрсан болған*!
____________________
Іләңгір* – қазір жер аты, Ясауи (р.ғ.) рухани орталығының атауы. Ер Есім орда тіккен қоныстың бірі.
Құрсан болу* – шат болу.
Кеуек қамыс көп екен, қуыс келең,
Шаппаушы ма ед арыңа туыс деген?!
Бауыр деген артыңды жаппаушы ма ед,
Ал мына бір қырғынды кім істеген?..
Қайда кетті кешегі арқайын күн:
«Елі қанбай – ерлері су ішпеген?!»
Қазақ – үш сан, қос сан боп Қатағаны,
Жатпаушы ма ед бұғыдай қопадағы.
Туыс теліп жүргенде,
қуыс болып
Шыққаның не? –
Ел ең ғой батадағы!
Жотадағы моламыз қатар еді,
Өлі-тірінің шығады-ау топалаңы.
Қапы соғып туысын талай берсе,
Қайым күннің шынымен тақағаны.
Сырттан талай сұқсаң да суық-найза,
Ұмыттырып кетуші ед отамалы.
Қапысыз кеп бұл жолы, қамсыз өртед
От тасушы –
сайтанның сапалағы.
Сан шапаттап бүгінде, қол шапақтап,
Шартылдап тұр шайтанның шапалағы.
Шөгел өлсе, қала ма балапан сау?
Босқан елге бола ма дала қамсау?
Ер жорықта жүргенде, ел қорықта
Харап бопты күллі елат – Қарақан Тау*.
Деп жатқанда, – желкемде жортар жау жоқ,
Сап тыйылған –
сазды азан, салқар қаумет.
Тұрсын жеткен тұлданып,
бар арманы –
Түркістанды тып-типыл талқандау боп!
Шалқар сәулет шатынай паршаланып,
Арсаланып өртенген Дарқан-Дәулет.
«Жаңқаң – жау!» – деп орманды ойрандаған,
Ойланбаған бар-ау деп тартар нәубет.
Жақсығұлдың жасағын майдан құрған
Жайпап өтіп, сота* боп Сайрамды ұрған.
Сүрен болып сайрандап Отырарда,
Түрен болып Ясыны ойран қылған!
____________________
Қарақан Тау* – отан.
Сота* – шоқпар түрі.
Басып кіріп Әзірет дүрбесіне,
Айналдырған қазақтың түрмесіне.
«Қорғап көрсін әулиең!» – деп тістеніп,
Мүриттерді бауыздаған іргесіне.
Нақыш жолын тұтынған көп Қатаған,
Көк топалаң салып жүр мүлде өшіге!
Көптен күткен тойлары бүгін болып,
Жетті қолы ойдағы жүлдесіне!..
Кімге де оңай тимесін білем бұл сын,
Өңге қалай соны естіп ірең кірсін!..
Ясауиді құшақтап жанын берген,
Зікір айтқан күйінде кілең қыршын.
...Сол қырғынды көрсетем жамағатқа,
Қойнауына тарихтың түгел жүрсін!..
Ойранына халықтың шыдамаған –
Сезіміне төзімін шідер қылсын!..
«Садақа, – деп, – Есімге шатқалдағы!» –
Құрбашының сол еді мақтанғаны, –
Зікір айта жөнелді:
«Илл-Алла-лап!..» –
Мүриттердің арықта аққан қаны.
Әңгіме емес –
күлкінің сап болғаны,
Мұғжиза да керемет Хақтан-дағы.
Сыймай қойды ақылға –
мүриттердің
Әлі тірі арықта жатқан жаны...
Түнге сіңіп жоғалды мірғазаптар –
Жарғанаттай қаптаған бақтардағы.
Айырмасы –
шыңғырған дауысы бар,
Барады ағып шылқылдап шаттан зәрі.
Жын қақтырып жіберді жендеттерді,
Қанақа боп Алланың қақан кәрі!
Сақтанғалы қозғасам осы кепті,
Сенбейсің сен, бауырым, жаттан да әрі...
Баққан малы, өйткені менікі емес,
Халал емес, әрине, татқан дәмі.
...Естігенде Ер Есім осы кепті,
Бір нажағай жүрегін осып өтті!
Осып өтті дудама* омырауын:
«Қанмен ғана жуам, – деп, – қасіретті!»
Қалқанына ұрғылап басын отты,
Іреп жатты қанжардай жасы бетті.
Жылау емес бұл жылау Алтайдағы,
Қанды жасын «Күйіктің»* тасына екті!
____________________
Дудама* – екі жүзді қанжар.
Күйік* – асу. Есім ханның осы күйігіне байланысты аталған.
Қорғансыз ел, қамсыз жұрт, ол – баладай,
Пәруанадай –
талпынған шамға қарай.
Ханға қарай:
«Төкпейік бауыр қанын», –
Дейтін пенде болмады сонда қалай?..
Кешіп жүріп бауырдың күрең қанын
Жанға қалай қарарсың, малға қарай?!
Арға қалай батпайды сіле-қарғыс? –
Күре жарғыш –
шыдарсың зарға қалай?!
Ерге қалай қарайсың тұлын тұтқан?
Құнын жұтқан қарайсың жарға қалай?..
Сүрен соғып босып жүр кілең шонық* –
Ордаларын өрт алған тарбағадай*.
____________________
Шонық* – бейшара.
Тарбаға* – суыр.
Кілең шонық босып жүр тырағайлап,
Көрсетер жан қалмады, сірә, қайрат.
Міне, қайрат! –
Есім мен Тәуекелдің
Бар әулетін баратыр түгел айдап.
Тігер айбат баланы бауыздай салад,
Мұндай қылған жоқ еді кілең ойрат.
Базары бар әйелді тап сол жерде,
Ажары бар қыздарды жүре жайлап;
Тегін түскен олжаға тояр емес,
Жүрген азғын ермекке күре байлап...
Шұлғау қылып аяққа ізгілікті,
Бауыздапты қатарлап жүз жігітті...
Теліміне тексіздің түсіп кетті
Ерініне бал құйған қыз қылықты.
Кілең жендет –
тимеген жүген-құрық,
Тиді шеттен қазаққа сүренді ұрып.
Жолындағы –
дертеден бойы асатын
Қазақұлын тастады түгел қырып!
Жан шошиды Қатаған былығынан,
Есі – қаран,
сесі – нас,
түрі – жылан.
Ат үстінен көрсетіп көргенсізін,
Жасап көред балауыз ұрығынан.
Насын езіп келеді бар білетін,
Хабары жоқ –
Құдайдың құрығынан.
Өзі бәңгі залымның ұғымы – бәң,
Бас алмайды қорқордан ұлығы нән.
Мен бұлардың шошығам қылығынан,
Адам деген аты бар тұлыбынан –
Жақсымбике ханымды тоқсандағы
Сүйреп алып шыққанда бұрымынан!
Өзі төрде болғанмен, көзі – көрде
Кейуананың жас ақты жұлығынан.
Тәуекел мен Есімнің әз анасы –
Тірі-Мұрам жан еді,
ділі – Құран. –
Доңыздарға қор болып өлер шақта,
Зарлап барад –
сөзінің шығынынан:
«Сұлыбынан атаның жаралмап па ең,
Таралмап па ең ананың құлыбынан?!» –
Оны ұғатын маңайда тірі жан жоқ,
Сүлігі нақыш сарттекі,
сідігі – қан!..
Қырғынынан асты бұл Аспараның,
Тартып алды ішіне тас та қанын.
Бір жасады – құладын, қарға-құзғын
Етін ғана таңдап жеп жас баланың.
Бұқараның әскерін ол жолы да
Білесің бе Қатаған бастағанын?
Неге ұмыта бересің, қасқа қазақ,
«Жаны ыластың жүрегі тас» боларын?!
Бауырыңа тартасың қайта неге
Хас дұшпанды –
бір ірет шашқан арын?!
Ендігісін...
Қан айтар жерге сіңген,
Қан көктеткен дала айтар кең көсілген.
Өңге ісін мен айта алман аузым барып,
Суыра алман жүректен шөңгесін мен.
Мәңгі есімнен кетпейді сол бір зауал,
Шығармашы, Сайрамсу, сен де есіңнен!
Қыра берсін Қатаған... қыла берсін,
Біз әңгіме қозғайық енді Есімнен.
«Машат асар ауылым, Шақпақ қонып,
Шақпақ желі соғады тоқпақ болып.
Құс аспаған асудан мен асамын,
Қалқатайдың ауылын таппақ болып».
Арқау болған жер мынау осы өлеңге,
Басқа жерден тоны өзге,
төсегі өңге.
Осы жерге –
қайтқан құс қонып қалад,
Тап болғандай –
көрінбес кесе-керме.
Бірақ Есім тоқтамай асты асудан,
Сел ағызсаң бөгелмес неше жерге;
Көсегеңде –
бораннан бөгет соғып,
Дуал салсаң дауылдан көсе-дөңде!
Жөңкіп асты қалың қол Түлкібастан
Қырғауыл, қу нуында шұрқырасқан.
Шаңырақ-күн төбеде,
уық-шыңдар
Түлкібастың түндігін түртіп ашқан.
Келеді Есім көп қолдан алшағырақ,
Харап болған пендедей барша мұрат.
Күрсінеді шыңдарға қарап қойып:
«Халық – уық, – деуші ед деп, –
хан – шаңырақ».
Уықтарын ойлайды уатылған,
Жасын жұтып ішіне нарша жылап.
«Не болды екен, – дей беред, –
менсіз күнің,
Бөрі қуған бейбақ ел, малша аңырап?!»
Іштен шыққан дұшпанның ексімінен,
Келе жатыр таба алмай өксігіне ем.
Айдынында таранған аққу-жұрты
Соққы жепті аяусыз – көкшіліден!
Сертті бұзған,
Ант татқан,
Ар аттаған
Кіл шибөрі маңайың жалақтаған.
Тамақ харам кешегі бірге татқан,
Нең қалды енді, Қатаған, дәм атпаған?!
«Жаман айғыр шабатын жатындасқа»,
Тек «жалмауыз – жақынын қарақтаған!»
Келмей қалған «бұл қалай?» деуге шамаң,
Күн қоршады жылты кем, сәуле сараң.
Бөрі жеген бөксесін бейбақ елдің
Қалса болды, әйтеуір, кеудесі аман.
Келесіне түсіпті күйкіші-көрт*,
Шәр-даласын жалмапты жұлқысып өрт.
Соңы бітпей –
тауып жүр ілкі ісі мерт,
Сапары – серт!
Өмірі – өрт!!
Ұйқысы – дерт!!!
Ханға таныс бұл жердің әр төбесі,
Талай шыққан –
өскенде мәртебесі.
Ел келесі өткен жер – Ордабасы,
Ер кеңесі өткен жер – Мәртөбесі.
Ері шеру,
елі еру,
басы аманда
Құт тұр еді осы қос босағаңда.
Ясауи ілімін негіз қылып,
Бағыт алып, бап алып «Жасадан»* да,
Мекен болған тұрақ ед бұл Мәртөбе –
«Ескі жолын Есімнің»* жасағанда...
Шарлап келед хан бәрін қиялында:
«Өзге түгіл өзіме қиямын ба –
Сансыз Баптың тұрағы – қайран Сайрам
Сансыз сарттың қалмақ па тұяғында?!.»
____________________
Күйкіші-көрт* – тегі нашар бір өркеш еркек түйе.
«Жаса»* – Шыңғыс ханның заңдар жинағы.
«Есім салған ескі жол»* – Есім ханның заңдар жинағы.
Ұзын аққан Сайрамсу, Балдыберек,
Қасқасу мен «Хан қызы» қанды қорек.
Сәнді желек жамылған қарындасын
Қалған жер ол бесікке мәңгі бөлеп.
Қатағаннан құның да сұралмап ед,
Қарағым-ай, қайтейін, әңгіме көп.
Осы жолы еселеп қайтарармын,
Жібермеспін, иншалла, бәңгіге кек!..
...Жанды жебеп әлдене айтатындай
Қолтығынан қайыңдар талды демеп.
...Аят оқып «Сайрамда – сансыз бапқа»,
Аттан түсіп кідірді хан жүрелеп...
«...Уа, Қазығұрт! –
«Басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған?!» –
Болып тұр ғой бір шығу саған арман,
Етек – тістен босамай, жаға – қолдан.
Құрсауымды қирата сықырлатып,
Топан-толқын –
мені де қамаған қан...
Тіршілікті қайтадан жалғау үшін
Тау едің ғой –
Алла өзі қалап алған!
Күн шығады төбеңнен нұр бұрқырап,
Жаңа ғана шыққандай табадан нан.
Адамзаттың қайғысын теңдеп алып
Шөгіп жатқан аумайсың қара нардан.
Бұлт көшкенде басыңнан сабап орман,
Қағады-ай бір қанатын шағалам қан.
Шудақақпай жүріске түсіп алып,
Асып бара жатасың қаба жалдан.
Сол бетіңмен қайрылмай желіп кетсең,
Бақыт құсы ұшпай ма бар адамнан?!
Жыртқыштығын тыймай тұр Адам ұлы,
Қазығұрттың басынан тарағаннан...
Қолда мені, «Ғайып-Ерен – қырық Шілтен»*,
Басқа менде жоқ енді шара қалған!
Қолда мені, сансыз Бап – жаны ағарған,
Қайтара гөр пәлені, Бәлегәрдан*!
Ыбырайым атам-ай*, қорға мені,
Жарлы менен жалқыға пана болған!
Жалқың едім – шарасыз жарақ алған,
Адастыра көрме тек сара жолдан.
Қанмен жуып сол қанды тазартпасам,
Жарадан тән арылмас,
қарадан – қан.
Бүгін жауды жоймасам тамырымен,
Өртенбей ме күні ертең дарақ-орман?!
Қала-қордам қайғы алған –
күл болмай ма,
Тұл қалмай ма –
Ай қонған алалы ордам?!
____________________
«Ғайып-Ерен – қырық шілтен»* – Қазығұрт етегіндегі әулие.
Ыбырайым ата* – Қ.А. Ясауидің әкесі, Сайрамда жерленген.
Бәлегәрдан* – бәле қайтарушы, «жеті өлікке жан берген» әулие Бахаубаддин Испиджаби, IX-X ғ.ғ.-да Бұқарда сүріп, Сайрамда жерленген.
...Жізек келді. –
Көріпті күн байырда,
Тұтқиылдан тап беру ыңғайында –
Шатыртөбе басына шатыр тігіп
Жатыр Тұрсын –
Тоғыс пен Мыңбайырда.
Тұрсын шыға келгендей өші кеткен,
Хан әмірін тұжырды кесіп өктем:
– Тұтқиылдан шапқанды көрсетейін,
Таң алдында тиеміз осы бетпен! –
Ханның кенет бойына енді шабыт,
Жау көргенде келетін белгісі анық. –
Кешке шейін еруміз...
Ымырт түсе
Ат ерніне жылжимыз кергі* салып.
Тарағандай тамырға тағыдан қан
Шапшаң еді Ер Есім қабыланнан. –
Шолпан туа дұшпанға тиді келіп,
Семсерге – Серт,
Кекке – Дерт жаныған жан!..
«Қапыда алмақ» хан Тұрсын шапшып тұрды,
Шаптан шаян жан құсап шағып алған! –
Жұтып бара жатқандай жерден жылым,
Аспан астын жан шошыр сарын алған.
Төнді алапат құлақты зәрі жарған,
Өртенгендей қоршаған қалың орман.
Атқып шықты Хан Тұрсын шатырынан,
Дәмені үзбей самсаған батырынан.
Ірен-тозан дүние – ию-қию,
Алжастырып баратыр ақылынан.
Бапы-жылан еліне тап болғандай,
Жылжып кетті жылан-бақ тақымынан.
____________________
Кергі* – ат пысқырмау, кісінемеу үшін ерініне кергі салады.
Еске алғанмен пайда жоқ енді Алланы,
Көлден құсы көшіпті,
төрден – бағы.
Ем болмады Тұрсынның еткен ісі,
Тәңір Өзі атқаннан кем болмады!
Аспан асты алапат бұл көрмеген,
Көктен Ғайса,
Шыққандай жерден – Мәді...
Қара аспанды су алған сүргін екен,
Қара жерді құм алған қырғын екен.
...Қылдыкөтен Қатаған –
әруақтардың
Тап осылай ұрарын білді ме екен?!.
...Бұдан ары айтпаймын ежіктеп мен,
Төгілген қан қаламға азық деп пе ең!..
Бұл қырғынды Қазанғап Байболұлы*
Бастан-аяқ ежіктеп жазып кеткен...
____________________
Қазанғап Байболұлы* (1891-1945) – халық ақыны. «Еңсегей бойлы Ер Есім» дастанын жазған.
Оқиғаның осы еді жұлын-тіні,
Осымен де тынбас-ты мұның түбі...
Қашып кірді Ташкентке Тұрсынға еріп
Опат болған әскердің сілімтігі.
Серт – сесінде баяғы, кек – кесімде,
Сертті бұзсаң, ант ұрып кетпесін бе?! –
Сөкпесін бе бір-бірлеп қабырғаңды,
Бура-қайғы үстіңе шөкпесін бе?! –
Қатағанды Бадамда харап қылған,
Санап қырған күркіреп жетті Есім де!
Бір ұрғанда – Ташкенттің тас қаласын
Талқан қылды –
шығарып масқарасын!
Дұшпан алған Тұрсын тұр баспанасын,
Тығатын жер таба алмай қасқа басын.
Қазақ деген өрт шығып жалмап барад,
Қырық мың үйлі Қатаған астанасын.
Тұрса қайда сыяды, жатса қайда?! –
Қашып кірді ол ақыры Ақ Сарайға.
Соңғы күшін жинады ол,
Ер Есімді
Қарсы алмақ боп тағында – патша-жайда.
Босаттырып анасын, бейшарасын,
Кек кемірген келді Есім ой-санасын:
– Албастыға барман, – деп, – аяғымнан! –
Жіберді ішке маймене, майсарасын.
Кірді екеуі сарайға алтындаған,
Жаныңнан – жылт,
жанардан жалт ұрлаған.
Сарай іші – сары алтын,
өрт сықылды,
Пенде бар ма бұл өртке шарпылмаған?..
Шартылдаған қалың өрт келіп қалды,
Соңғы жаңқа Тұрсын хан өрт ұрмаған.
Шарасы жоқ оның да,
сарқылды амал,
Жалын көміп баратыр жалқындаған.
Қалпында аман,
тақта отыр қалтылдаған,
Көміп барад алдын – өрт, артын – боран.
– Нең қалды енді, ей, Тұрсын, Ант ұрмаған! –
Сөйлеп кетті Марғасқа саңқылдаған. –
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын!
Жетім елді еңіретіп,
Жер тәңірісіп жатырсың.
Хан емессің – қатынсың,
Қазақ келді – қапылсың.
Хан емессің – қасқырсың,
Қара албасты – басқырсың.
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалың жеткен пақырсың.
Көнбесең де көнерсің,
Иманыңды айт, өлерсің.
Еңсегей бойлы Ер Есім
Есігіңде келіп тұр:
Шашқалы тұр қаныңды,
Алғалы тұр жаныңды,
Кешікпей соны көрерсің!..*
____________________
*Бұл жыр Шәкәрім қажыдан толықтырылды.
Толғап келіп Марғасқа төркіндетіп,
– Алға түс! – деп бұйырды серпіндетіп.
Еңкілдетіп Тұрсынды алып шықты,
Өгіздейін өкіртіп, өңкілдетіп.
Хан Есімге –
тастай сап Марғасқаны:
«Бауырым!» – деп оқталған жармасқалы.
Қия тартып,
сыр-р етті бауырының
Көз ілеспей сурылған алдаспаны!
Жалт ойнады Ташкенттің аспанында,
Дым түсінбей қалды жұрт қас-қағымда.
Ер Есімге қолдарын соза бере,
Кеуде де тұр қозғалмай,
бас та орында!
Қазір-ау – сор, сәт келсе, әзір-ау – бақ,
Бас бөлінді сәлден соң, тәжі де аунап.
Тұрсын да өтті көз құртын тойдыра алмай,
Өзін жұтты – өз жұртын өзі жаулап.
Саңқ етті хан:
– Дидарлас, қатарласым,
Маталғасың менімен сапарда сын.
Татарға асым бірге еді сендерменен,
Қандырамын ал бүгін зәһарға шын.
Ал мынаның –
сақтасын мен барғанша,
Имамқұлы залымға апар басын!
Тағдыр – ғайып,
несіп – жел,
өлім – ғафыл,
Таусыламыз біз де өліп тегінде ақыр.
Маған жазған болды осы Хақ бұйрығы:
Қатағанның тағдыры қолымда тұр!
Өлінің де, тірінің жер тұрағы,
Белдеуде-дүр ажалдың кер пырағы.
Антын бұзды Тұрсын хан! –
Ант атты оны! –
Сертті бұзсам,
мені де Серт ұрады!
Аямаймын бала деп, балдырған деп,
Ол да ертең – жау!
Жауды аяп санды ұрған көп.
Семсер ұстап сендерге серт бергенмін:
«Тұрып сиер Қатаған қалдырман!» – деп...
...Хан бұрған жоқ ешқашан жүзін кері,
Қарашы тұр: «Хан үшін жан құрбан!» – деп.
...Ал қыздарын...
Қақ, Алла, қатеріңнен! –
Өріс табар құс қой ол жат өңірден.
Қоңырбике ханшаны Тұрсынқызы
Сары* алғанын оқырсыз Шәкәрімнен...
Табылады қызға ие,
шаршамаңыз,
Зар еңіреп кетпеді қаншама қыз...
Қызданбике, Айбике, Нұрбикені
Еншіледі Арғында Шаншар абыз...
...Қазақ тосын шайқасқа қамданды ұлы,
Қанға сүңгіп Ай, Күннің тамған нұры.
Хақ – әмірі,
тағдырдың жазуы – сол:
Екі болып көрген жоқ хан жарлығы!..
8. Ер Есімнің елесі
...Қатағанға төккен соң кәрін атам,
Хансыз тұрды он бес жыл алып отан.
«Есім қайда кетті, – деп, – сол жылдарда!» –
Тарихшы да, ақын да – бәрі де таң.
Тарихшыны тыңдадым, берері жоқ,
Шежірешіні тыңдадым, дерегі жоқ.
Дерегі де, берері – өздеріне,
Енді маған басқаның керегі жоқ...
...Аяқтала бергенде осы дастан
Жалт қарасам, кім-дүр деп есік ашқан? –
Есім атам еңсесі аспан тіреп
Кіріп келді cұсы мен cесі басқан.
____________________
Сары* – Абай, Шәкәрімнің арғы бабасы.
Өң бе, түс пе? –
Ол жағын айта да алман,
Әйтеуір, бір түн еді Ай таранған.
Болған жайт ед –
менің жан-шырағымның
Сөніп барып...
сәтінде қайта жанған.
Төрт ғасырдың түнегін тесіп өттім,
Зу-зу өтіп тұсымнан айпара-орман.
Ер Есімнің алдында тұр екенмін,
Әзірет Сұлтан төбемде –
Байтақ Ордам...
Хан иемнің айтқанын қайталайын,
Талай сырды ұғынар байқаған жан:
– Шығай ханның ұғылы Есіммін мен! –
Тірі шықтым –
не қырғын, не сүргіннен.
Жау үстінде –
пері боп есірдім мен,
Ел үстінде –
желі боп кесілдім мен!
Түркістанды қазаққа астана ғып,
Айды аспанға шығардым мешін жыл мен!
Басып қалған Сыр бойын қалың сарттан
Топырағымның тазарттым төсін мүлдем.
Қоқан, Ташкент, Бұқар мен Наманганда
Өз үйімнің төріндей шешіндім мен.
Жәлалабад, Әндіжан, Самарқанды
Өз ауламның бағындай кешіп жүргем.
Алтын бесік Алтайдан жау қалмақты
Жер түбіне бостырып көшірдім мен.
Үнді менен Қытайға керуен тартып,
Кеңге елімнің шығардым көшін бірден.
Қырым менен Орысқа серуен тартып,
Ұлы Орданың таныттым сесін мүлдем.
Қапыда ұрған қайталап Қатағанды
Жер үстінен біржола өшірдім мен!..
...Со сүргіннен мен неге тірі шықтым? –
Кетпедім деп назамын несін мүрдем?!
Тырнағы жоқ ажалдың тосын бүрген,
Кесілмесе қайтемін –
кесілгір дем?!
Ерлігіме бегеніп,
мас боп кеппін,
Соңғы қырғын, іс болды –
есім кірген!
Қорғаймын деп шет-шегін ұлысымның,
Он үшімде құрсанып қылыш ілдім.
Ұлы Сүргін басы екен сол сапарым,
Есігі екен –
енетін Ұлы Сынның.
Баудай түсіп сансыз сарт, қалың қалмақ,
Жалмауызы мен боппын бәрін жалмап.
«Мен жұтпасам,
елімді олар жұтад», –
Деп ақталсам, –
бәрібір көңіл нанбад.
Болмады, әттең, «Жәмшиттің тостағаны»*,
Дүниенің алатын өңін барлап.
Қан кешумен өзімді еттім мезі,
Қан-қан болып шалынад көк күмбезі.
Серттің жолы –
қара тас-метім екен,
Соқыр екен, білгенім –
кектің көзі!
____________________
Жәмшиттің тостағаны* – ғаламның бар сырын көрсететін айна.
Сол бетпенен,
сол көзбен,
сол Кекпенен
Айналыппын мезетте жендетке мен.
Қатағанды қынадай қырып салдым,
Қалмады еркек еңкейген, еңбектеген.
Тасқа шапқыр, адыра қылышыммен
Харап қылдым Қатаған ұлысын мен.
Сол бір қара күніме қарғыс айтам,
Қимылыммен!
Тіліммен!!
Тынысыммен!!!
Арыстандай ақырдым, аласұрдым,
Сол-сол екен,
басталды аласүргін.
Ақ Сейіттің тұтпаппын әр кеңесін,
Зар-келесін ұқпаппын жанашырдың.
Зәр-кересін жұтамын өкініштің,
Қанды елесін тықпалап ана сұм күн.
Жапырыла жолымнан қашқанға жау,
Өзімді-өзім теңеппін асқарға анау.
Мыңға балап жүріппін бір басымды,
Мақтан соққан – бәң ұрған мастан да ары-ау!
Мардиыппын елге ие болғаныма,
Шыңдарға шам жаққандай,
аспанға – алау.
Қайда құны қандардың қыршын тамған?
Қайда сыры жүректің күрсін толған? –
Мың сыр толған түндерден мұң алмаппын,
Сыр алмаппын нұр керген тылсым таңнан...
Ол да қырды, содан соң мен қырыппын,
Сонда айырмам қай жерде –
Тұрсын ханнан?!
Келешекке көнемін – жақса қара,
Көрешекке сенемін – жапса жала.
Адастырып,
иттей қып таластырып,
Айдап кепті бұл күнге нәпсі әммара*
Күш барында тәнімді кернеп тұрған,
Сұс барында жауымды жер қаптырған:
«Жауды жеңген – жарты да,
өзін жеңген –
Бүтін батыр» дегенге бермеппін мән.
«Хал ғылымын»* санаппын жеңілдікке,
Жай нәрсеге балаппын ермек қылған.
Зікір нұрын құймаппын жүрегіме,
Әзірет Сұлтан дүрбесін тербеп тұрған.
Тіріге жол көрсеткен піріме қол
Тапсырсам да –
сынбапты сом боп тұлғам.
Зікір, пікір, шүкірден алыстатып,
Шайтан –
Мені ақыры жендет қылған!..
____________________
Нәпсі әммара* – хайуани нәпсі.
Хал ғылымы* – жүрек ілімі.
Ертіс, Есіл, Еділ мен Жайығына
Барып өлген ерлердің жайы – мына:
Ауыт болып табыты –
Түркістанға,
Табыт болып жетеді қайығы да.
Неге Әзірет Сұлтанға жетіп өлед,
Мұның шындап бардым ба байыбына?...
«Аттатпан деп кәпірді Түркістанға!» –
Жеті мәрте жандасып жұлқысқанда,
Ордам тұрған шаһар деп шайқастым ба,
Боялғанда әр пұшпақ, қыртыс қанға?..
Ол, себебі, бұл жерге Құт қонғасын,
Құт бар жерде білді атам жұт болмасын.
Түркістаннан айрылсақ,
түк қалмасын
Түсінді олар, қазақтың тіпті оңбасын.
Тіккен басын бабамыз бұл жер үшін,
Шыңғыс қаған сол үшін тікті ордасын!
Бабалардың сөзіне иланасың,
Мен де сондай болсам деп қиналасың.
Сыймағасын содан соң өзіңе-өзің,
Тағы да бір жорыққа жиналасың.
Құт қорғаған жүрісте нәтиже жоқ,
Құттың нұрын жүрекке құймағасын.
Жимағасын тілекке Ізгілікті,
Болады аян бір күні ширамасың.
Ширамасаң,
шайтанға шырмаласың,
Жұрт көзінше әшейін қырланасың.
Бар нұрыңды әзәзіл ұрлағасын,
Ұрланасың өзіңнен,
тұлданасың.
Тұлданғаның – біткенің,
тұл боласың! –
Көп ұзамай нәжіске былғанасың.
Құдайға емес,
малғұнға құл боласың,
Үлесінен Алланың құр қаласың!
Тырбанасың өзіңше тірлік қылып,
Адам емес, сен, бірақ –
құлғанасың!..
Қайғысынан Бақидың ғафыл күнде
Пайдасы жоқ –
ханмын де, хакіммін де.
Тіфә! Тіфә!
Аулақ қыл айтқан жерден! –
Ұшырайсың «Әсфәлә саафилинге»*!
Сақта, Құдай! –
Мен ондай зымыстанға
Тілемеймін кіргенін кәпірдің де!
Артық, бірақ кәпірден қай қылығым? –
Бір ісім жоқ айтуға татыр мүлде!
Тек, әйтеуір, күнәсін мойындаған
Тақ түбінде жаны бар жатыр мүрде.
Тәубә қылдым!
Уа, Тәубә!!
Тәубә қылдым!!!
«Қайық қирап тәубәсіз аударылдым»*.
Мұрсат берсең,
қайтарам жемістерін
Шайтан тонап әкеткен бау-бағымның!
____________________
Әсфәлә саафилин* – тозақтан да төмен, Құдайдың қаһарына ұшыраған ең төменгі дәреже.
«Қайық қирап тәубәсіз аударылдым»* – бұл жол Құл Қожа Ахмет Ясауи (р.ғ.)-ден алынды.
Тыс тарылды!
Түс қашты!!
Іш қабынды!!!
Мыс шағылды!
Сұс састы!!
Іс қағынды!!!
Менің жауды жеңгенім кімге дәрі,
Қумай тұрып жүректен дұшпанымды?!
Талақ қылдым жолыңа, Патша-Құдай,
Мендей настың табыты – мыс тағымды!
Бір бұлбұлым оянды жанда сайрап,
Жүректегі сол әннің таңбасы әйбат.
Мың жұлдызды тірілтем кеудемдегі,
Сахардағы зікірмен:
«Алла – һай-лап!..»
Шам масайрап әр түні жану үшін,
Ату үшін әр күні таң масайрап,
Мен – биліктен бас тарттым! –
Шықтым кеше
Салқам Жәңгір сұлтанды қалға* сайлап.
Қос арысы қираған арбаң ба едім,
Қазір сені әлім жоқ қорғар менің.
Ордам менің,
туғанда сәруар сәт
Жиылады төріңе сардар, бегім.
Жүрегіме Билігім жеткен күні
Оралармын өзіңе,
арманды елім. –
Алған демім Алласын аңсағанда,
Саялы бел сен боп қал,
самғар көгім.
Ибдағ уа Хайат уа Раббы Аллах*! –
Қылшы енді өлген жүректі нұр ағар бақ...
Әзірет Сұлтан ішіне кел, бауырым,
Ертең менің қолымнан шыра жанбақ.
Қырғын тапқан Қатаған бауырымның
Әр-біріне отырам Құран арнап.
Мінәжатым,
болашақ – діл-азатым
Таң біліне оқыған дұға болмақ!
Шықтым ақыр Шындықтың самалына,
Мен ғашықпын –
АЛЛАНЫҢ Жамалына!
Нұрмен шаям жүректі,
қол жеткенше
Сидратүл мүнтәһа* дарағына.
Пайғамбардың жасына жетіп өлсем,
Жерлерсіңдер Пірімнің қадамына.
____________________
Қалға* – ханның тірі кезінде орынына сайлап қоятын адамы.
Ибдағ уа Хайат уа Рабб* – АЛЛАНЫҢ Жоқтан Бар қылушы, Тірі, Тәрбиеші деген сипаттары.
Сидратул мүнтаһа* – Ғаршының дарағы.
Кешір, сырттан даттаған өшпендіні,
Оянсын де,
ЖҮРЕКТІҢ ӨШКЕН НҰРЫ.
Мен қазақты жатармын желеп-жебеп,
Әділ Алла күнәмді кешкен күні!..
...Осыны айтып Ер Есім болды ғайып,
Сыры келе жатыр ед енді байып.
Сесі қалды жүректе мөрге ылайық,
Сұсы қалды көзімде ерге ылайық.
Есіл Ерге –
Алладан кешу сұрап,
Дұға қылдым мен де енді қолды жайып:
– Хан Иемнің, Жан-АЛЛА, бер тілегін,
Бермей қойсаң, мен де онда мертілемін.
Ертіп елін түсірсін «Ескі Жолға»,
Жаңа жолда талпынған «еркін» Елін.
Төккен терім,
шеккен шер,
кешкен қаным
Елге берген ежелден Сертім едің.
Осы Серттің үстінде өлген үшін,
Тура бастар жәннатқа жол тіледім.
Сен тұр едің, Ер Есім, бір басында,
Бір басында сол Жолдың мен тұр едім.
Төркі көгін шаң, кірден таза сақтап,
Жұқтырмасам деп едім көркіне мін.
Дүниеге шашсам деп Жан Жұпарын,
Шын Иеме жетсем деп, ентігемін!
АҚИҚАТТЫҢ ашайық Ақ Сарайын,
Талқан қылып Жалғанның тор-түнегін!
Желпі желін, Жасаған, Бақи-Бақтың,
Серпіл, далам!
Тула, тау!!
Толқы, көгім!!!
Пір алдына жығылып манар басың,
Жалғаншының тәрк еттің харам-насын.
Тақ пен Зілден құтылып,
Дақ пен Кірден,
Нұрмен шайып кеудеңді ағарғасың!
Өтірік пен Жалғанның шабар басын
Қауырсынға айналғай ақ алмасың!
Саған да – ШЫН керек-дүр,
маған да – ШЫН,
Жанардасың, Хан Ием, ағар жасым.
Қауырсынның үстінде серттесейін,
Маған да – СЫН –
Ант пен Серт,
Саған да – СЫН!
Жанұшырған Жүректі Жаудан қорғап,
Күзетейін –
АЛЛАНЫҢ Ақ Ордасын!
ТАМЫРДАҒЫ АЙЫРЫП ӨРТТІ МҰЗДАН,
Суытайық Нұр сеуіп Дертті қызған.
Дертті құлдан –
бұл сырды жасырмайық,
Жасырмайық –
шайтанмен шертті қыздан:
Антты бұзған адамды –
Ант атарын,
Қан татарын қашанда –
Сертті бұзған!
Хош, Хан Ием!
Алла алдан жарылғасын! –
Дәрежеге жеткізгей зарың, жасың.
Қарақан Тау – күллі елат – Байтақ отан
Сенің тұтқан жолыңды қабылдасын!..
Жүрек – Азат болған күн, елат – Азат,
Барлық пенде Иесін сағынғасын.
Сол күн туса,
білемін Отанымның
Бір торғайы үсікке шалынбасын!..
...Ұғындыра бастасам осы жайды,
Түсінбейді жан досым, қарындасым.
Тастады хан – тәж, тағын Құдай үшін,
Қимасың бар қандайлық сенің, досым?
Хаққа қадам бір ірет аттамаған
Сен, ендеше, шайтанның тағындасың.
«Бауырларым сол тақты тастағай!» – деп,
Бұршақ салып тілеймін, ағып жасым!..
Қан құйсақ па?
Құлаққа зар құйсақ па?
Нәр құйсақ па Жүрекке,
бал құйсақ па? –
Бас – көгенде,
аспан бар тас төбеңде,
Бұзамын деп аспанды қарғи шаппа!
Әр тынысың Алланың есебінде,
Іс те, сөз де, амал да – бар қисапта!
Мал жисақ па олжа үшін кешке дейін,
Түске дейін Алла үшін жан қисақ па? –
Шыр айналып келесің Шын-Қазыққа! –
Хаққа берген Антың бар –
Әл-Мисақта!
Шыңыраудан Нұр тартып қауғаңды ұрсаң,
Бақ боп қонад басыңа ауған мың сән.
Жауған мың сан бәлеге тап боласың,
Ғамал қылмай,
дұшпанды сау қалдырсаң.
Тақ та, Бақ та, Отан да – бәрі де опат,
Ақ Ордасын АЛЛАНЫҢ –
Жауға алдырсаң!
Хан да, құл да ғұмырды жылап сүред,
Дәрежесін әлінше қылад сідет*.
Барады өтіп мың жоғын түгендемей,
Берілгені Жалғанда – бір-ақ сүрек.
Сұрақ тіреп алқымнан шыңғыртқанда,
Кімге айтарын білмейді: «Жұбатшы!» – деп.
Жұбататын адамды көрсетейін,
Еремісің соңыма, сұрақшы көп? –
Үлгі қалған Есімдей пірлі ханнан,
Ақ Ордасын күзеткен –
Шырақшы боп!..
...Ханнан да үлгі алмайсың, Пірден де үлгі,
Жегіп қойдың шайтанға Түн мен Күнді.
Мүлдем күлді төбеңе мінген дұшпан,
Мүрдем қылды! –
Сүрін боп іргеңді үрді.
Жан беретін Мүрдеңе сөзді ұқпайсың,
Көрмедің-ау сөзімді ит үрген ғұрлы.
Нұр мен Гүлді өшіріп жүрегіңнен,
Кешіп бара жатырсың кір мен күлді.
____________________
Сідет* – міндет.
Кір мен шаңын жалғанның ылақтырып,
Илхамына Алланың құлақ түріп;
Ақ Ордасын жау алған бауырларға
Дұға қылып, көз жасын бұлап тұрып;
Әулиелер шығып жүр қабірінен,
Ізгі үн шыққан кеудені тұрақ қылып.
Құзғын шыққан көкірек көп болғасын,
Қабірлерге кетеді жылап кіріп.
Шыдай алмай,
түнекке қайта шығып,
Жүректерін жағады шырақ қылып.
Сен – көрмейсің.
Сенбейсің көргеніңмен,
Жүрек – соқыр.
Көзіңде – Сұрақ, Күдік.
Сұрақ, Күдік кемірген қуысыңда
Шайтан отыр –
сөндіріп шырақты үріп.
«Оянбасаң, ұрсын – Серт!
Атсын – Арың!» –
Дей алмаймын! –
Бауырым – шақ шыдарым.
Сені жаудың қалдырмай қапасында,
Шауық*-Ғалам Еліне ап шығамын.
Өз кеудеңді күйттемей,
жарығыңды
Бауырыңның жолына жақшы, жаным.
Сол Жарықтың ізімен жетектеп ап
Адастырмас Киеңе тапсырамын.
Сол Киенің қасында Нұр бар, Пір бар,
Жетіп өлген мекен бар – жақсыларым.
Сол жақсылар жанынан қарсы алады
Сені, мені Хан ием – дат сұрарым!..
Адастырмай ақыры жеткізеді
Қарсы алуға Алланың пәк сынағын –
Өрімдегі мөрлеген Баба-Күмбез
Төріндегі сөнбеген Ақ Шырағым!..
____________________
Шауық* – рухани сағыныш.
Зікір қылып АЛЛАНЫҢ тәтті Есімін,
Хақтың Тағын ақыры тапты Есімің.
Сол Шырақтың түбінде біз де, ендеше,
Пәк несібін татайық, Хақ кесімін.
Аруанадай ыңыранған Ана-дала
Тербетеді Құтыптың* Ақ Бесігін.
Боздап қайтқан өрістен аруаналар
Үн сыйлайды жүрекке. –
Дәру ол алар.
Әзірет Сұлтан күмбезі – шыны-шырақ,
Сабалаған қанатын пәруаналар.
Соқыр болма көрместей сол ғажапты,
Ахмет сәни* шырағын жолға жақты.
Жолда жатты сан ғасыр топырақ боп,
Қазақ Оны қорғады!
Ол – қазақты!
Бар мақсұты Бабаның –
Хақтың Нұрын
Мұхамметке ақырғы* жалғамақ-ты...
____________________
Құтып* – Темірғазық, яки әулиеліктің ең жоғарғы, жетінші сатысы – Қ.А. Ясауи (р.ғ.)-дің дәрежесі.
Ахмет сәни* – күллі Ислам әлемі Қ.А. Ясауи (р.ғ.)-ді Пайғамбардан (с.ғ.с.) соңғы екінші Ахмет деп бағалаған.
«Ақырғы Мұхаммет»* – бұл жерде Ер Мәдінің (ғ.с.) есімі меңзелді.
Босата алмай қыр жатыр төсін шаңнан,
Ол шаң ізі ед індеттің кесір шалған.
Жаһанданған Жаһаннам аузында тұр –
Ескі жолға түскендер Есім салған.
...Сабалайды қанатын бір Ақ Сәуле,
Қырда жанған Көк Күмбез – жесір шамнан.
Аузында тұр ізгілер Жаһаннамның,
Буындырып демі дерт қаһар-малғұн.
Баһарлардың барады бағын өртеп,
Зәһар-шаңы шайтани шаһарлардың.
Зәһарлардың құтысын қиратайық,
Сақтау үшін шырағын татар балдың!
Өзің Жар бол, Жан-АЛЛА!
Жұпар-АЛЛА! –
Зікірім – Сен!
Шүкір бер жұтағанға!
Мұқағанға қайрақ бер һәм қайрат бер,
«Ескі жолын Есімнің» тұта аларға.
Бұты арамға былғатпа құрсағымды,
Нұр шағылды –
кірпігім тұтанарда.
Сол тұтанған жарықтың пәк сәулесін
Таратайық ғаламға – мұхарамға.*
Бай ма, бек пе? –
Қарама қас-қабаққа,
Қарт қонаққа хабар бер, жас талапқа.
Нас табаққа көз сатып жолдан қалып,
Алаң болып жүрмесін басқа баққа!
АҚ ШЫРАҚТЫҢ түбінде Ер МӘДІ тұр –
МАҒДАУИЯТ МАЙДАНЫН бастамаққа!!!
Ол басталса,
тіріліп өлік-ғалам,
Көрік табам –
ғажабын ел ұқпаған.
Шашыраған жолынан гауһарларды
Әшекейлеп аспанға теріп, тағам.
...Беріп маған жатқанда қазынасын,
Періштесін Ғаршының көріп қалам.
Бүтінделіп әйнегі сынық ғалам,
Күн туады Тажалды құрықтаған.
Ер Мәдінің шығады Жүсіптері
Құдықтардан босанып құлыптаған.
Куә болар ма екенмін, шіркін, мен де?! –
Шашады аспан шашу ғып бұлтын желге.
Барлық пұттар қирайды тас-талқан боп,
Жүрек біткен таулардай сілкінгенде*!
___________________
Мұхарам* – фәни-жалған, бұл жерде бүкіл, күллі ғаламға деген мағынада.
*Жоғарыдағы үш шумақта Мұхаммед Иқбал Лаһури (р.ғ.)-дің сыр-сөздеріндегі мағдауият жайлы ишаралар пайдаланылды.
Күн жұтқызып кәусарын, Ай татырып,
Адам біткен анадан қайта туып;
Айта туып «жан-ділде Хай зікірін»,
Шәрбатымен шауықтың шайқатылып;
Шын ғылымға адамзат жолығады,
Толығады мазмұнға сай тақырып.
Кенет кеңіп қазақтың тар тұрағы,
Шарқ ұрады жүрегі, талпынады!
Елден бұрын АҚИҚАТ ТАҢЫН танып,
Шапағына бірінші шарпылады.
Алқынады,
аһ ұрып малтығады,
Адамзатқа жетектеп бал-тұманы.
Қанша ғасыр қан кешкен бейбақ қазақ,
Нұр кешеді сол күні шалқып әлі!
Сарқылады сарқыты сайқалдықтың,
Тексіздіктің теңізі тартылады.
Адамзатты шырмаған зымыян-тор
Тоз-тоз болып құрыйды тамтығы әлі!
Ер Есімдер алысып жеңе алмаған
Сап болады кәуірдің тантығаны!
Шаң-тұманы жоғалып дыюлардың,
Табады иман тағдырым талқыдағы.
Жүректердің жанғанда бар шырағы,
Жұмыртқадай дүние аршылады.
КҮЛЛІ ҒАЛАМ КҮЙРЕМЕЙ ТҮСЕДІ АМАН
КІРПІГІМНЕН ҚҰЛАҒАН ТАМШЫДАҒЫ.
«Айт мейрамын тойлайды СОЛ АҚ ТАҢДА
Жамағаты ЖАББАРДЫҢ Ғаршыдағы»*!
Екі ғалам қосылып мажыра боп,
Адыра ғап кәпірдің кәр-сынағы;
Шаршыға әлі толады кемел дүние,
Һүр, ғылмандар нұр-шыққа малшынады.
Сапарына Ер Мәді аттанғанда,
Реушен боп дариды АҚ ТАҢ ҚАНҒА!
Ақ батасын береді Әзірет Сұлтан
Топырақ боп сан ғасыр жатқан жолда.
Бар әулие-әмбие қолын жайып,
«Бауырларын Расулдің»* баптар жолға.
Пана болып Ғаффар* уа Саттар* жанға,
Хәл береді ХАҚ ЖОЛДЫ ТАПҚАНДАРҒА.
Сақтарда АЛЛА саясын сайламай ма,
Қазинесін Құдайдың ақтарғанға?!
Айтқан қарғыс, атқан оқ дарымайды
Нұр-шарабан таһура* татқандарға.
От бар қанда – өртейтін жәһілдікті,
Кәпірлікті күйретер – оқ бар қолда!
Қарулары Тажалдың қурай құсап
Қурап, шіріп қалады оқпандарда!..
Жас парларда жанардан,
тау-тас балқып,
Құрғап қалған жан бітед ақпарларға.
Мұхит біткен аһ ұрад мадақ айтып,
Толқындарын сапырад шаттанғанда!
____________________
*Бұл екі жол М.И. Лаһуриден алынды.
«Расулдің бауырлары»* – бұл жерде: «...ей, менің ақырдың алдында келетін бауырларым!..» – делінетін Пайғамбарымның (с.ғ.с.) хадисі негізге алынып отыр.
Ғаффар*– АЛЛАНЫҢ Кешіруші сипаты.
Саттар* – Жасырушы, яки перде тұтушы деген сипаты.
Шарабан таһура* – пейіш сусыны.
Сенбеймісің, діл-тейі қатты оқырман? –
Босамады-ау жүрегің тат, қоқымнан.
Хаққа құрбан боздақтар аттанарда,
Тым құрыса, болсайшы атқа тұрман!
Саф-Мақұлдан шапағат күтпесеңіз,
Қандай қайыр – баянсыз, жоққа құлдан?!
Боққа тұлғаң қапшық боп өтемісің,
Кетемісің үлгі алмай көп ғафылдан?..
Жат-жақыннан пайда жоқ.
Зәр-уынан,
Қаруынан пана жоқ от қақырған.
Кек шақырған хайла жоқ дұшпандықтан,
Қаһары ұрса АЛЛАНЫҢ Көк сапырған!..
«Расулдің үн шығып қабірінен»,
Ғайса түсед –
Төртінші Қатта отырған!..
«Ертегі айтпа!..» – деп маған тұтпа кінә,
Пұттарыңа сыйынып таққа құрбан.
Құй, нанбассың сөзіме, құй, нанарсың,
Қиналарсың хабардан зәтте қылған.
Жиналарсың Сапарға сен де, бәлкім,
Иланарсың, іс алып сәтте Ақылдан?..
Сөзіме сен, содан соң көзіңе сен,
Самсап шыққан кім, анау – Ақ шатырдан?..
Ер Есім бар ішінде... елесім бар,
Сардар-Мақсым үні бар көкке атылған!
Құс жолымен аттанбақ САПАРЫНА,
Ер МӘДІНІҢ сарбазы ол – сапта тұрған!..
Бар жүректі басқан соң қара дақ, тат,
Адамзатқа – нәбәдат, жәмәдат* жат.
Пәк ғаламды басты анық бәле қаптап,
Дүлейлікті жеңбессің балағаттап.
Он сегіз мың ғаламды тұншықтырып,
Құрдымына тартуда Қара Батпақ!
Қара Батпақ құрдымды түршіктіріп,
ТАҢ келеді, жамағат, жамалы әппақ!
Жамалы әппақ сол ТАҢДЫ қарсы алады,
Сағым күптеп соқпағын, самал аптап.
Нұрлы соқпақ Мекке мен Мәдинаға
Жеткен шақта, орнайды ҚАҒАНАТ-ТАҚ!
Қағанат, Тақ қасында тұрған ҰЛЫҚ
Адамзатқа сыйлайды сағадат*-бақ!
Ары аттанад Ер МӘДІ Қағанатты
Хазіреті Ғайсаға аманаттап!
____________________
Нәбәдат, жәмәдат* – он сегіз мың ғаламның өлі-тірі бөлшектері.
Сағадат* – бақыт.
Неше ықылым заманда жай таппаған
Байыз табад Жүрек пен Байтақ Ғалам.
Бір-біріне ит қылып Адам ұлын
Ібілістің үні өшед айтақтаған!
Бұл бір СЫР ед –
айтатын иланғанға,
Көкірекке қазына құйған жанға.
Мұндай Шындық өтпейді ешқашанда
Мыйлау мүфти, имансыз имамдарға!
Аққу әнін қай кезде ұғып еді,
Құрсағына қи-боғын жиған қарға?!
Құзғындарды қалдырып күресінге,
Жүресің бе, бауырым? –
Жинал жолға!
Үлесіңде –
АЛЛАНЫҢ Қазынасы,
Жүрегіңде мөрлеулі Иман барда!
Қарайлама жұтқа құл – үй-жан, малға,
Алаңдама – пұтқа құл тирандарға.
Қиғанда АЛЛА –
бір Саған Бар Байлығын,
Қайта түспес қолыңа Сыйдан қалма!
...Арғы жағын айтпаймын...
Айта да алман...
Соңғы Үміті ед Адамның қайта жанған.
Байтақ Ордам алдында – ШЫНЫМ ОСЫ,
Сырым – осы! –
Пәк түнде Ай таранған!
...Ақ сағымда малтыған сарбаздардың
Саптарында тұрған жан жай таба алған...
...Ер Есімнің қолында жанған шырақ
Алдан шығад –
Ай нұрын шайқап әрмән.
...Оян, өлік-ұйқыңнан! –
Тұр қатарға! –
Қалып қойма САПАРДАН! –
Байқа, қарғам!..
Хижраша 1428 (29), Миләди 2008 – доңыз тыпырлап, тышқан тықырлап жатқан тұста, қаңтардың 23-31 жұлдызының арасында хатқа түсті.
Шынжыр қыстағы.
АЙТ-МАН – СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН